Жақсылық пен адамгершіліктің, жауапкершілік пен қажымас еңбектің тізгінін қатар ұстап келе жатқан Қайсар Құсайынұлы – еліміздің тарих ғылымына зор еңбек сіңірген, осы жолда ірі табыстарға қол жеткізген ұлағатты ғалымдардың бірі. Ол алапат соғыс басталар жылдың қарсаңындағы қара күзде Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Ленин орта мектебін үздік тамамдаған ол еңбек жолын “Искра” ауылдық кеңесінде кітапханашы әрі комсомол ұйымының хатшысы болып бастайды.
Білім қуған жас келесі жылы сол кездегі барлық мектеп түлектерінің арманы болған Қазақ мемлекеттік университетіне құжаттарын тапсырады. Қабылдау емтихандарынан сүрінбей өткен ауыл баласы тарих факультетінің студенті атанады. Арасында үш жыл кеңес армиясы қатарындағы азаматтық парызын өтегеннен кейін 1968 жылы университетті үздік бітіріп шығады. Тарих факультеті ғылыми кеңесі шешімімен аспирантураға қабылданады, бірақ отбасылық жағдайына байланысты оқуды күндізгі бөлімде жалғастыра алмайды. Сол жылы Алматы қаласындағы №9 мектеп -интернатына тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі болып орналасады. Екі жылдан соң конкурсқа қатысып, тарих факультеті кафедрасына аға оқытушылық қызметке қабылданады.
1970-1980 жылдардың аралығында Мәскеу мемлекеттік университеті тарих факультетінде академик И.А. Федосовтың жетекшілігімен “Патшалық Ресей кезіндегі Торғай облысының саяси-экономикалық дамуы” (ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басы) тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.
Ғалым осы жылдардан бастап аға оқытушы, доцент, профессор ретінде ғылыми-педагогикалық қызметте өзін тек жағымды жағынын көрсете білген. Жұмысқа деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы арқасында Қайсар Құсайынұлының оқыған дәрістері мен практикалық сабақтары бүгінгі күн талаптарына сай, ғылыми-теориялық және оқу-әдістемелік жағынан тиісті дәрежеде бағаланып келеді. Студенттердің білім мен ғылымға ынталығын арттыру – оқытушының ғылыми әдістемелік шеберлігіне байланысты екені белгілі. Білікті ұстаз бакалавриат пен магистратура бөлімдерінде тарих ғылымының күрделі, әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің саяси, экономикалық мәселелеріне қатысты курстарды қазақ-орыс тілдерінде жүргізіп келеді.
Педагогикалық жүктемелерді жауапкершілікпен орындаумен қатар, Қайсар Құсайынұлы ғылыми-зерттеу жұмыстармен шұғылдануын тоқтатқан емес. Ол Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы қалаларының кітапханаларынан және мұрағаттар қорынан жылдар бойы мол дереккөздер материалдарын жинап, оларды саралай, зерделей отырып, бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Тарихшы ғалымының жазған мақалалары, монографиялары және әдістемелік құралдары оқырман назарына ілініп, үлкен қызығушылық тудыруда. Толымды еңбектері республикалық және ресейлік ғылыми мекемелерде шығатын арнайы жинақтарда жарияланып келеді. Профессор Қайсар Құсайынұлы арнайы шақырумен Астана, Көкшетау және Түркістан шаһарларындағы университеттерде өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда Қазақстан тарихының келелі мәселелері бойынша лекция оқыды, пікір алысты.
Сондай-ақ, Ресейдің Омбы және Түмен қалаларындағы жоғары оқу орындары мамандарымен тығыз байланысын жалғастыруда. Аталған қалалардағы университеттер ұйымдастырған ғылыми форумдар мен конференция материалдары жинағына өз мақалаларын бастырып, жариялауда. Ресейлік ғылыми басылымдар беттерінде қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы мақаласы (“Отечественные архивы”, №1, 2000) және Омбы мемлекеттік университетінің ғылыми жинағында “Коневодство казахов в ХІХ веке” деген зерттеу материалы жарияланды (Ученые записки.., вып.У1. 2011). Алматы, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындары мен колледж ұжымдары дайындап өткізген арнайы семинар, конференция жұмыстарына шақырылды, Қазақстан және Ресей тарихының өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады.
Қайсар Құсайынұлы әрдайым ізденісте жүреді. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы сирек қорларында, мемлекеттік мұрағат қорларында сақталған құжаттармен танысып, шығармашылық жұмыстарын жалғастырып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елімізде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Бұл маңызы зор, елдік мәселеге өзіндік көзқарасы бар маман тарихшы арнайы еңбек жазды, ол жуық арада баспадан жарық көруі тиіс.
Қайсар Құсайынұлы өзінің тарих ғылымының проблемалық мәселелерін зерттеу ісінде академик Әлкей Марғұланның және Петр Галузо, Нәби Дауылбаев, Сұлтан Жантуаров сияқты ғалымдардың бағыт-бағдар бергенін, орыс тарихи мектебінің тарихшы ғалым мамандарынан көп тәлім алғанын жиі айтады. “Кеңестік кезеңде Қазақстан тарихының-отаршылдық жағдайында қазақ шаруашылығы, тұрмысы және кәсібі мен сауда мәселелері бойынша зерттеу жасаған С.Асфендияров, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П.Галузо, М.П.Вяткин, Н.Г. Апполова, И.В.Погорельский, Н.С.Киняпина, В.А.Федоров, И.А.Феодосов және басқа да тарихшы мамандары көп болды. Солардың рухани мұраларына қайта-қайта оралып отырамын”, – дейді ғалым.
Омбы, Санкт-Петербург және М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеттері маман-тарихшыларымен жиі кездесіп, зерттеу мәселесі турасында пікір алысып отырады. Әріптес мамандардың пікір-қолдауын негізге алып жазылған профессордың еңбектері Халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар материалдары жинағында жариялануда.
Ол Е.Бекмаханов атындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда баяндама жасады, “Отан тарихы”, “Ақиқат”, “Мысль”, “Қазақстан тарихы”, “История Казахстана”, және басқа да республикалық газет-журналдарда ғылыми-зерттеу мақалалары жарияланған. Қазақстан тарихына қосымша оқу құралының авторы болды. Баспадан оннан астам кітаптары мен оқу-әдістемелік құралдары, екі жүзге жуық ғылыми-көпшілік мақаласы жарық көрді. Айтар болсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлиханов жайында алғашқы рет мұрағат құжаттары негізінде “Ожог сердца (слово о Чокане)” мақаласы республикалық орталық газетте жарық көрді. Кенесары Қасымұлына арналған мақалалары республикалық ғылыми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жарияланды. Сонымен қатар, “Халық кеңесі” газетіндегі: “Кешегі өткен Кенекең…” атты мақаласы оқырман мен ғалымдар арасында қызығушылық пен қолдау тапты. Он бес жыл бойы арнайы ғылыми кеңес мүшесі ретінде ондаған тарих ғылымдарының кандидаттарын даярлау ісіне атсалысты. Қайсар Құсайынұлы Абай атындағы ҚазҰПУ-де, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетінде және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде студенттер мен аспиранттарға дәріс оқып, жас ұрпақтың бойында еліне, Қазақстан халқына деген сүйіспеншілік сезім қалыптастыру ісіне зор мән беріп, жастар тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келеді. Әсіресе, Елбасы жүргізіп отырған жастар саясатының бағыт-бағдарын, маңызын ашып түсіндіріп, мақсатты бағдарламалар іске асырылып жатқанына мән беріп, студенттер аудиториясында қызықты кездесулер өткізуден жалыққан емес. Ол жастар ортасында, қазақ халқының батыр ұл-қыздары, ақын-жазушылары және көрнекті ғалым, қоғам қайраткерлерінің жасаған ерлік істері мен өмір өнегесі турасында әңгімелер айтып, өскелең ұрпақ танымын және тағылымын байытуда аянбай еңбек етумен жақсы танымал.
Қайсар Құсайынұлы – ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әке, сүйікті жар. Роза жеңгей жоғары білікті дәрігер, көп жылдар бойы денсаулық мекемелерінде қызмет етті, бүгінде құрметті демалыста. Олар – екі ұлынан бес немере сүйген ата-әже. Ғылымда да, өмірде де жолы болған Қайсар Құсайынұлы, шынында да, бақытты жан. Ол бүгіндері адами кемелдіктің шыңына шығып, отандық тарихшылардың абыз-ақсақалына айналып отыр. Оның қазақ білімі мен ғылымына сіңірген адал еңбегі, ұлтжанды, патриоттық сезімі – жас тарихшылар үшін үлгі-өнеге. Жалпы тарихшылар қауымы Қайсар ағаның ортасы да, өзі де текті екенін, ұлтжанды, шын патриот, ғұлама-ғалым, зор бақыт қонған абзал азамат екенін жақсы біледі.
“Алар асуы алда” деп алдарқатпай, ол кісінің нақты алдына қойған мақсаты мен жоспар құрып жасап жатқан ісіне байланысты айтуға болады. Сол “ісі” – ақиық ақын Мағжан атамызды зерттеу ынтасы. Оның “Простор” журналында “История в понимании Магжана Жумабаева” деген көлемді зерттеуі жарық көрді. Бұл – Мағжан атамызды тарихи тұрғыдан зерттеуінің кіріспесі іспетті еңбек болатын. Ендеше бұл саладағы толымды туындылары әлі алда. Бір ағамыз бір атамызды зерттеп, тарих топырағынан тазалап, жарқыратып жарыққа шығарып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Ондаған жылдар еліміздің жоғары оқу орындарында ғалым ретінде ұстаздық еткен Қайсар Құсайынұлы білікті мамандарды даярлау ісіндегі еңбегі еленген, бірнеше марапат иесі атанған, ол – ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі. Шығармашылық күш-қуаты кемелденген ағамыздың ғылым жолындағы алдағы еңбектері жемісті болары сөзсіз деп сенеміз.
Бүркіт БЕКМАҒАНБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері.