«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС БАТЫРДЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

Айыртау ауданы – қазақтың әншілік, ақындық өнерін құстың қос қанатындай тең ұстап, үлкен атақ пен абыройға ие болған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай сынды қырандар, ғылым мен білімнің шамшырағы – Шоқан Уәлиханов сияқты дүлдүл дүниеге келген қасиетті аймақ. Жуырда тарихи-мәдени ескерткіштерге бай киелі жерді аралап қайтудың сәті түсті.

Шынында да, Айыртау – атақты Шалқар және Имантау көлдері маңындағы қарағай-қайыңы жайқалған, жұпар ауасымен танымал аудан. Сырымбет тауының етегіндегі Шоқан Уәлиханов мұражайы, Айғаным қонысы, сәл әріректегі халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық ескерткіш өткен тарихымыздың куәсіне айналған.
Саумалкөлде бізді қарсы алған аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері “Қарасай-Ағынтай” мемориалдық кешеніне бастап барды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан құрылған “Қасиетті Қазақстан” ғылыми-зерттеу орталығы “Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары” жобасына еліміздің ерекше табиғат нысандары, археологиялық және сәулеттік ескерткіштер, діни нысандар мен киелі орындары енгізілгені белгілі. Бұл тізімге аудан аумағында орналасқан “Қарасай-Ағынтай” мемориалдық кешенінің енгенін айыртаулықтар мақтан тұтады. Ішкі туризмнің тартымдылығын арттыруда және жас буынды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде қасиетті орынның маңызы ерекше.
Мақсатты жерімізге жеткенде мемориалдық кешеннің директоры әрі шырақшысы Самиддин Омаров қарсы алды.
– Тарихта есімдері алтын әріптермен жазылып қалған жаужүрек бабаларымызды ұлықтап, танып-білу, жаугершілік уақыттағы олардың ерлік істері арқылы жас буынның бойында отаншылдық қасиет­терді қалыптастыруды өзіме па­рыз санаймын. Біздің аталарымыз ұш­қан құстың қанаты талып, жү­гір­ген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жерді ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағы үшін ат үс­тінен түспеді. Бұл байлыққа сұқтан­ған жауға ұлтарақтай жерді де бер­мей, ұрпағына мирас етті. Солар­дың арасында жауды атақоныстан әрі түре қуған Қарасай мен Ағын­тай білекті батырлықтың, қайтпас қайсарлықтың, баянды бірліктің, жан аяспас достықтың үлгісі болып табылады. Мемориалдық кешендi көруге, мінәжат етуге жыл сайын елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен саяхат­шылар, шетелдiк қонақтар келедi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та осында екi рет болып, батырлар­дың аруағына Құран бағыштады, – дейді Самиддин Омаров.
Шырақшы қос тұлғаның ғибрат­ты өмір жолы мен ерлік жорықта­ры­на, араларынан қыл өтпейтін адал достығына қысқаша тоқта­лып өтті. Жұбы жазылмаған ба­тырлар екі жүзден астам шайқасқа қатысады. Соның бәрінен дін аман шығу – адам нанғысыз құбылыс. Оның негізі шынайы достықта жа­тыр. Қос батыр сан мәрте майдан даласында атой салса да, жау қолынан емес, өз ажалынан көз жұмған екен. Бұл орайда Қазақ­стан тарихын зерттеген белгілі орыс тарихшысы Петр Румянцев “Материалы Семиреченской об­лас­ти” деген кітабында Қарасай­дың мәйіті Көкшетау уезінің Айыр­тау бөктерінде жатқанын жазған. Егде тартқан шағында бабамыз қа­зақ жеріне бейбіт өмір орнағанын көңіліне медеу тұтып, жарты ға­сырға жуық жұбы ажырамаған жан досы Ағынтайдың мекені – Көкше­ге қоныс аударады. Айыртау сіле­міндегі Құлшынбай жотасына бірге жерленген қос тұлға жайлы нақты деректерге негізделген әңгімелер жергілікті тұрғындар арасында кең тараған.
– 1954 жылы Кәзен деген ауыл тұрғыны жер жыртып жүріп төбенің етегіне жеткенде түреннің тісі қат­ты затқа тірелгенін байқайды. “Сү­йектің үстінен түстім бе, әлде әу­лие адам жатыр ма екен” деп қо­балжиды, анықтап қарағанда, най­заның ұшын көреді. Ол кісінің жары Гүлжанат апайымыз шапы­рашты руының үшбұрышты таңба­сы бейнеленген бұл жәдігерді 1999 жылы қос тұлғаға арналған мемо­риалдық кешеннің ашылу салтана­тына қатысқан Мемлекет басшы­сына табыс етті, – дейді Самиддин Ниятоллаұлы.
Шырақшының айтуынша, сол жылы Мәдениет ауылы Қарасай, ал Златогорка Ағынтай есімін ие­ленеді. Жалпыұлттық қасиетті жер­лер тізіміне енгізілгелі мемориал­дық кешенге туристердің қызығу­шы­лығы арта түскен. Тек былтыр­ғы жылдың өзінде кешенді 30 мың­ға жуық адам тамашалапты. Ком­позициялық нысан әскери дулыға түріндегі 16 метрлік қос мұнарадан тұрады. Айналасы кірпіш дуалмен қоршалып, мавзолей алдындағы алаңда дұға бағыштауға және құр­бан шалуға арналған жер бар екен. Граниттен салынған іргетас үстін­дегі алаң бұрыштарында батыр­лардың жауынгерлік айбынының нышандары ретінде қола қапта­масы бар металдан жасалған най­залары орнатылыпты. Мавзолей­дің ішкі төбесі керамикамен қап­талған. Шеңбер ортасында екі ұлы батырдың кесенелері орналасқан. Олардың алдында конус тәрізді шағын мешіт орын тепкен, ол сим­волды және сәулеті жағынан кесе­нелерді біріктіреді. Оның қабыр­ғасында қос батырдың ерліктері­нен мағлұмат беретін қысқаша де­ректер үш тілде жазылған. Ин­терьерді безендіруге керамикалық кірпіш пен гранит қолданылған.
Самиддин Ниятоллаұлының ай­туынша, Қарасай батырдың егiз екi ұлы – Еркін мен Төркін де осы жер­де жерленген. Күмбездің айнала­сында тағы бiрнеше жауынгердің зи­раты бар. Бұл зираттарға жиек жа­салып, гранит сынықтарымен тол­ты­рылған. Әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кезектi қазба жұмыстары кезінде бойы екі метрдей болатын ауыр семсерімен бірге жерленген тағы бір батырдың сүйегі табылыпты. Археологтар са­рап­тама жасау үшін оны облыс ор­талығына алып кетіпті.
Туристер ең көп ат ізін салатын қас­терлі орын болғандықтан, қо­сымша құрылыс жұмыстары жүргі­зіліп, аумағы кеңейтілген. Архитек­туралық жағынан қайталанбас ше­берлікпен салынған бұл мемо­риал­дық кешеннің маңайына ту­рис­терге арналған мейманхана са­лынған. Тақтайдай асфальт жол төселген.
Бүгінде бірегей кешен ішкі ту­ризмді одан әрі дамыта түсуге үлгі боларлық нысан саналады. Мәңгі­лік тыныстап жатса да, достық құ­шақтары айқасқан бабаларымыз­дың ерлігі мен батырлығын айдай әлемге паш етудің басқа да шара­лары ойластырылған. Киелі орын­ға мектеп оқушылары, жас отау иелері жиі ат ізін салады. Спорттық ойындар, турнирлер, бәйгелер өткізіледі. Ауданның диқан-ме­ха­ни­за­тор­лары арасында “Қарасай” мен “Ағынтай” атындағы жүлделер тағайындалған.
Былтыр Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық ке­шеніне жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Нәтижесінде “Қазқайтажа­ңарту” компаниясы қалпына келті­ру жұмыстарын жүргізіп, нысанның шатырын толық ауыстырған. Ма­ңайына гранит тас төсеп, екі ма­зар­дың қаптамасын жаңартқан.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp