Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында экономиканың негізгі салаларының бірі – аграрлық сектордың дамуына зор көңіл бөліп, нақтылы тапсырмалар береді. Ал “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту мақсаты алға қойылған. Яғни, еліміздің агросекторы үшін шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау міндеттері тұр.
ХХІ ғасырда дүниежүзінде азық-түлік өндіру аса маңызды мәселелердің бірі екені белгілі. Оның шешімін табуда мал шаруашылығы басты рөл атқарады. Бұл күндері көптеген елдер мал басын көбейтумен қатар, өнімділікті ұлғайып, тиімді технологияларды игеруді қолға алуда. Бүгінде азық-түлік тапшылығын сезініп отырған елдер бар. Ғалымдардың пікірінше, әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің жеті деңгейі қалыптасқан. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары әлемдегі азық-түлік жүйесінің дамуын өндірістік және нарықтық деп екі кезеңге бөледі. Бірінші кезеңдегі (1980 жылға дейінгі) мақсат азық-түліктің абсолюттік өсуі болса, екінші кезеңге (1980 жылдан осы уақытқа дейін) аграрлық саланың тиімділігін нарықтық құрылымдар арқылы көтеру тән. Тұрақты даму, ресурс үнемдеу, экологиялық қауіпсіздік, аймақаралық ықпалдастық, азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі XXI ғасырдың азық-түлік саласының негізгі үлгісі болып табылады.
Азық-түлік өндірісінің көлемін ұлғайту жолындағы өзекті мәселелерге қарамастан, халықтың жан басына шаққандағы энергетикалық тұтыну көрсеткіші өсуде. Соңғы жылдары сиыр, шошқа және құс еттері, сүт пен жұмыртқа өндірісі ұлғаюда. Бүгінгі күні Ресейде әр адамға жылына 230 кг. сүт, 43 кг. ет өндірілсе, Беларусь пен Қазақстан Республикаларында бұл көрсеткіштер біршама жоғары. Алайда, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 1990 жылдың деңгейіне жеткен жоқ.
Әлемдік нарықтың дамуын ескере отырып, азық-түлік мәселелерін шешудің алуан түрлі жолдары мен әдістерінің барына қарамастан, бүгіндері ұлттық өндірістің тұрақтандырылуына қол жеткізу басты бағыт болып табылады. Ғалымдардың пікірінше, нарықтың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайтын аумақаралық және мемлекетаралық құрылымдар болуы тиіс. Нарықтың жаhандануы, конъюктураның төмендеуі мен азық-түлік бағасының тұрақты өсуі, импорттың нашарлауы, мал басының қысқаруы, нарық инфрақұрылымдарының баяу дамуы және тағы басқалары азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін басты қатерлер болып табылады.
Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаhандану үрдісі оң ықпал етеді. Жаhандану үрдісіне Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) ұйытқы болуы тиіс. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы еліміздің осызаманғы әлемдік шаруашылық қатынастарға белсене араласуына мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласы азық-түлік қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғау мен аумақтардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта аграрлық секторды реформалау Қазақстан үшін өзекті мәселе болып отыр. Еліміздің ДСҰ-ға мүше болуына байланысты өзімізде өндірілетін тауарлардың сапасына ерекше мән берілуде. Отандық өнімдер әлемдік азық-түлік нарығында өзінің лайықты орнын дүниежүзілік стандарттарға сай болғанда ғана алады.
Мал шаруашылығын дамытуда жемазық базасының маңызын ескерсек, Қазақстанда 2008 жылдан бері жүгері өсіруге берілетін демеуқаржы көлемі 3,8 есеге өсті. Ал “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ы ірі қара мал мен қойды бордақылауды өнеркәсіптік жолға қойып, экспортқа жоғары сапалы ет шығару үшін бірқатар іс-шараларды қолға алған. Таяу жылдары еліміздің бес аймағында әлемдік стандартқа сай өңдеу орындары бар ірі бордақылау кешендерінің құрылысы аяқталып, мал өнімдерінің экспорттық әлеуеті кеңейетініне сенім мол. Сондай-ақ, шетелден мал сатып әкелудің де тиімділігі зор. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар 2007 жылы жасалған болатын. Ол кезде “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы Канададан 1,5 мың бас ірі қара әкелініп, лизинг арқылы Ақмола облысындағы “Родина” мен Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестіктеріне берілді. Бұл жұмыстар бүгінге дейін жалғасын табуда. Еліміздің әр өңірінде сырттан асылтұқымды 30 мың бас ірі қара әкелініп, тауарлы сүт кешендері іске қосылуда.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі де қолға алына бастады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңдеу саласын техникалық және технологиялық үрдістерге ынталандыру үшін 1,1 млрд. қаржы бөлінді. Бүгінде өңдеу саласының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр.
Мал шаруашылығында орта, ірі тауарлы фермаларды ашу арқылы өндірісті кеңейту маңызды. Республика бойынша асылтұқымды малдардың өзіндік үлесі жылқыда – 2,7 пайыз, шошқада – 7,2 пайыз, құста – 18,4 пайыз және қойда – 7,8 пайыз. Қолдан ұрықтандырудың орташа 33,4 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды толық пайдалану керек. Мал тұқымын асылдандыру үшін демеуқаржы тек ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетінін айта кеткен жөн. Яғни, мемлекет малдың генетикалық әлеуеттілігін көтеру мәселесінде ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына ден қояды. Ал жекеменшік ұсақ шаруашылықтарға келетін болсақ, оларға жергілікті атқарушы органдар өнімдерін өткізуге, өңдеу кооперативтерін ашуға қолғабыс жасап, өңделген өнімдердің сапасының жоғары болуына атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді. Облыстарда өңдеу саласы жергілікті атқарушы органдардың басты назарында болып, өңдеу кәсіпорындарын ашуға қызығушылық танытатын шаруашылық субъектілерін ынталандыру жұмыстары бірінші кезекте тұруы тиіс.
Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігінде сиыр, жылқы, қой еттерін және емдік қасиеті мол қымыз бен шұбат өндіруді қолға алу көзделуде. Бұл өнімдерді экспортқа шығару Қазақстан үшін де, кеден аймағындағы Беларусь, Ресей елдері үшін де маңызды. Әсіресе, олардың ғылым саласында бірлесе қызмет атқаруының рөлі зор. Біртұтас базалық дайындығы бар ғалымдар ашқан жаңалықтары және жазған еңбектерімен алмасып қоймай, аграрлық саладағы инновациялық жобаларды орындау мүмкіншіліктері де қарастырылуы тиіс. Бұл елдердің ауыл шаруашылығы саласында шешімін күтіп отырған көптеген ортақ мәселелері бар. Олар агроөнеркәсіп кешенінің дамуын ғылыми түрде қамтамасыз ете отырып, жүргізілген зерттеу нәтижелерімен алмасу не болмаса біріккен жобаларды жүзеге асыру арқылы Кеден одағы елдерінің жекелей және жалпы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.
Күлбарам БАЯЗИТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың оқытушысы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.