«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – АВТОКРЕСЛО

Жаңа жылдан бастап 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы креслосыз көлік ішінде алып жүруге тыйым салынды. Бұл жайында “Жол қозғалысы ережелері туралы” заңға енгізілген өзгерістерде айтылып, көрсетілген. Қоғамда үлкен дау туғызған бұл құжаттың қолданысқа енуін біреулер қолдаса, екіншілері мұндай жаңашылдыққа наразы.

“Ұлпанның” бүгінгі қосымшасында осы тақырып жайында сауалнама жүргізіп, оқырмандардың ой-пікірін тыңдап көруді жөн санадық.  

Дана Есмұқанова,

екі баланың анасы:

– Өз басым мұндай заңның қолданысқа енгенін құптаймын. Өйткені, автокресло өте қажет нәрсе. Біздің екі кішкентайымыз бар. Оларды күнде балабақшаға, мектепке апарғанда көлік ішіндегі арнайы орындыққа отырғызамыз. Біріншіден, бұл ыңғайлы, екіншіден, баланың қауіпсіздігі барынша қарастырылған. Ойлап қараңыз, қатты жүріп келе жатқан көлік кілт тоқтай қалса, ішінде отырған бала алдыңғы орындыққа міндетті түрде басын соғып алады. Мұндай көріністі күнде байқап жүрсек те, кішкентай баланың мойны әлсіз екенін ойлай бермейміз. Міне, кішкентай ғана орындықта осындай олқылықтардың алдын алу үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бір ғана мысал. Осының өзінен-ақ автокреслоның қажетті дүние екенін көруге болатын сияқты.

Қалима Байдәулет,

көпбалалы ана:

– Адам өмірінің қауіпсіздігін қарастыратын мұндай заңның бары жақсы. Бірақ әр нәрсенің екі жағы барын да ұмытпау керек деп ойлаймын. Бір-екі баласы барларға, мүмкін, бұл құжаттың теріс әсері тимес. Бірақ осындай заңды қабылдамас бұрын қарапайым халықтың жағдайын да ескеру керек еді. Мәселен, менің төрт балам бар. Олардың үлкені жетіге келді. Қалған үшеуінің аралары бір жастан. Кішкентайларды күнде балабақшаларына апарамыз. Өзімізде көлік жоқ.

Сондықтан таксидің қызметіне жүгінетінбіз. Соңғы кезде ол да қиындап кетті. Өйткені, диспетчердің: “Қасыңызда бала бар ма?” – деген сұрағына: “Бар, үшеу” десек болғаны, көбі келіспейді. Бұл жағынан алғанда көлік иелерін де түсінуге болады. Себебі, үш бірдей автокреслоны бір көлікке орнықтырса, ата-ананың біреуі көлікке сыймай қалады ғой. Осындай кезде не істеуге болады?

Балабек Қожатаев,

такси жүргізушісі:

– Үш жылдан бері осы жұмыспен айналысамын. Тіпті, жаңа көлік те сатып алдым. Барлық жиған-тергенімді несиеге төлеймін. Балаға арналған автокресло туралы заң шыққалы жұмысым қиындап кетті. Кейде көпбалалы адамдарды жеткізіп тастау керек болады. Сонда әр балаға автокресло болуы шарт. Мәселен, кішкентай ғана көлік ішіне екі-үш баланы арнайы орындығымен жайғастырсаң, ата-анасын қайда отырғызасың? Тіпті, бірнеше автокресло алатын менің жағдайым да жоқ. Сондай-ақ, ондай нәрселер көлік ішінде әжептәуір орын алады және арнайы жүксалғышқа да бәрі сыймайды. Сондықтан әзірше мұндай тапсырыстан бас тартып, қасында кішкентай баласы жоқ адамдарға ғана қызмет көрсетумен шектелуге тура келіп тұр.

Динара Шораева,

дүкенші:

– Көптеген елдерде бұл заң бұрыннан қолданыста бар. Ең бастысы, ол көлік ішінде отырған баланың қауіпсіздігі үшін жасалған. Соны түсіну керек. Өмірде түрлі жағдайлар болып тұрады. Оның ішінде жол-көлік оқиғалары да жиі тіркеледі. “Жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, алда-жалда көлікпен бір жағдай болып қалса, арнайы жабдықталған орындық кішкентай баланы қауіпсіз жағдайда ұстап отырады. Оның ең басты тиімді жағы сол. Әрине, бұл жерде кездесетін түрлі мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, отбасыңда бірнеше кішкентай бала болса және өз көлігің болмаса, оларды діттеген жерге жеткізу енді бұрынғыдай оңай болмасы рас. Бірақ уақыт өте келе бұл проблема да өз шешімін табар деген ойдамын. Ең бастысы, балаларымыз аман болсын. Меніңше, барлық ата-ананың тілегі мен ниеті осы. Ал өмірде кездесіп тұратын мұндай жағдайлар өз ретімен шешімін табады. Тек байбалам салудың қажеті жоқ. Заң шығарылды, енді оны бір адамдай орындап, көну керек. Ал оның қаншалықты тиімді екені – уақыт еншісінде.

Сауалнаманы жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp