«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТҚА ТОЛЫ

Халықтың басына қасірет болып төнген соғыс жылдары бірнеше ондаған ұлттар мен ұлыстардан құрылған жауынгерлердің тілі басқа болса да – тілегі бір, жүзі басқа болса да – жүрегі бір болып, баршасы жұдырықтай жұмылып, жауды жеңді. Ал тылда қалғандар Жеңіс күнін жақындатуға әр күн маңдай терін төгіп, ер-азаматтардың аман-есен елге оралуы үшін қажымай еңбек етті. Осылайша Жеңіс туы Берлиндегі Рейхстагтің төбесінде желбірейтін күн де келіп жетті. Сол жылдары жауынгердің шинелі мен етігін киіп, Қазақстаннан Еуропаға жол тартқандардың бірі бүгінгі Кішкенекөл ауылының тұрғыны Арын Исақаев ақсақал болатын.

Арын Сәкенұлы 1927 жылы бұрынғы Қызылту ауданындағы 5-ші декабрь аталған ұжымшарда дүниеге келіпті. Заманның ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген оның балалық шағынан айтылар әңгіме көңіл көтере қоймайды. Ол бала күнінен қатарының алды болуға тырысып, оқуға қызығушылығын танытып, бір жерден екінші мектепке ауысып жүріп, бүгінгі Кішкенекөл ауылындағы орта мектепті тамамдаған. Арын ақсақал: “Мен 14 жасқа қарағанда соғыс басталды. Әскер қатарына сұранғанмен, жасым толмады. Үлкендер біздің пайдамызды еңбек майданында көргісі келді. Сондықтан соғыс жылдарының балалары жұмысқа ерте араластық. Әсіресе, шөп шабуға жәрдемдесіп, егін орағы науқанында өгіз айдадық”, – деп өткен күндерді еске алады.

Ол 17 жасқа толған бойда әскер қатарына сұранып, тыл даласында жүрген туған-туыстарымен, жора-жолдастарымен қош айтысып, әскери дайындықтан өтуге Саратов маңындағы жорық штабына аттанады. Ол жердегі үш айлық әскери жаттығулар Москва түбіне орналасқан әскери бөлімде жалғасып, жас жігітке кіші сержант шені беріледі. 1944 жылдың тамыз айында ол өзі қатарлас жауынгерлермен бірге Румыния мемлекетінің аумағында неміс басқыншыларына соққы беріп жатқан ІІ Украин майданына қосылып, бірнеше ұрысқа қатысады. Қатты бір шайқаста Арын ақсақал аяғынан жарақат алып, Николаев қаласындағы госпитальға жөнелтіледі. Ем-дом қабылдап, беті бері қараған кезде жауынгердің әлі де бала екенін көрген әскери аурухана басшысы оған аяушылықпен қарап, 10 күндік демалыс беріп, ауылына жібереді.

Бұл 1944 жылдың қарашасы болып қалған кез. Сол жолғы оқиғаны еске алған ақсақал: “Сол демалысқа келген уақытта, бір қызбен көңіліміз жарасып, сөз байласып қайттым”, – дейді күліп.

Ол қайтадан майдан даласына аттанып бара жатқанда Көкшетау қаласындағы медициналық байқаудан өткен кезде ондағы комиссия жарақаттан толық айықпаған жас жігітті соғыс даласына аттандырмау туралы шешім шығарады. Оған Теміртау қаласында салынып жатқан металлургия комбинатына жолдама беріледі. Онда Арын Сәкенұлы қарулы вахталық күзеттің қарауыл басшысы болып тағайындалады. Бұл қызметті абыроймен атқарып жүрген оны 1945 жылдың желтоқсан айында Қауіпсіздік комитетіне қызметке шақыртады. Арын Исақаев одан кейін аудандық қаржы бөлімінің салық жинау жөніндегі аға есепші, аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін абыройлы атқарады. Сондай-ақ, ол 1963-1985 жылдар аралығында аудандық кеңестің депутаты, аудандық атқару комитетінің мүшесі болған. Сондағы көңілі жарасқан бойжеткенге үйленіп, екі ұл мен үш қыз өсірді. Бүгінде ұрпағының ортасында көңілі шалқып отырған ақсақалдың 13 немере-жиеннен тараған шөбере-жиеншарлары бар.

Айтулы мерекелерде салтанатты киініп шыққан Арын Исақаевтің кеудесінде Еңбек Қызыл Ту ордені, “Еңбек озаты”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медальдары және Ұлы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65 жылдығына арналған мерекелік медальдары жарқырайды. 90-ға таяған қарттың болашаққа айтар тілегі – елдегі тыныштық пен халықтың ауқатты өмірі. Біз де ардақты ардагерлеріміздің ортамызда ұзақ жыл жүргенін тілейміз.

Сарман АЯЗБЕКОВ,

Кішкенекөл ауылының тұрғыны.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp