«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРҚОРҒА ҚҰМАРТУДЫҢ ТҮБІ — ҚОРЛЫҚ

Ауыл кішігірім болса, балалар үлкен-кіші деп бөлінбей, кешқұрымда бәрі орталыққа жиналатыны белгілі ғой. Біреулері доп тепсе, келесілері әңгіме шертеді. Кешкі асты ішкен соң мен де сонда тартатынмын. Бірде ауылға қаланың баласы келіп, ойын соңындағы балаларға теріс қылығын үйретті. Өзімен бірге қаладан қорқор әкеп, көпшілікті көк түтінге құмар қылды. Шылымның түтінінен қашатын мен қорқорды тартпақ түгіл, қасына жоламадым. Ал қасымдағы балалар болса, оны рақаттана кеп тартқанын-ай!

Баяғыда бұл қорқордың бар екендігін тек теледидардан ғана көруші едік. Шығыс әміршілері ғана тартатын қол жетпес құнды дүние деп ойлайтынмын. Бүгіндері оны қаланың көңіл көтеру орындарынан көруге болады. Оны ұсынғандар көпшіліктің денсаулығын ойлап отырған жоқ. Құлқынның қамы да. Жалпы қорқорды сатқан адам, шынымен, жақсы пайда табады. Бұған қаланың кейбір қорқор ұсынылатын орындарын аралап шыққанымнан кейін көзім жетті. Дәмінің түр-түрі болғандықтан, ең арзан қорқорды тартудың бір сағаты үш мың теңге. Қымбат болса да, оны шегуші жастардың қарасы қалың. Олардың қорқорға осынша құмарлығының себебін оны әзірлеуші мамандардан сұрасам, түтінді будақтатқан адам әжептәуір демалып, рақаттанып қалатын көрінеді. Яғни, адамға темекі сияқты әсер етеді. Алайда, жастар жағы шылымның зиянды екенін мойындаса да, қорқордан ондай қауіп-қатерді күтпейді.

Мамандар қорқор туберкулез, зең, сары ауру және басқа түрлі инфекциялық ауруларды тарату көзі екенін анықтаған. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 21, 159-баптарына сәйкес қорқорды қоғамдық орындарда тартуға тыйым салатын қаулысы шықса да, қорқор бизнесі әлі де түбегейлі жойылған жоқ. Әлемнің дамыған мемлекеттері әлдеқашан бас тартқан қорқор біздің нарықтан қашан ысырылып шықпақ? Онымен көп болып күреспейінше, бұл мәселе шешімін таяу уақытта таба қоймас.

Өңірімізде бірнеше қоғамдық тамақтану орны бар. Оған түнгі клуб, дәмхана, мейрамханалар да кіреді. Басым көпшілігінде қорқор құралдары бары анық. Арнайы қорқор ғана ұсынылатын орындар да жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында аталған бәлені қайнатып дайындайтын 3-4 адам бар. Осыдан-ақ, оның қаншама жастың санасы мен денсаулығын улап жатқанын аңғаруға болады. Сондай-ақ, дүкен сөрелерінде тұрған қорқор тартуға арналған құрылғыларды бір-біріне бағалы сыйлық ретінде ұсынуды да жастар сәнге айналдырғаны жасырын емес. Сондықтан қорқор құралы кей солтүстікқазақстандықтардың үйлерінен де табылары анық.

Қазір шетелдік мамандар кәдімгі шылымда 0,8 никотин болса, қорқор шегуге арналған қоспада 6,25 мг. никотин болатынын айтып, дабыл қағуда. Британ дәрігерлері бір жұтым қорқор түтінінен келетін зиянды 100 рет шылым шегумен теңестірген. Бұл никотинге тәуелділікті тудырып қана қоймай, ағзаға түрлі инфекциялардың тарауына да себепші болады. Қалай айтсақ та, қорқор тарту жақсылықтың белгісі емес. Оның спирттік ішімдіктерді пайдалану арқылы жасалған түрлері миға есірткідей әсер етіп, адамды мас қылады. Осыған үйреніп алған адамда қорқорға деген тәуелділік пайда болады.

Облыс орталығының бір қорқор ұсынылатын орнына барып, оны әзірлеп тұрған жігітке “Аталған бәленің зиянын білесің бе?” деп сұрағанымда, ол: “Білемін. Бірақ таңдау әркімнің өз еркінде ғой”, – деп, бір мырс етті. Одан күніне қорқорды қанша рет дайындайтындығын сұрап едім, үнсіз қалды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp