Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу тек мемлекетке жүктелген міндет деген ұғым біртіндеп өзгеріп келеді. Қайырымдылық пен бизнестің арасына шекара қойған бұрынғы көзқарас әлсіреп, оның орнына жаңа әрі өзекті ұғым – «әлеуметтік кәсіпкерлік» келді. Табыс табудан бұрын, адам тағдырына алаңдайтын, қоғамның әлсіз тобына көмектесуді мақсат тұтатын жаңа буын кәсіпкерлер өңірімізде де пайда бола бастады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл тек қаржылық табыс табу құралы ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді бизнес арқылы шешуге бағытталған инновациялық тәсіл. Оның негізінде пайда мен әлеуметтік жауапкершіліктің үйлесімін көздейтін ерекше философия жатыр. Әлеуметтік кәсіпкер – бизнесті жеке баю мақсатымен ғана емес, нақты бір әлеуметтік топтардың немесе қоғамдағы күрделі мәселелердің шешімін табу үшін жүргізетін адам. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік кәсіпкерлік дәстүрлі кәсіпкерліктен айтарлықтай ерекшеленеді. Егер дәстүрлі кәсіпкерлік негізінен нарықтағы клиенттерге қызмет көрсетсе, әлеуметтік кәсіпкерлік көбінесе әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуді көздейді. Пайда дәстүрлі кәсіпкерлікте иелері мен инвесторларға үлестірілсе, әлеуметтік кәсіпкерлікте жобаны әрі қарай дамытуға бағытталады. Нәтижені дәстүрлі кәсіпкерлік қаржылық өсіммен өлшесе, әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік әсер мен өзгерістің деңгейімен бағалайды. Қаржылық қолдау көздері де ерекшеленеді. Дәстүрлі кәсіпкерлік жеке капитал мен инвестицияларға негізделсе, әлеуметтік кәсіпкерлік көбінесе гранттар, донорлық көмек және краудфандинг арқылы қаржыландырылады. Әлеуметтік кәсіпкерлік жобалары, әдетте, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, жас тарды еңбек нарығына бейімдеу, зейнеткерлер мен жалғызбастыларға қызмет көрсету, экологиялық бастамалар және инклюзивті білім беру сияқты маңызды салаларда жүзеге асырылады.
Ұлттық экономика министрлігі ұсынған ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда елімізде 1 094 әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны тіркелген және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік салалық құрылымына қарай негізінен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, өнеркәсіп, сауда және басқа да бағыттарда белсенді жұмыс істейді.
Өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты әлі де қалыптасу кезеңінде тұр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы өңірде 14 әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде, 5 кәсіпкер білім беру, 5 кәсіпкер денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, 2 кәсіпкер көтерме және бөлшек сауда, 2 кәсіпкер өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Дені Петропавл қаласында орналасса, тек біреуі ғана Айыртау ауданында тіркелген.
– Әлеуметтік кәсіпкерліктің басым бағыттары ретінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау, баламалы білім беру мен даму орталықтарын ашу, медициналық және психологиялық көмек көрсету, сондай- ақ қоғамдағы осал топтарға қызмет көрсету маңызды орын алады. Облыс орталығындағы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету-дамыту орталықтары мен геронтологиялық қызмет көрсету мекемелерін ашып, әлеуметтік маңызы бар қызметтер ұсынуда. Ауылдық аймақтағы бір кәсіпкер мүгедектігі бар жандарға арналған жұмыс орындарын бейімдеу бағытында алғашқы қадамдарын жасады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Шәймерденов.
Маманның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтар үшін мемлекет тарапынан бірнеше қолдау тетіктері қарастырылған. Соның бірі – Үкіметтің 2024 жылғы «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысы. Бұл құжат аясында мемлекеттік гранттар беру механизмі жұмыс істейді. Гранттар, әсіресе, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері болып табылатын және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлерге қолжетімді. Мұндай кәсіпкерлер қаржыландыруға конкурс негізінде өтініш бере алады, ал гранттарды өңірлік кәсіпкерлер палатасы үйлестіреді.
Сонымен қатар оқыту саласында «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер», «Zhas Project» сияқты бағдарламалар көптеген бастамашы азаматтардың өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік ашқан. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы әлеуметтік осал топтар өкілдері кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз бизнес-жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік алды.
Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу, кеңес беру, бағыттау және мемлекеттік қолдау шараларына қосу жұмыстарын үйлестіреді. Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, облыстық деңгейде арнайы комиссия әлеуметтік кәсіпкерлердің тізімін қалыптастырып, тоқсан сайын жаңартып отырады.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар да бұл үдерісте белсенділік танытып отыр. Олар мақсатты топтармен жұмыс жүргізіп, жобаларды әзірлеуге көмектеседі, тренингтер өткізеді және жергілікті қоғамдастықтың сұранысын зерттейді. «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы зор. Біз әлеуметтік кәсіпкерлерге құқықтық және ақпараттық қолдау көрсетеміз, сондай-ақ олардың жобаларын іске асыруға қажетті ресурстарды іздеуге көмектесеміз. Осындай кешенді қолдау әлеуметтік кәсіпкерліктің тұрақты дамуына және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етеді», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Облыста әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті әлі толық ашылмағанымен, табысты жобалар бар. Мәселен, Петропавл қаласындағы жеке кәсіпкер Ға лия Баязитова басқаратын «Тренинг ЦентрКөмек» орталығы ерекше қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. 2024 жылы орталықта 288 балаға 34 560 сабақ өткізілді. Мұндай қызметтердің қажеттілігі артып келеді, себебі олар балалардың мінез-құлқындағы ауытқуларды түзетуге және психологиялық тұрақтылық қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар «Говоруша» түзету-дамыту орталығы сөйлеу және даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға логопедтік және психологиялық көмек ұсынады. Орталық 2024 жылы 400 баланы қамтып, 8 000-нан астам сабақ өткізді. Мұндай жобалар балалардың дамуындағы кедергілерді ерте кезеңде анықтап, тиімді түзетуге бағытталған.
Айыртау ауданында мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді жұмыс орындарын құру бағытында жұмыс істейтін кәсіпкер Виталий Кардаполов ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдейді және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыруға көңіл бөліп отыр.
Қарттарға арналған әлеуметтік қызметтер де дамуда. Мәселен, Лилия Даниленко басқаратын «Қазақстанның ұзақ өмір сүруі» ЖШС екі орталық арқылы зейнет жасындағы азаматтарға гериатриялық және геронтологиялық қызмет көрсетіп, 50-ге жуық қарияға тұрақты көмек ұсынады.
Дегенмен әлеуметтік кәсіпкерліктің жолында бірқатар кедергілер кездеседі. Біріншіден, саладағы білікті мамандардың жетіспеушілігі, әсіресе шалғай аймақтарда өткір байқалады. Екіншіден, материалдық-техникалық база мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қиындықтары бар. Бұл бағыттағы жобалардың қызмет көрсету сипаты ұзақ мерзімді тұрақты қаржыландыруды талап етеді, алайда гранттар мен мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу үдерісі күрделі әрі уақытты қажет етеді.
«Бастапқы кезеңде қаржылық қиындықтар көп болды, әлеуметтік кәсіпкерлік туралы түсінік жеткіліксіз еді. Менторлық қолдаудың жоқтығы жобаны дамытуға кедергі келтірді. Алайда мемлекеттік гранттар мен бағдарламаларға қатысу арқылы қызметімізді кеңейте алдық», – дейді «Тренинг ЦентрКөмек» ЖШС директоры Ғалия Баязитова.
Айыртау ауданының кәсіпкері Виталий Кардаполовтың айтуынша, заңнамалық преференциялар нақты әрі кең қолжетімді емес. Кәсіби білім мен тәжірибені арттыруға арналған ресурстар шектеулі. Дегенмен, әлеуметтік кәсіпкерлікке деген қызығушылық өсуде. Сондықтан мемлекеттік қолдау мен бизнестің өзара әрекеттестігі дамыса, әлеуметтік кәсіпкерліктің де әлеуеті арта түспек.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің табысты дамуы үшін кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламалары мен менторлық қолдау жүйесін нығайту қажет дейді сарапшылар. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлердегі бастамашылар үшін өзекті, себебі олар кәсіби кеңес пен тәжірибе алмасуға мұқтаж. Сонымен қатар қаржылық қолдаудың тұрақты және қолжетімді механизмдерін дамыту маңызды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».