«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ИІРІМДЕРІ

 

Азаматтық парызына адал ғалым Аманжол Қошановтың өзі ғұмыр кешіп жатқан қоғамның, әлеуметтік ортаның, ең бастысы, замандастарының өмір-тіршілігін жан-жүрегімен түсініп, соны ой елегінен өткізгеннен кейін шындығына шырақ жағып, ақиқатын айтатыны өз ортасында бұрыннан белгілі жайт. Осы орайда ғалымның көмейінде бүлкілдеген қоғам мен адам туралы кейбір толғаныстарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

 

Үлкен орыс селосында бүкіл мектепте үздік болу қазақ баласына жүктелген біршама сенім болатын. Бұл сол кездегі оқу-тәрбие жүйесінің шовинизм қалдықтарынан біршама арылып, халық соғыстан кейінгі қиыншылықтарды иін тіресіп бірге атқарып, бірлікке бейімделген кезең еді. Көп жағдайда ұлтаралық төзімсіздік халық ес жиып, тояттаған кезде әлеуметтік теңсіздік етек алған жағдайда пайда болады. Әсіресе, идеология әлсіреп, қоғам “ішіп-жеп марқаюды” ғана мақсат еткенде. Бұл көрініс қай қоғамда болмасын өз кезеңінде бой көрсетіп отырады. “Тұтыну қоғамы” деп дамыған елдер кезінде ұрандатса, қазір бұл жағдай біздің қоғамда да орын алуда.

* * *
1950 жылы Мәскеуге оқуға баруға жиналып жүрген Кәкімбек Салықов біздің ауылдағы әкесінің туған інісіне сәлемдесуге келген екен. Онымен сол жолы таныстық. Кәкімбек ол кезде көңілі романтикаға толы, алысқа ұшуға қомданған қырандай болатын. Мені мектеп бітірген соң Мәскеуге оқуға баруға үгіттеумен болды. “Келешегіміз жарқын, қайда барсақ та бізге жол ашық. Тіпті, менің көзіме Нью-Йорк елестейді”, – деп айтатын. Шамасы келешек өміріндегі үлкен серпілістерге тиек болардай осындай мазасыздық, алысқа қанат қағардағы қомдану балапан қыранға керек-ақ табиғи құбылыс-ау, сірә.
* * *
4-курсқа барар жылы жазғы демалыстан кейін Мәскеуге жол жүргелі жатырмын. Тәтем (біз, жалпы әулет әкемізді “тәте” дейтінбіз) жылдағыдай Қызылжарға шығарып сала алмай, үйде төсек үстінде ауырыңқырап жатты. Дәл жүрерде мені қасына шақырып, сол жағынан орын берді. Қасымызда шешем, басқа туыстар бар. “Балам, үйден ұзап, өзге елге аттанып барасың. Оқуыңды тамамдағаннан кейін елге оралып, халқыңа қызмет еткеніңді қалаймын. Осы жерде шаңырақ көтергеніңді көргім келеді”, – деді. Тәтемнің сол жолы маған ескерткенін әрдайым есімде ұстап, бағыт-бағдардай қабылдағанымды ұмытпаймын. Жалпы, ақыл айтатын әке сөзіне құлақ асатын бала болуы керек. “Баланың көңілі далада” болған жағдайда драма-трагедиялар орын алып жататынына куәгер болып жүрміз.
* * *
Біздің буынның жастық шағы Хрущев заманына дөп келіп, қарапайым жұмысқа араласу қажет деп, ғылыми өсуімізді біраз тежеді. Докторлық диссертациямды отыздың ішінде қорғауға мүмкіншілік болғанда ғылыми жетекшілерім: “Қазір ғылым есейіп, марқаюды қажет етеді. Алдымен ғылымдағы еңбегіңмен таныл”, – деп біраз тежеді. Менің тұстастарымның ел ішіндегі қызметтері өсіп, көзге түсіп жатты. Әкем сыр бермеді. “Балам, бәрі орнына келеді”, – деген басу айтатын. Шамасы, ақыл тезіне салып менің келешегімді солай топшылады ма екен?..
 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp