«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІП ҚАЙДАН, ҚАТЕР НЕДЕН?

Жақында Батыс Қазақстан облысында тұратын бір жасөспірімнің өгей анасы мен оның бүлдіршін қызын айуандықпен өлтіргенін бұқаралық ақпарат құралдары шошына таратып, бұл жайсыз оқиғаны ғаламтор да ұлардай шулап, жеткізді. Естігенде жағаңды ұстайтын осындай ауыр қылмыс біздің өңірімізде кездеспегенімен, сәт сайын орын алатын жасөспірімдердің құқық бұзушылығымен тәртіп сақшылары талмай күрессе де, мұндай мәселелер күн тәртібінен түспей тұр.

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Несівелді Жәнібековаға хабарласқанымызда ол өткен жылы сот жүз қырықтан аса жасөспірімдерге қатысты қылмыстық іс қарағанын айтты. Отыз алты үкім шығарылып, он алты жасөспірім Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айрылған. Өмірдің ақ-қарасына әлі де қанықпаған, мақсат-мүддесін толық айқындай алмай жүрген жеткіншектер неге қылмысқа барады? Болашаққа алаңдаушылық білдірген кез келген адам осы сұраққа жауап іздейтіні белгілі.

Сот қызметкерлерінің істі болған жеткіншектерге жасаған сараптамаларының көрсеткіші төмендегідей. Қылмысқа баратындардың дені 16-17 жас аралығында болса, олардың арасында мектепке бармайтын балалар да, жастайынан жетімдіктің қамытын киіп, Балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген, толық отбасында өмір сүріп жатқан жасөспірімдер де кездеседі. Толық деген атауы ғана болмаса, ұрыс-жан-жалдан көз ашпайтын ата-аналары өздерінің іс-әрекеттерімен балаларын қылмысқа итермелейтінін көп жағдайда сезінбейді. Жасөспірімдердің құқық бұзу әрекеттеріне қатысты мәнді мәліметтерді ешқандай мекеме шымбайға тиетін шындықтың сырын ашуға талпынған журналистер қауымына бермейді. Мәселенің мәнісіне түбегейлі үңіле алмасақ та, көз алдымызда көбелекше көлбеңдеген жеткіншектердің өмірімен таныстыруға тырысып көрелік.

Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Динара Мұғжанованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында адам өлтіру қылмысы тіркелмеген.

– Біз кәмелетке толмаған балаларды жіті қадағалап, бақылауда ұстаймыз. Олардың қылмыстың ауыр және жеңіл түрлеріне, құқық бұзушылыққа бой ұруын болдырмау мақсатында түнгі және кешкі уақыттарда рейдтерді жиі өткізіп тұрамыз. Өткен жылы ересек адамдардың бақылауынсыз кешкілік уақытта көше кезіп жүрген 18 жасқа толмаған 2054 жеткіншек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алты жасөспірім “Тәрбиесі қиын” балаларға арналған мамандандырылған мектептерге жіберілді. Беймезгіл уақытта кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына жібергендері үшін 24 мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дей келе ол өткен жылы тіркелген қылмыстардың саны 2013 жылмен салыстырғанда 23 пайызға төмендегенін айтты.

Түрлі тәртіпсіздіктерге бой алдырып, қоғамға қауіпті қылмыскер атанған жеткіншектердің теріс әрекеттерін әшкерелеуді емес, керісінше, алдын алуды, болдырмауды негізгі міндеті санайтын аталмыш басқарма олардың құқық бұзушылығына жол бермеу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізуді үрдіске айналдырған.

– Біз мүдделі мемлекеттік мекемелермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп түрлі жиындарды ұйымдастырып отырамыз. Өткен жылы облыстағы оқу мекемелерінде 4312 дәріс өтті. “Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік”, “Мектепке – жол”, “Үй ішіндегі жайлылық”, “Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ”, “Түнгі қаладағы балалар” сынды бірқатар шараларды облыстық білім басқармасы және денсаулық сақтау департаментімен, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының өкілдерімен бірлесе жүзеге асырдық. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ, – деген Динара Айдарханқызы жасөспірімдердің аталмыш мәселеге әлі де болса байыптылықпен қарамайтындығын, осы себептен бұзақылықтың арты ауыр қылмысқа ұласып, ойын балаларының ойынынан от шығып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, облысымыздағы көңіл көншітпей тұрған ахуалдың себебін бауыр еті – балаларын тәрбиелеуге, оқытуға жеткілікті көңіл бөлмейтін кейбір ата-аналардың төңірегінен де іздеген жөн.

 

ҒАЛАМТОР, ӘЛДЕ БАЛАНЫҢ БЕТІН ҚАҚПАҒАН АТА-АНА КІНӘЛІ МЕ?

Жұмысбасты ата-аналардың балаларының тәрбиесіне жүрдім-бардым қарап, көңіл аудармауы жағдайдың жақсы арнаға бұрылмауына әсер етеді. Олардың жіті қадағалауға уақыттары аздығынан “әй дейтін әже, қой дейтін қожасы” жоқ жеткіншек бос уақытының жақсы өтуін ойлайтынын, сөйтіп, ақшасы барлары ойынханаларды, қалтасы жұқалары көше кезетіндерін жасырмады. Бұған бұғанасы қатпаған балалардың тәртібіне селқостық танытқан ата-аналардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Сәбира Жеңісқызы:

– Жұбайымыз екеуміз жұмыстамыз. Екі баламыз бар. Бірі бастауыш сыныпта оқыса, екіншісі балабақшаға барады. Үлкен ұлымыздың сабақ оқуына, сапалы білім алуына қолымыздан келгенше бар жағдайды жасауға тырысып бағудамыз. Бірде сынып жетекшісі баламның тәртібінің нашарлап кеткенін айтып, шағымданды. Алғашында мән бермедік. Араға бір апта салмай парталасын соққыға жыққанын айтып, ұстазы қайта хабарласты. Ұлымыздан бұлай істеуінің себебін сұрағанымызда: “Ғаламтордан көрген баланың әрекетін қайталап көрдім”, – деп міз бақпай жауап беріп тұр. Сол кезден бастап ғаламторды пайдалануды шектедік, – дейді.

Төрткүл дүниені көз алдымызға әкелген көгілдір экран балаға қалай ұрлаудың, тонаудың, зорлық-зомбылық жасап, қоқан-лоқы көрсетудің, әлімжеттік танытудың қыр-сырын үйретіп жатқандығы – бүкпесіз шындық.

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ДЕ САНАСЫН  

ТҰРМЫС БИЛЕЙДІ

Психологтердің айтуынша, жасөспірімдер құқық бұзушылығының тағы бір себебі, отбасылардың әлеуметтік жағынан аз қамтылуы болып отыр. Ауқатты отбасында тәрбиеленген бала мен қара суын қайғымен ішетін жеткіншектің ойлауы, өмірге деген көзқарасы алуан түрлі. “Аш бала тоқ баламен ойнамайды” дегендей, отбасылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік те баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Қатарластарынан кем болмай, әдемі киініп, дәмді тамақтануды қалаған жеткіншек өзі ойлағанына қол жеткізу үшін тағы да ұрлық-қарлықтың, айла-шарғының ауылына асығады. Шағын дүкендердің сөрелерінде көздің жауын алып, қазқатар тізілген заттарды сөмкелеріне сүңгітіп жіберуді ойлайды. Қожайындарының үйде жоқтығын пайдаланып, пәтерлер мен жеке үйлерге түседі, ондағы бағалы заттарды, құнды дүниелерді, тәтті тағамдарды қолды қылады. Осылайша өз қажеттіліктерін маңдай тер, еткен еңбектерімен өтедім деп жүргенде мұндай лас әрекеттерге бойының да, ойының да қалай үйренісіп қалғанын сезбейді. Сөйтіп, мына өмірдің бұлыңғыр, тұманды тұстарынан бейхабар адал бала қылмыстың қазылған орына түсіп, оңбай жығылады, – дейді психологтер.  

Жақсылық пен жамандықтың, әділет пен сатқындықтың, өмірдің ақ пен қарасының аражігін ажырата алмай, толыққанды пісіп-жетілмеген жеткіншек түрмеге тоғытылса, одан кейінгі өмірінің қалыпты жағдайға түсіп, жақсылыққа бағытталатынына кім кепілдік бере алады?

Динара Мұғжанованың айтуынша, үстіміздегі жылы облыс аудандарының бірінде Ж. К. есімді жасөспірім қылмыс үстінде ұсталған. Кәмелетке толмаған жеткіншек жалғызбасты кейуананың үйде жоқтығын пайдаланып, оның тірнектеп жинаған бар ақшасын үптеп кеткен. Оңай олжаға кенелген жеткіншек қолды қылған ақшаға азық-түлік сатып алып, қалғанын анасына берген. Кәмелетке толмаған ұлының бұл әрекетінің астарында қандай сұмдық жатқанын аңғарса да, анасы алаңдаушылық білдірмеген.

 

 

ТӘРБИЕ НЕГІЗІ – МЕКТЕПТЕ

“Бәрі тәрбиеге байланысты” деп топшылайтын қарт кісілердің сөзі осы тұста айтылатын секілді.  

Тәлім мен білімді оқушының бойына қатар сіңіруге тиіс ұстаздарға зор міндет жүктелетіні анық. Ұлағатты жандармен қатар мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне, құқық бұзушылығына жауап беретін мектеп инспекторларының да атқарар ісі, көтерер жүгі жеңіл емес.

Бүгінде өңіріміздегі 78 мектепте инспекторлар жұмыс істесе, олардың 35-і – аудандардағы білім ошақтарында. Облысымызда барлығы 547 мектеп болса, түгелі дерлік инспекторлармен қамтылмағанын байқауға болады. Осыдан оқушылар бойына құқықтық тәрбие қалыптастыратын жандардың орнын ауылдардағы учаскелік полицейлер алмастыруда. Сонымен қатар, баланың тәртібіне әлеуметтік педагогтер мен психологтер де жұмылдырылған. Олар мінезі “қиын” балаларды есепке алып, олармен жүйелі жұмыс жүргiзеді.

Аталмыш мәселеде кез келген білім ордасы өздеріне шаң жуытпасы анық. Сұмдық оқиғалар орын алып жатса да, оларды бүркемелеп, жұртшылықтан жасырып қалуға тырысатындары да кездеседі. Мұндай сорақылықты жоққа шығара алмаймыз. Бұрын-соңды кездеспеген, орын алмайды деп өз-өзімізді сендірсек те, балғын спортшыларды тәрбиелейтін Петропавлдағы спорт мектеп-интернатында болған жаға ұстатар жағдайға қалай атүсті қарай аламыз? Сіз болып, біз болып ойланып көрейікші.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Коллажды жасаған

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp