«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰТҚАН ДА, ҰТЫЛҒАН ДА ТҰСТАР БАР

 

Осынау бір мүшелді еңсеріп отырған егемен еліміздің кешегі, бүгінгі және ертеңгі тарихын бір-бірінен бөліп-жара алмаймыз. Бүгінгі шыққан белестен кешегі күнімізге көз жүгіртсек, алдымызда не тосып тұрғанын білмеген аумалы-төкпелі заман, адал еңбегімізге жалақымызды ала алмай, көрген тарыншылық, жұмыссыздық есімізге түсері анық.

Бүгінде білектің күшіне емес, білімге сенетін заманда елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Алдымызда білім жүйесін әлемдік стандарттарға сай деңгейге көтеру, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлау мәселесі тұр. Оған оқыту үдерісіне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің заманауи әдістемелері мен технологияларын енгізу жолымен қол жеткізбекпіз.

Үстіміздегі оқу жылынан бастап 9 мыңнан астам солтүстікқазақстандық балғын жаңартылған бағдарлама бойынша білім алып, бірінші жартыжылдықты да тамамдауға жақын. Үш тілде білім алуға алғашында шошына қараған ата-аналардың да “көппен бірге көрген ұлы той” дегендей, күпті көңілдері орныға бастаған сыңайлы. “Жаңаша оқытудың өткен бір тоқсанының қорытындысы не берді?” – деген сауалға ата-аналардың да, мұғалімдердің де айтар пікірі бар.

– Менің қызым 1-сыныпқа биыл барды. Ұлым 3-сыныпта оқиды. Екеуінің арасы екі-ақ сынып болғанымен, айырмашылық көп. Ұлым 1-сыныпты бітіргенде онға дейінгі сандардың көлемінде ғана жұмыс істейтін, қызым қазірдің өзінде есеп шығарады, салыстырады. Сандардың құрамын біледі. Қай пәннен болсын бұрынғы бағдарламадан қазіргі 1-сыныптың деңгейі көп ілгері кеткен. Әзірше бәрін үлгеріп жүр. Маған бағдарлама ұнайды, – дейді екі баланың анасы Жазира Қалқаманқызы.

Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын іске асыру аясында бірінші сыныпта ақпараттық-коммуникативтік технологияны енгізу, кіріктірілген пәндердің аясын кеңейту, үш тілді оқытуды жүзеге асыру қолға алынған. Жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан қазақ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Ақышева сауат ашу сабағында оқулықтың тақырыптарына сәйкес оқушының тыңдап, тілін дамытуына арналған дискілер қосымша берілгендігін айтады.

– Бағдарламаның жақсы жақтары, әлі де болса түзетуді, толықтыруды қажет ететін әлсіз тұстары да бар. Мәселен, балалар дискіні тыңдай отырып, тақ-пақ жаттауға, мәнерлеп оқуға, өткен әріптің, сөздердің дұрыс айтылуына үйренеді. Бірақ олардың көпшілігі тақпақты тыңдау арқылы жаттап алады да, оқуына мән бермейді, – деген ұстаз осындай жауапты кезеңде ата-аналар баланың “әзірге-мәзір” болып үйреніп кетпеуіне жол бермеу керектігін алға тартады.

Жаңаша оқытуда пәндер бағдарламалары бір-бірімен байланыста өрбиді. Баланың берілген тақырып аясындағы сөздік қоры молайтылады, тілі дамиды, дүниетанымы кеңейеді. Осындай сабақтар оқушының іс-әрекетіне, тілді меңгеруіне, жан-жақты дамуына жол ашып, таңдалған тақырыптар бойынша алған білімін өмірмен сабақтастыруына оң ықпал етеді.

– Мен сауат ашу, жаратылыстану, орыс тілі, шет тілі пәндері бір-бірімен байланыстырыла өткізілетінін байқадым. Жоғарыда аталған пәндердің барлығында “отбасы” тақырыбы бір-бірімен кіріктіріле қарастырылып, ондағы тірек сөздер үш тілде оқытылды. Балам сабаққа отбасылық суреттерімізді ала барды. Меніңше, бұл тақырып тиімді қарастырылған, – дейді бастауыш сынып оқушысының анасы Баян Есімқызы.

Дүниетану, жаратылыстану пәндерінде балғындардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға арналған тақырыптар көп. Бірінші сыныптың табалдырығын енді аттаған балғын тұқымнан үш күнде тамыр шығатынын, алты күнде сабағы өсе бастайтынына тәжірибе арқылы көз жеткізіп, зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар, ата-текке, отбасына, шежіре, салт-дәстүрге байланысты тақырыптарға баса назар аударылған. Бұл “жеті атасын білмеген ер жетесіз” дегізбей, ұмытылып бара жатқан шежіремізді, ата-салтымызды қайта жаңғыртуға жасалған дұрыс қадам екенімен мұғалімдер де, ата-аналар да келісетініне көзіміз жетті.

Жаңаша оқыту бағдарламасы бойынша өткен тоқсандағы тәжірибе қорытындысы бірінші сыныпқа келген балғындардың мектепке даярлық деңгейлері әр-түрлі екендігін көрсеткен. Бүлдіршіндер арасында отбасында, ата-әжелерінің тәрбиесінде болғандар, балабақшадан және мектептер жанындағы шағын орталықтардағы даярлық топтарынан келгендер бар. Бағдарламада балалардың даярлық деңгейі ескерілмеген тұстары кездеседі.

– Мәселен, математика сабағына геометриялық денелер, көлем, масса, ұзындық, өлшем бірліктері енгізілген. Бұл алты жасар бала үшін, соның ішінде қазақ тілін шала білетіндер мен олардың балалары үшін қиын тақырып”, – деген ата-ана Жайнагүл Сәбитова мектепке даярлық сыныбы мен балабақшадан кейін барғандардың арасында көп айырмашылық бар екендігін айтады.

Білім жүйесіндегі жаңашылдықтарды игеруде ұтқан да ұтылған тұстарымыз бар екендігі анық. Дегенмен, өзгермелі өмір адамның күрделі тапсырмаларды орындай білуін талап етеді. Мұндай қабілет қалыптастыру үшін оқушыларды сыни, шығармашылық ойлауға, топ ішінде жұмыс істеуге үйретіп, оларға білімқұмарлық, ынталылық, табандылық, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени сапаларды сіңіру маңызды.

– Осының барлығы жаңартылған білім мазмұнына енген. Бұған дейін тәрбиеші күні бойы балаға қарап, оны кешке аман-есен әке-шешесіне тапсырса, енді мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жаңа стандарты бойынша, балғынды ерте жастан дамытуға баса назар аударылатын болады. Бұл баланың 1-сынып бағдарламасын жеңіл меңгеруіне жол ашпақ, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp