«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҢҒЫБАСТАР

Үй-күйінен айрылып, көшеде қаңғып қалғандардың әлегі аз емес екенін күн сайын оларды жиып-теріп жүретін полицейлер жақсы біледі. Тәртіп сақшылары бүгін де тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды қабылдап-тарату орнына жеткізу үшін алакеуімнен атқа қонды. Олармен ілесіп, біз де жолға шықтық. Полиция майоры Әділ Қайредденов қаңғыбастардың кісі аяғы сиремейтін жерлерде көп жүретінін айтып, алдымен вокзал жақты бетке алды. Шынымен де, киерге киімі, ішерге асы жоқ жүдеп-жадағандардың көпшілігі осы маңды торуылдайды екен. Бірінші болып полицейлердің назарына орта жастағы азамат ілікті. Таң жаңа ғана атса да, “жұтып” алыпты. Есімім Бейбіт деді. Ол өзінің айтуынша, Аққайың ауданынан облыс орталығына досымен бірге жұмыс іздеп келіпті. Досынан көз жазып қалғаннан кейін құжаттарынан да айрылып, осындай жағдайға тап болған. “Бомж” іс-шарасы аясында қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін полицейлер Бейбітті қабылдап-тарату орнына жеткізді. Тәртіп бойынша бұл жерде Бейбіттің саусақ іздері алынып, бейнетіркеу жүргізіледі, одан кейін бұл мәліметтер ішкі істер департаментінің арнайы қорына жіберіледі екен.

Кешікпей қабылдап-тарату орталығына тағы екі жігіт жеткізілді. Бұлар да ескі таныстар: Александр Лукин – Мамлют ауданының тумасы, ал Степанның лақап аты – “Сыған”. “Бұлар тек ертемен қолға түскендер, ал кешке дейін қабылдап-тарату орталығы лық толады”, – дейді Әділ Нарыбайұлы. Бір күнде 25-30 қаңғыбас жеткізіледі екен. Тәртіп сақшыларына вокзалдан бөлек, олардың тұрақты мекеніне айналған 20-дан астам орын белгілі.  

Алдымен Бейбітті әңгімеге тарттық. Өзінің ағайын-туғандары көп екенін алға тартқан ол тегін жазбауымызды сұрады.

– Әйелім орыс еді, жалғыз қызым бар. Әпкелерімен бірге Ресейге көшіп кетті, мен туған жерімді қимай, осы жақта жалғыз өзім қалып қойдым, – деп бастады әңгімесін ол.

“Ащы суға” да кет әрі еместігін айтты. – Құрдастарымның бәрі де балалы-шағалы. Жасым 50-ге таяды. Бар өмірім зая кеткеніне, әрине, өкінемін.

Бейбіттің бір әке-шешеден бірге туған бауырлары жоқ емес. Жанашыр әпкелері де бар, бірақ тентектігімен оларға жақпай қалады екен. “Өз үйің, балаларың, Құдай қосқан қосағың болғанға не жетсін?!” – дейді. Тәртіп сақшылары мұндай адамдарды қабылдап-тарату орнында бір айға жуық ұстайды. Бұл жерден шыққаннан кейін Бейбіт ауылға барып, жұмыс істеуге, көше кезуді доғарып, жиіркенішті кәсіптен қол үземін деп бізге уәдесін берді. Бірақ тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндағылардың бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, осындай уәж айтқанымен, айналып келгенде мұның бәрі бос сөз болып шығады екен.

Он жылдан бері қабылдап-тарату орнына үзбей “қонақ” болып тұратын “Сыған”, яғни Степан Бейбіт сияқты ағынан жарылған жоқ. Үсті-басы алба-жұлба. “Вокзалда такси жүргізушілері тиын-тебен ұстататындықтан жүремін”, – деді.

Полицейлер Степанның ағалары нашар тұрмайтынын айтқан. Қаңғыбастық оның қанына сіңген, туғандарының үйінде көп болса бір ай ғана жүреді екен. Кейін бұрынғы дағдысымен қайтадан көше кезіп кетеді. Өмірдің ауыр жолында Степанның осылайша үйсіз-күйсіз жүргеніне он жылдың жүзі болыпты. Қоқыс ақтарып, жылу құбырларын паналаудан шаршаған сыңайы көрінбейді. Өйткені, таңдауы осы, ағайын-туғанының жылы үйінен суық даланы артық көреді. Тәртіп сақшыларының деректеріне сүйенсек, қаңғыбастар қыстың аязды күндері мен жаздың аптап ыстықтарына әрі кетсе бес жыл ғана төзеді екен. Ал Степан соның бәріне көндігіп алған сияқты. Полицейлер “жаны сірі екен”, – дейді.

Мамлют ауданының байырғы тұрғыны Александр Лукиннің де бүгінгі халі өте мүшкіл. Жасы 57-де, зайыбының дәм-тұзы осыдан бес жыл бұрын таусылыпты. Өмір бойы бір перзентке зар болған Александр әйелі қайтыс болғаннан бері жалғыздықтың ащы дәмін тартуда. Өзінен туған бала болмаған соң іштегі мұң-шерін жиі-жиі “ащы сумен” басудың аяғы оны қаңғыбас атандырды. Александрдың басқаларға қарағанда бой-басы таза, “Жұмыстың жоқтығынан жүдеп, қайыршылардың санатына қосылдым”, – дейді өзі.

Облыстық ішкі істер департаментінің дерегінше, бүгінгі күні өңірімізде үйсіз-күйсіз жүрген 300-ге тарта адам бар екен. Солардың 70-ке жуығы – әйелдер, ал 200-ден астамы – бұрын істі болып, жазасын өтеп келгендер. Тіркеуде тұрған тұрақты мекенжайы жоқ азаматтардың 40-қа жуығы – өз бауырларымыз. Бұл да ойландырар жай. Тепсе темір үзетін қазақтың жігіттері, міне, осылайша өмірдің қиындығына қайрат көрсете алмай, қаңғыбастардың қатарын көбейтіп жатыр.

Қабылдап-тарату орнына жапсарлас орналасқан бейімдеу орталығы бар болғаны 40 адамға шақталған. Қазіргі күні ол жерде де 70-80 қаңғыбас тұрып жатыр. “Сондықтан мұнда әкелінгендердің бәрін бірдей бейімдеу орталығына жібере алмаймыз, толықтай жеке басы тексерілгеннен кейін босатамыз”, – дейді Әділ Қайредденов. Олар шыға сала бір үзім нан тауып жеудің қамымен көше аралап, бұрынғы кәсіптеріне оралады. Былтырғы қыста 31 қаңғыбас үсіп өліпті, аяқ-қолынан айрылғандар да аз емес.

Көше кезгендердің ішінде қоғамға қауіпті тұлғалар да бар екенін тәртіп сақшылары жоққа шығармайды. Биыл олардың қатысуымен жасалған 210 қылмыс ашылыпты. Арнайы рейдтік және алдын алу шаралары барысында қаңғыбастардың арасында жүрген іздеудегі 11 күдікті ұсталыпты. Полицейлер ұшты-күйлі жоғалғандар тізіміне енген 6 азаматты да тұрақты мекенжайы жоқтардың қатарынан тапқан.

Қаңғыбастардың арасында бірін-бірі өлтіріп, күнә арқалайтындары да бар. Жақында ғана екі қаңғыбас бір бөтелке арақты бөлісіп ішкеннен кейін сөзге келіп, жанжалдасқан. Бірі екіншісін ауыр затпен басынан ұрып, о дүниеге аттандырып, құдықтың ішіне лақтырып кеткен. Жәбірленушінің мүрдесін полицейлер түрлі қылмыстардың алдын алуға бағытталған шара барысында тауып алды.

Бұл өмір – сынақ алаңы, қиындықтар кімді де болсын аттаған сайын аяқтан шалып жатады. Соларға қарсы тұра алмағандар, міне, осылайша өмірде басын тауға да, тасқа да соғып, иттірліктің жетегінде кетеді.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp