Өткен жылы жеңгем босанып, ағам қызының атын маған қойдыртты. Бір шарты бар. Қоятын есімім “А” әрпінен басталмауы керек және құрамында “гүл, нұр” деген сөздер болмағаны жөн. Аталмыш талапты ескере отырып, Інжу деп қоймақ болдым. Өтпей қалды. Бақсам, республикалық телеарналардың бірінде көрсетілген “Астана – махаббатым менің” атты телесериалдағы басты рөлдегі кейіпкердің аты Інжу көрінеді. Әйтеуір, бір есімді тауып, ол іріктеуден өтті. Ол есімнің үйдің үлкендеріне ұнағаны соншалық – ағамның “А” әрпінен басталмасын деген шарты жайына қалды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үстіміздегі жылдың І тоқсанында облыста 2062 нәресте дүние есігін ашыпты. Әр шаңырақ балаға “Қандай ат қойсам екен?” деген сауалға жауап іздеп, бас қатырғаны анық. Ағайын-туған, құда-жекжат, одан қалды көрші-қөлаң түрлі атты айтып, сананы сан жаққа жүгіртеді. Бұрындары жақсы, мағыналы ат табу үшін әдеби, тарихи кітаптарды ақтарсақ, қазір бұл мәселені шешуде телеарна мен Интернеттің көмегіне жүгінеміз. Ондағы аттар ұнамаса, қиыннан қиыстыратынымыз тағы бар. Сирек кездесетін ат болса екен дейміз ғой, баяғы. Осы “екеніміздің” арқасында жас нәрестемен бірге неше түрлі ат та дүние есігін ашуда. Біздің өңіріміз бойынша 2010 жылы Қызылжар ауданының тұрғыны қызына – Софивилория, 2011 жылы Петропавл қаласының тұрғыны қызына – Бедиярмаржан, 2012 жылы Қызылжар ауданының тұрғыны ұлына Мир-Амир деген ат қойған көрінеді. Әрине, бұл елді дүрліктірген Саммитхан, Саммитбек, Азиада, Адам, Адэм, Ассоль, Жанымсол, Бен Ладен, Елка деген “Ғажап” есімдердің қасында “айналайын”.
– Балаға қандай ат қойса да, бұл – ата-ананың құқығы. Бұл тиісті заңнамада бекітілген. Осы орайда АХАЖ органдары ата-ананың құқығын шектеп, балаға қандай ат қою керектігін айтуға құқықтары жоқ. АХАЖ мамандары тек баланың атын қалай дұрыс жазу қажет деген сұрақ туындағанда өз ұсыныстарын жасайды. Егер ата-ана өтініштерінде баланың аты осылай жазылсын деп көрсетсе, АХАЖ мамандары тіркеуге алуға міндетті, – дейді облыстық Әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Олеся Осадчая.
Өздерінің құқықтарын жақсы білетін ата-аналар көп жағдайда баланың өсе келе, өз ренішін айтуы мүмкін екендігін ұмытып кетеді. Содан да болар, бүгінде өз атын өзгертетіндер де бар. Олеся Александровнаның айтуынша, бала өмір бойы ата-анасы қойған емес, басқа есіммен аталып, кейіннен ол көпшілікке кеңінен таныс екінші есімді заңды түрде алатын көрінеді. Жоғарыда аталған Софивилория, Бедиярмаржан, Мир-Амирлер қазірдің өзінде мәселен, София, Маржан, Амир атанып жүрген болар? Бір қуантарлығы, әркімнің қиялынан туған “инновациялық” есімдермен қатар Таңшолпан, Несібелі сияқты архаизмге айналған есімдер де жаңғыруда.