«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗМЕТІНЕ АДАЛ

Көптің көзіне түспей-ақ үлкен ер­ліктер жасап жүрген құтқарушы­лар бейбіт күннің батырлары деген атаққа әбден лайық. Осындай ма­мандардың бірі – облыстық төтен­ше жағдайлар жөніндегі департа­менттің жедел-құтқару жасағының бөлім бастығы-құтқарушы Нұрбо­лат Айсин. 

– Жұмыс барысында тәуекелге бел буатын сәттер жиі кездеседі. Өзімізге жүктелген міндетті адал атқаруға ты­рысамыз. Төтенше жағдай кезінде адам өмірін құтқарып қалсақ, бізге бұдан артық қуаныш жоқ, – дейді құтқарушы.

Нұрболат Шал ақын ауданында­ғы Садовка ауылында дүниеге келген. Ақмола облысының орта­лығындағы “Көкше” академиясын заңгер мамандығы бойынша бітір­ген ол Нұр-Сұлтан қаласындағы №3660 әскери бөлімде Отан ал­дындағы борышын өтейді. Петро­павлға оралғаннан кейін Қазақ­стан Республикасы Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің №2032 шекара қызметі бөлімшесінде еңбек жо­лын бастайды. Ал 2015 жылы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте жаңадан құ­рылған жедел-құтқару жасағына бас құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Өз қызметіне деген жауапкершілікпен көзге түсе білген маман кезекшідиспетчерлік бөлім­нің бастығы лауазымына дейін көтерілді.
Бүгіндері Нұрболат Құрмашке­ұлы жетекшілік ететін бөлімнің құт­қарушылары апаттық, іздестіру және құтқару ша­раларына қатысады. Үстіміздегі жыл­дың көктемінде тасқын су Уә­лиханов ауданындағы Қулыкөл және Қаратал ауылдарына қауіп төн­діргені белгілі. Сол кезде же­дел-құтқару жасағының құтқарушылары қос ауылдың бір мыңға жуық тұрғынын қауіпсіз жерге кө­шіру жұмыстарын жүргізіп, көпшіліктің алғысына бөленген болатын. Тәжірибелі мамандардың уақы­тында қолға алған шараларының нәтижесінде жерлестеріміздің өмі­рі­не ешқандай қауіп төнген жоқ. Сондай-ақ, тұрғындардың қорала­рындағы малы да құтқарылды.
Құтқарушылардың басты мін­деті – тұрғындардың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіз­дігін қамтамасыз етіп, апаттық жағ­дайларға жол бермеу. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, құтқару­шы­лар да сан қырлы болуы тиіс. Жұмыс барысында дәнекерлеуші, электрик, тіпті, фельдшердің жұмы­сын да атқаруға тура кеп жатады. Сонымен қатар олардың спорттық дайындығы, денсаулығы мықты болуы керек.
Бұл мамандық иелері кезекшілік кезінде пәтер есігін ішінен жауып ал­ған кішкентай балалар мен жалғызбасты қарттарға да көмек қолын созады. Мұндай жағдайда ішке темір есікті бұзып немесе альпинистік құрал-жарақтың көмегімен терезеден кіреді. Апатты жағдайда жапа шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету қажет болатын жағдайлар да кездеседі. Осындайда адам өміріне араша түсу үшін әрбір құтқарушының медициналық білімінің болуы міндеттеледі. “Жедел жәрдем” көлігі келгенше қа­жетті ем-дом шараларын жасау құтқарушылардың қолдарынан ке­леді.
Бүгіндері департаменттің жедел-құтқару жасағында 55 құтқарушы бар. Олардың басым бөлігі жедел-құтқару жасағында, қалған­дары Есіл мен Пестрое көлінің жағасында орналасқан құтқару станцияларында шоғырланған. Бұдан бөлек, сүңгуірлер мен кинология бөлімшелері бар. Жасақ құрамындағы қызметкерлердің барлығы өз жұ­мысын адал, абыроймен атқарып жүр. Тәжірибесі мол құтқарушылар кейінгі келген жас мамандарға білгендерін үйретіп, әрдайым қамқорлық танытады.
Бұған қоса олардан жылдамдық та талап етіледі. Қаланың ішінен ша­қырту түссе, он минутта сол жерден табылады. Өрт сөндіру немесе “Жедел жәрдем” тобынан да ертерек жетіп, зардап шеккен­дерге көмектеседі. Көшелердегі көлік кептелісі, қалың түскен қар құтқарушылардың міндетін адал атқаруға кедергі бола алмайды. Жедел-құтқару жасағының арнайы көлігі дауыс зорайтқыш құрылғысымен, сорғы станциясымен, альпинистік жарақтармен, генераторлар, басқа да құралдармен жабдықталады.
– Біз күнделікті жұмысымызда облыстық полиция департамен­тінің патрульдік топтарымен және қаладағы өрт сөндіру бөлімдерінің жасақтарымен қоян-қолтық жұмыс жүргіземіз. Боранды күні адасқандарды, суға батқандарды іздестіру сияқты қиын сәттерде жігіттердің қасынан табылуға тырысамыз. Қол күші артық етпейді. Құтқарушылардың бойында жауапкершілік, сонымен қа­тар жүректілік, салқынқандылық пен сабырлылық болуы керек. Себебі, қиын сәтте шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдау арқылы ғана ол өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалады, – дейді Нұрболат Айсин.
 

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 СУРЕТТЕ: Н.Айсин көктемгі су тасқыны кезінде. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp