Есіл ауданындағы Асқар Игібаев атындағы орта мектепте 30 жылдан астам уақыттан бері ұстаздық етіп келе жатқан Галина Балажентис қазақ тілін білуді – әр қазақстандықтың парызы деп түсінеді.
Анасы – поляк, әкесі – литвалық Галина Балажентис Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол оқушыларға орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен сабақ береді.
Галинаның қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түскеннен кейін оянған.
«Бірінші курс студенттерін Қостанай облысына картоп жинауға жіберді. Күн сайын таңғы алтыда жоғары курстың студенті Ұлболсын бізді: «Қыздар, тұрыңдар!» деген сөзбен оятушы еді. Бұл – мен үйренген қазақ тіліндегі алғашқы сөз тіркесі. Университет оқытушысы Асылбек Тасымов бірде маған: «Ертең түскі асқа дейін қазақша 100-ге дейін санап үйрен» деп қатаң талап қойды. Бұл тапсырманы орындауыма курстастарым көп көмектесті. Бірінші емтиханды «өте жақсы» деген бағаға тапсырдым», – дейді ол.
Кейіпкеріміз 2019 жылы 51 жасында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжге оқуға түседі. Екі жылдан кейін қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шыққан.
«Қазақ тілін үйренуге деген құлшынысымның оянуына белгілі жазушы Құрманбай Толыбаевтың шығармалары да әсер етті. Қазақ классиктерінің шығармаларын тұпнұсқада оқығанға не жетсін? Біздің үйде қазақ тіліндегі әдеби кітаптар көп болды. Әсіресе әңгімелерді оқығанды жаным сүйетін. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Абайдың «Қара сөздерін» өскелең ұрпақ күн сайын оқуы керек деп ойлаймын. Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы романтикалық сарында шалқыған шабытпен, поэзиялық құдіретті қуатпен жазылған. Бұл поэманы оқығанда мені ақынның шеберлігі таңғалдырады», – дейді ол.
Галина Балажентис бос уақытын асханада өткізгенді жақсы көреді. Қазақтың ұлттық тағамы – ет асып, бүйрек пісіреді. Алдағы уақытта ол құрт пен жент тағамдарын әзірлеп үйренбекші.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».