«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қыл қобыздың құдіреті

Қазақтың ежелден келе жатқан қасиетті де қастерлі музыкалық аспаптарының бірі – қобыз. Қобыз – адамның нәзік сезімін, қуанышы мен күйінішін, ой-қиялын музыка тілімен өте дәл, әдемі суреттейтін үнге аса бай аспап. “Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…” деп ұлы Абай айтып кеткендей, қыл қобызды жан серігі етіп Қорқыт, Ықылас сияқты дала дарындарының шығармаларын сахнада орындап, облысымызға келіп, қыл қобыз өнерін дамытып, замандастарының ұлттық өнерден сусындауына түрткі болып жүрген, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жәмила Мұстафинамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздың естеліктерінен бастасақ.

– Мен Есіл ауданындағы Бұлақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Менің өнерге деген махаббатым бала кезімнен оянды. Үшінші сыныпта оқып жүргенде ән айта бастадым. Бесінші сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатыстым. Мектепте өтетін мәдени іс-шараларға белсене араласатынмын. Өмір жолыма зер салсам, мен әуелден әнші, домбырашы болу үшін жаралғанмын ба деп ойлап қаламын. Себебі, өмірімнің ағысының өзі осы саладан бастау алып, содан бері жалғасын тауып келеді. Бүгінде өмірім мен өнерім егіз болып кеткендей.

– Адамның бойында өнерге құштарлық болмаса, мың жерден оқып-тоқығанмен талантты бола алмайды. Ата-тегіңізде өнерге жақын адамдар бар ма?

– Әу демейтін қазақ жоқ. Қазақ өнерлі халық қой. Маған негізінен әншілік қасиет – анамнан, нағашы жұрттан дарыса керек. Анам кезінде ауылда өтетін той-домалақтарда ән айтып, жиынтойдың сәнін келтіретін. Нағашы әжем де өнерден құр алақан емес, ол кісі де домбыра тартып, ән айтатын. Бала қандай жетістікке қол жеткізсе, ол ата-ананың тәлім-тәрбиесінің арқасы ғой.

– Қобыздың тарихы туралы айта кетсеңіз. Қобызға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды, неге басқа аспаптарды таңдамадыңыз? Сіз қыл қобызда ойнайды екенсіз. Осы қыл қобыз бен прима-қобыздың айырмашылығы неде?

– Қобыз – қазақтың ежелден келе жатқан халық аспабы. Қобыз аспабы – жылқының құйрық-жалынан таратылған екі ішегі бар, ожау пішіндес сопақша тұрқы ағаштан ойылған, төменгі бөлігі әжептәуір қусырыла жасалып, теріден керген мембрана жапсырылған, үстіңгі бөлігі дөңгелек әрі беті ашық етіп жасалған аспап. Жылқының жалынан керген ысқышты қос ішекке үйкелей ысқылау арқылы саз алынады; үстіңгі ішегі әуен шығарады, ал төменгі ішегі бурдоник рөлін атқарады. Қобыздың қырыққа жуық аттың құйрық қылынан керілген екі ішекті ысқышы болады. Оның қыл қобыз аталуы да содан шығар. Қобызды жасаған – ұлы даланың жырауы Қорқыт ата. Осынау аспапта тұңғыш ойнаған да, тұңғыш қобызшы-сазгер де, орындаушысы да өзі. Бұл аспап халқымыздың тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық музыкалық өнерімізді күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші ұлттық мұрамыз. Қобыз аспабы жаңа заманға лайықталып, жетілдірілгенге дейін екі ішекті қарапайым түрінде болды. 1930 жылдары Ахмет Жұбановтың басшылығымен қазақтың халық аспаптары оркестрі құрылып, тапсырыс бойынша музыкалық аспаптар жасайтын шеберлер Э.Романенко мен Қ.Қасымов қобыздың жаңа түрлерін, оның ішінде үш ішекті прима-қобызды (бұрауы кіші октавадағы соль және бірінші октавадағы ре, ля дыбыстарына келтірілді) жасады. Республикаға еңбек сіңірген мұғалім, үлкен орындаушылық тәжірибесі бар Д.Тезекбаевтың жасаған сызбасы бойынша музыкалық аспаптар жасайтын шеберлер А.Першин мен А.Тұрдыбаев жаңа төрт ішекті прима-қобыз жасап шығарды.

Ал енді қобызға деген қызығушылығыма тоқтала кетейін. Мен мектепте домбыра сыныбында оқыдым. Кейін өнер колледжіне оқуға түсуге сынақ тапсырған кезде қабілетің жақсы деп қыл қобыз сыныбына жіберді. Алғашында оған үрке қарағаным рас. Өйткені, ол аспапта ойнау түгілі өзін бірінші көруім еді. Бірақ “Көз қорқақ, қол батыр” дегендей, талабымның арқасында ол қорқыныштан арылып, бүгінде қыл қобыз менің жан серігіме айналды.

– Өнерде талантты шәкірттің абыройы асып, ел құрметіне бөленіп жатса, ол өнердің қыр-сырына сусындатқан ұстаздың еңбегі. Ұстазыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Ұстазға бай адаммын. Орта мектепті бітіргеннен кейін 2002 жылы Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы өнер колледжіне оқуға түсіп, қыл қобыз сыныбында оқыдым. Онда Айкүміс Қуанышқызынан дәріс алдым. Оқуымды оқи жүріп, Ақмола облыстық филармониясында, халық шығармашылық орталығы “Кербез сұлу” ансамблінде жұмыс істедім. Кейін білімімді жетілдіру үшін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, оны 2010 жылы бітірдім. Академия қабырғасында жүргенде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаевтан үйренгенім көп болды. Онда да білімімді шыңдай жүріп, Астана қаласының филармониясында қызмет істедім. Сол жылдары естен кетпес бір сәт Ақордада Елбасының алдында қобыздан жеке концерт бергеніміз бар. Елбасымен жүзбе-жүз кездесу әр адамға бұйыра бермейтін бақ деп санаймын. Оның өзін сөзбен айтып жеткізу қиын.

– Жеткен жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз. Және Петропавл өнер колледжінде сабақ береді екенсіз, шәкірттеріңіз туралы сөз қозғай отырсаңыз.

– Көңілді көтермесе, кір басады. Күнделікті тіршіліктің бітіп болмас күйбіңінен жалығып, күңгірт тартқан көңілдің шаң-тозаңын сілкіп, жан сарайыңды жаңғыртып, жасандырып жіберетін байқаулардың жиі болып тұрғаны ғажап қой! Сондай концерттерден жаның жадырап, жағымды әсер алып қайтасың. Егер жүлделі орындарды иеленіп жатсаң, бақыт құшағында боласың. Ал енді жетістіктеріме тоқтала кетейін. 2007 жылы Астана қаласында өткен “Шабыт” конкурсында 3-орынды, 2008 жылы Қарағанды қаласында республикалық Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы байқауда 2-орынды иеленіп, Астана қаласында Құрманғазы атындағы конкурста дипломант атанып, арнайы сыйлықпен марапатталдым. Сонымен қатар, 2014 жылы Омбы қаласында өткен халықаралық “Сибирь зажигает звезды” байқауында бас жүлдеге ие болдым. 2015 жылы жұбайым екеуіміз Ақтөбе қаласында “Ұлы дала сарыны” атты фольклорлық фестивальде өнер көрсеттік. 2016 жылы Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы республикалық қобызшылар байқауында лауреат атанып, осы жылы Тараз қаласында өткен Ықылас Дүкенұлы атындағы “Жез киік” атты республикалық байқауда 2-орынға ие болдым. Адам көңілі қашан да қарлығаштың қанатындай дамылсыз талпынып, жаңалыққа құштар болып тұруы керек, сонда ғана адам мақсатына еш кедергісіз жетеді деп ойлаймын.

Қаладағы өнер колледжінде қыл қобыздан сабақ беремін. Нәтижесі жаман емес, оқушыларым республикалық конкурстарға қатысып, жүлдемен оралуда. 2014 жылы Алматы қаласында өткен Ахмет Жұбанов атындағы қобызшылар сайысына біздің өңірден алғаш рет Әлемгүл Нұрлан қатысып қайтты. Омбы қаласында өткен халықаралық “Сибирь зажигает звезды” атты конкурста Әлемгүл Нұрлан екінші орынды иеленсе, Еркежен Сыздықова лауреат атанып келді.

– Өмірдегі емес, өнердегі жетістіктеріңізге өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

– “Менің жұмысым керемет, мен мықтымын”, деп айту мүлде дұрыс емес шығар. Тіпті, менің табиғатыма да келмейді. Өнер адамына “өзіме-өзімнің көңілім толады”, деп айтуға болмайды. Олай десем, шыңнан құлағаным. Себебі, өнер адамына керегі ізденіс пен еңбек қой. Біз биік шыңды тек осы екеуінің арқасында ғана бағындыра аламыз. Ізденбесе, қай маман иесі болмасын тоқырап, бір деңгейде тұрып қалады. Адам өзін-өзі қайрап отырмаса, биік белестерге жете алмайды. Сондықтан еңбекқор болуға талпынамын. Онсыз болмайды.

– Егер құпия болмаса, алдағы мақсаттарыңыз жөнінде, отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.

– Арман көп. Құдай қаласа, жеке шығармашылық концертімді беру ойымда бар. Қобыздың бойында он жеті ғаламның үні бар деп тегін айтпаған ғой. Сол қобыздың, басқа да ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен дәстүрлі өнерден сусындап жүрген тыңдармандарыма, ел-жұртыма өз өнерімді паш еткім келеді. Жұбайым Айдос Бейсенәліұлы да өнер адамы. Ол бесаспап. Ұлтымыздың мұңы мен қуанышын жүрекке әуенмен жеткізген қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз аспаптарының бәрін меңгерген. Осы аспаптардан шыққан әуендер адам баласының жанын жадыратып, көңілін тойдырады.

Біз 2010 жылы жергілікті басшылардың қолдауымен Астанадан Петропавл қаласына көшіп келдік. Қазір екеуіміз де облыстық филармонияда қызмет істейміз. “Береке” шағынауданынан екі бөлмелі пәтер берілді. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы, келгенімізге өкінбейміз. Айбар, Расул атты екі ұл тәрбиелеп отырмыз.

Әңгімелескен

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp