«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІМНІҢ ЖАЗЫ ӨТІП, КҮЗІ ҚАЛДЫ

Ризагүл,

63 жаста:

Қаланың қарбалас тіршілігі көп жағдайда көрші-қолаң түгіл, ағайын-туысқа да мойын бұрғызбайды ғой. Сондықтан да бір шатырдың астында тұрып жатқан көпқабатты үйлердің тұрғындары бір-бірінің басындағы қиындықты бөлісіп, қуаныштарына ортақтаса бермейді. Мен де қаладағы көп қазақтың бірі ретінде көрші-қолаңмен жақын араласуға уақыт таппай, ара-тұра есік алдында кездесіп қалғанда бас изеп қана, амандасып өтетінмін. Өткен жылы сүреңсіз күздің бір күні пәтерімнің есігін беймезгіл уақытта көрші апай қақты. Маңдайын әжім торлап, самайын ақ шалған қарт ананың көзінен үрей, даусынан дірілді байқап, қолтығынан демеп үйге кіргіздім де, мән-жайды сұрадым: 

– Баламның дәрісі бітіп қалып еді, тездетіп барып алып келмесем, жағдайы нашарлап кетеді, – деді ол жыларман күйде. Перзенті үшін шырылдаған ананың сол сәттегі шарасыз күйі кім-кімді де болсын бейжай қалдырмасы анық еді. Жаңа қонысқа көшіп келгеніме екі-үш айдың жүзі болса да, қарт ананың уайым-қайғыдан бас көтере алмай жүргенін білмейді екенмін. Сол үшін жерге кірердей қатты ұялдым. Шынымен де, көп жағдайда бейқамдық танытамыз. “Көрші хақысы – Құдай ақысы” екенін естен шығарып алғаным білместік болды. Арқа сүйері жоқ жалғызбасты ананың төсекке таңылған ауру баласын бес жылдан бері күні-түні көз ілмей, әлпештеп отырғанын көріп, таңғалдым. Аяқ астынан келген қиыншылыққа қазақ әйеліне тән қайсарлықпен төзімділік танытып жүргеніне көзім жеткенде оған деген құрметім, тіпті арта түсті. Осылайша оның басындағы қиындық бізді жақындастыра түсті. Сөйтіп, екі күннің бірінде: 

– Қалқам, көмегің қажет болып тұр. Баламның жанында бір сағаттай отыра тұршы. Сырттағы шаруаларымды жайғастырып келейін, – деп көршім есігімді қағады.
– Әрине, апа. Балаңызға алаңдамаңыз, – деп мен де көмегімді ұсынуға әр кез дайын екенімді айтып, сөзін жерге тастамай жүгіріп барамын. Шынымен де, баласының жағдайы мүшкіл еді. “Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ” дегендей, тепсе темір үзетін жастағы азаматты ауру әбден діңкелеткені көрініп тұр. Ұзын бойлы, ашаң өңді жігіттің құр сүлдері ғана қалған. Бес жыл бойы төсекке таңылып, бір орында қозғалмай жату оңай емес қой. Ал анасына баласының шарасыз күйін көру одан бетер ауыр екені айтпаса да түсінікті. Сондай күндердің бірінде көршім дастарқанға бар тәтті-дәмдісін қойып, бірге отырып шай ішейік деп қиылды. Әрине, мен де қарсылық танытқан жоқпын.
– Тағдырдың талқысын, өмірдің сынағын көп көрген жанның бірімін, – деп әңгімесін әріден бастаған қарт ананың жүрек төрінде терең мұң, көңіл түкпірінде жазылмас жара бар екенін білсем де, өзім бас салып сұрауға бата алмай жүр едім. Дастарқан басында шүйіркелесіп отырып, еркін әңгімелесейік деген ниетін аңғарып, мен де оны үнсіз тыңдағаным жөн шығар деп шештім.
– Кейбіреулер айдың-күннің аманында жүйкесі жұқарып, жүректері қарайып, ұсақ-түйекке байбалам салып жатады. Бәрі Алланың қолында екенін қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк уақытта ұмытып кетеміз. Аллаға қуантам десе де, мұңайтам десе де оңай. Бірақ мен өмірдің әр сәті сабақ екенін кеш ұқтым. Көп жағдайда сабыр мен төзім, шыдам мен қажыр таныта алмаймыз. Ал соңында бармақ тістеп, маңдайымызды тасқа ұрамыз. Сендер жас отбасы болғасын ақылымды айтып жатырмын ғой, менің қателігімді жіберіп алмасын деген аналық жанашырлығымды дұрыс түсін.
Ата-анам ауқатты адамдар болды, кішкентайымнан не ішем, не киемін демедім. Әке-шешемнің бұлаңдап өскен ерке қызы едім. Марқұм аяулы жандар тағдыр мені мұнша аямайтынын қайдан білсін?
Ауылдағы жетіжылдық мектепті тамамдағаннан кейін облыс орталығындағы сол кездегі Калинин атындағы интернатқа келдім. Тең құрбыларымның алды едім десем, мақтанғандай болмасын. Бірақ шынымен де, есепті шекілдеуіктей шақтым. Математика мұғалімі – Мәриям апай қабілетіме сүйсініп, болашағымнан зор үміт күтетін. Ол тұста есепшілердің дәурені жүріп тұрды ғой. Маған да бухгалтер болуға кеңес берді. Ата-анам да таңдауыма қарсылық білдірген жоқ, керсінше қуана құптады. Алтын ұяны аяқтағанда арман-мақсатым зор еді. Ал бүгін соның бәрі далада қалды. Сормаңдай екенімді ол уақытта қайдан білейін?!
Колледжде оқып жүргенде оңтүстік өңірінің жігітімен таныстым. Жақын құрбымның ағасы еді. Қарындасына келіп жүріп, сезімін білдірді. Мен де әдемі сөзге басым айналып қалса керек, мінезіне көз жеткізіп алмай, етегінен ұстауға келісімімді бердім. Сөйтіп, оқуымды аяқтап, қолыма дипломымды алғаннан кейін жігітіммен қол ұстасып, ағайын-туыспен қоштасып, оңтүстікке жол тарттым. Ол көпбалалы отбасынан екен, бірақ өзім де үш іні, үш әпкенің ортасында өскендіктен оларды жатырқаған жоқпын. Менің жолдасым ұлдардың кішісі, яғни қарашаңырақтың иесі. Сондықтан ата-енеммен бірге тұруға тура келді. Анам байғұс тұрмысқа шығатынымды естігенде солтүстіктің қыздарының оңтүстікке барып, тастай батып, судай сіңуі қиын екенін айтып, зар илеп еді. Шынымен де, ол жақтың тәртібі мен тәрбиесі басқаша екен. Келін таңмен таласа тұрады, үйдің  бар шаруасы соның мойнында. Ата-ене адам құрлы көрмейді, басқалар да мұрын шүйіре қарайды. Бір сөзбен айтқанда, сол шаңырақтың отымен кіріп, күлімен шығып, құлына айналдым. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Атасы ұлға ақыл айтып, енесі шаңырақтың ұйытқысына айналып, келінді баласындай көріп, бауырына басып отырған отбасылар аз емес. “Әйел үйдің ырысы, еркек түздің тынысы” – деп бекер айтылмайды ғой. Әйелдің ақылы қысқа болса, шаңырақтың соры. Жұбайымның шешесі де енесінен көп теперіш көрген адам екен. Сондықтан мені де алғашқы күннен отырсам опақ, тұрсам сопақ көріп, жақтырмады. Екі сөзінің бірінде: “Солтүстіктің ақсаусағын қайдан тауып алдың, шаруаға икемсіз, жұрттың келіндерінің қолынан келмейтіні жоқ. Ақ сүтімнен садақа кет, мынаның көзін құрт”, – деп қит етсе, басыма әңгіртаяқ ойнатады. Шешесінің көңілінен шықпағандықтан, күйеуім де салқындық таныта бастады. Отбасындағы ұрыс-керіс еркекті мезі қылады емес пе? Ененің түрі анау, аптасына бір-екі мәрте баласын айдап салып, ұрғызып алмаса, ас батпайды. Келген ізіммен кері қайтайын десем, ата-анамды қарабет қыламын ғой деп шыдап бағуға тырысамын. Мен төзімділік танытқан сайын енем одан бетер шапшиды.
Бойыма бала біткенде қуанғаным-ай. Қараңғы түнектен құтыламын деп ойладым. Немере туып берсем, енемнің де мінезі жұмсарып, маған көзқарасы өзгеретін шығар деп алдандым. Әйтеуір, алдымнан бір жақсылықтың тосып тұрғанына сендім. Иә, арманым жеткізбеді, үмітім ақталмады. Енемнің ылаңы баласының сорын қайнатты. Қазақта “безбүйрек ана – мейірімсіз” деген сөз бар. Тілі ащы әйелдің долданғанда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Ал  мені қарғап-сілегенін естіп тұра алмайтынмын, сыртқа қашып шығатынмын. Кейде сол кісіге еш жамандық жасамасам да, қарғысы тиді ме деп ойлаймын. Ауыл үлкендері “маскүнем шеше болса да, тілегі қабыл болады” деп отырушы еді.
Күйеуім бұйырса әке атанатынын естігенде, әрине, төбесі көкке жеткендей қуанды. Ол жақсы хабарды анасына да жеткізді. Бірақ енемнің жүзінен қуаныштың лебі байқалмады. Әдетінше “Бұл бетпақ саған бала туып беріп, өз жағына алып кетуді ойлап жүрген шығар”, – деп тағы да байбаламға салды. Бұл жолы жолдасым шыдай алмай, анасына менің ондай ойым жоқ екенін түсіндіргісі келіп еді, одан бетер ашуға мінді. Атам көбіне жұмыс бабымен үйде болмайды, ол кісі әйелінің шайпау мінезін білсе де, маған жасап жүрген қиянатынан хабарсыз. Күйеуім үйдегі айғай-шудан сыртқа қашты. Баласы есікті тарс жапқанда ашулы енем “кеткеніңнен келме” деді. Туған ана баласына қалайша ауыр сөз айтады. Әлі күнге дейін енемді түсіне алмаймын. Шынымен де, күйеуім сол жолы үйге қайта оралмады. Достарымен қосылып, “ащы су” ұрттаған. Сөйтіп, көлікке отырған. Қараңғы түнде адам соғып кетті. Бір жамандықты сезгендей, сол түнді күйеуімді тосумен көз ілмей өткіздім. Бұған дейін үйге қонбай қалған әдеті болған емес. Таңертең жайсыз хабарды естігенде аспан айналып жерге түскендей болды. Атам Алматыда жүр еді. Ол да алып-ұшып үйге жетті. Енем болса, өзінің айыбын жуып-шаю үшін ол кісіге болған жағдайдың өңін өзгертіп жеткізді. Тағы да мені күйдірді. Күйеуім алты жылды арқалап кете барды. Судья мас күйде көлік жүргізген, біреудің өрімдей баласын соғып, мерт қылған адамды аясын ба.
Алты жыл аз уақыт емес, шарасыз күйде қалдым. Айдың-күннің аманында тыныштық бермейтін көк долы ененің ылаңы бұрынғыдан бетер күшейді. Өзім жаңа босанып, күйеуім түрмеге түсіп, етегім жасқа толып жүрген күндердің бірінде: “Балаңды ал да, төркініңе кет”, – деді енем. Бұл тығырықтан шығатын басқа жол жоқ еді. “Қайтып келген қыз жаман”, екенін жақсы білемін. Сондықтан алдымен қаладағы апа-жездемді паналап, сол үйге тоқтадым. Күндер зулап, айлар сырғып, жылдар жылжып өтіп жатты. Жолдасым мерзімінің тең жартысын өтегеннен кейін аман-есен үйіне оралыпты. Мені тоспағаным үшін кінәлады. Қайын жұртына келуді намыс көрді. Ол уақытта мен де жұрт қатарына қосылып, көрген қиындықтарым ұмытылып, жүректегі жара жазылып, баламның былдырлаған тілі мен қылығын қызықтап,  өмір сүріп жаттым. Сондықтан күйеуімнің таңдауына аса бір реніш білдірген жоқпын.
Ұлым екеуміз жалғызбасты егде жастағы орыс әйелінің қолында тұрдық. Ол бізді жатырқаған жоқ. Жолдасы өмірден озған, бұл қалада жақын туысы жоқ екен. Сондықтан бір бөлмесін бізге жалға берді. Зейнеттегі адамның қолы бос әрі ұлыма қарайласады. Ал мен зауытта есепшімін. Табысым жақсы, тамыр-танысым көп, азық-түліктен қысылмаймыз. Керек-жарақты үйіп тастаймын, ондайда үй иесі тіпті, көңілденіп қалады.  Бір-бірімізге туыстай боп кеттік.
“Ризагүл, сенің ниетің түзу, көңілің таза адам екеніңе көзім жетті. Сондықтан менің жүрегімнің дімкәс екенін білесің, ауырып қалсам аузыма су тамызатын жақыным сен ғана. Мына үш бөлмелі пәтерімді саған тастап кетемін”, – деді бірде ол кешкілік дастарқан басында. Ол уақытта мен жалғызбасты ана ретінде зауытта екі бөлмелі пәтерге кезекте тұр едім. Көп тостырмай жаңа үйдің кілті берілді. Бір емес, екі бірдей пәтерге ие болу өңім түгіл түсіме де кірмеген қуаныш еді. Алланың ризығы шығар, тұрмысымыз тез түзелді. Орыс әжейдің де көп ұзамай дәм-тұзы таусылды, мәңгілік мекеніне аттанды.
Жалғыз ұлымның табанына кірген шөгір, менің маңдайыма қадалсын, деп баламды ешнәрседен тарықтырған жоқпын. Не ішем, не кием демей өсті. Әкесінің жоқтығын білдірмеу үшін еркелеттім. Бірақ оның зардабы ауыр болатынын ойламаппын. Ерке балам есерлеу болды. Мектепті аяқтағаннан кейін институтқа түсірдім. Өйткені, өмірімнің мәні де, сәні де жалғыз ұлым ғой. Ол жерде жарытып сабақ оқымады. Колледжге барды. Онда да абырой таппады. Кейде ойлаймын, ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Адал жолмен жүрдім. Жалғызбасты әйелге қамқорлық таныттым. Ата-енеге қарсы келмедім. Күйеуімнің өмірін тасталқан еткен мен емес едім. Жалғыз баламды жеткізу үшін тыным көрмедім. Бірақ соңында өмірден таяқ жеп отырмын. Перзентім мүгедектік қамытын киіп, төсек тартып жатыр. Бес жылдан бері уайымның уын ішу қандай азап екенін айтпасам да түсініп отырған шығарсың. Баламның мұндай аянышты халге қалай түскенін білгің келетін шығар. Айтайын. Жеңіл автокөлік алып берші деп қылқылдай бастады. Алғашында қарсылық таныттым. Ара-тұра жастардың жиын-тойынан түн ортасы ауғанда бір-ақ келетін. Сондай кездерде маңайынан “ащы судың” иісі мүңкіп тұрушы еді. Араққа үйірлік танытпа деген ақылымды жүре тыңдады. Бірде көлік сатып әперсем, мүлдем арақ-шараптан бойын аулақ салатынын айтып сендірді. Сөзіне иланып, шетелдің бағасы удай қымбат “темір тұлпарын” алып бердім. Оны жарты жыл ғана тізгіндеді. Ақыры міне, мынадай болды. Жолдастарымен ішіп алып, жылдамдықты асырып, жүк көлігіне соғылған. Жанындағылар дін аман. Ал мұның жаз өмірі күзге айналды. Жастық ғұмыры қор болды. Тым құрығанда, соңында ұрпақ та қалмады. Не ұлы, не қызы болса, көңіліме жұбаныш тұтар едім ғой.
Әпке-жезделерім, іні-келіндерім қалада тұрады. Балам жол-көлік апатына түскен алғашқы жылдары келіп тұратын еді. Қазір олар да төбе көрсетпейді. “Бес жыл бойы төсек тартып жатқан баласының өкпесін кім тексеріп жатыр, ауру жұқтырып алсақ, қайтеміз”, деп күңкілдейтін көрінеді. Соңғы рет әпкеммен сөйлескенде інілерімнің өзара менің пәтеріме таласып, қырғи-қабақ болып жүргендерін айтты. Жалғыз ұлымның санаулы ғана күні қалды. Ол кетсе менің де жер басып көп жүре алмайтынымды туыстарым жақсы біледі. Иә, қалқам, өмірдің мен үшін ешқандай мәні қалған жоқ.

 

Дайындаған
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
 
 
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp