«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНШЫЛДЫҚ ОТ БАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

“Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан”.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауынан).

…Арды ойлаған бабалар-ай, десеңші! Тағылымның нәрін жүрекке құюда алдымен сөзді ардан бастаған ғой. “Арлы адам жарлы болмас” деген ұлағатта жанға даритын ұлылық барын кім жоққа шығарар?

 

Ар – адамды сүюден, өмір сүріп отырған ортаңа, Отаныңа ықыласыңнан, тіпті, осы жолдағы жанпидалығыңнан аңғарылады. Жанпидалық – ізгіліктің көрінісі. Көрпені өзіңе қарай тартпай, өзгеге көлеңкеңді түсірмей өмір сүруге болады. Күнкөріске ғана құмарлық, өз бас қамын ғана күйттеушілік, адамның күні адаммен екенін елемеушілік – тоғышардың тірлігі. Тоғышар туғанына да, елі-жұртына да жат болатынын дүниенің данышпандары айтардай-ақ айтып кеткен. Осы орайда қазақтың ойшыл ақындарының бірі әрі бірегейі Қадыр Мырза-Әлінің баяғы студент кезімде оқып, жадымнан шықпай жүрген мына бір жыр шумағын алға тартқым келеді:

Біреулер бар, оларға тек

бас – қайғы,

Халықты айтсаң, қадам алға

баспайды.

Олар үшін алып Отан – бір ауыл,

Жақсылығы сол ауылдан

аспайды!

Қадыр ағаның осы бір асыл ойын әсте ұмыта алмай келемін.

Біздің бабаларымыз, әсіресе, құндақтап, бесік тербеткен аналарымыз отаншылдықты ұрпағына бесік жырымен дарытқан. Кеңес өкіметі тұсында ұлттық тәрбиеге тура беттей алмадық, бір қазанға екі қошқардың басын салғандай, өктем-зорлықпен әр халықтың өзіндік елжандылығының жолы қиылды. Бір өкініштісі, ұлттық қасиетке бой алдырған Алаш асылдарының көздері жойылып, олардан кейінгі жақсыларымызды жасытып жіберген күш-пәрменнің ғұмыры ұзақ болып, еліміздің тәуелсіздігі жеткен күні ғана желкесінен қиылды. “Бұрын – батыр, бүгін – қорқақ, бұғады”, деп Мағжан тайсалмай айтқан тірліктің тамырына балтаны Тәуелсіздігіміз шапты.

Тәуелсіздік – аса тәтті ұғым. Оның бойында бұрынғы ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың санғасырлық армандары, көксеген үміттері тоғысқан. Оны асқан сақтықпен сақтай білу керек. Қазақстанның геосаяси жағдайы мұны ерекше қажет етеді.

Елбасымыз “Қазақстан – 2050” Стратегиясында әлемдік тұрғыдан ойлап, пайымдайтын көрегендігімен, кемеңгерлігімен тағы да қайран қалдырып, елімізге, демек Тәуелсіздігімізге төнетін сынқатерлерді талдап, саралап отырып, көрсетіп берді.

Айталық, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. Күш-қуаты мықты, дамыған елдер өздерінің табиғи байлықтарының қорын молайту үшін өзге дәрменсіз елдердің есебінен баюды көздейтіні белгілі. Парсы шығанағындағы мұнайлы-газды мемлекеттерде азаматтық соғыстардың от-жалыны лаулауы сырттан жасалған арандату екенін ешкім жоққа шығармайды. Іштегі билікқұмар оппозицияның қолтығына су бүркіп, қару-жарақпен қамтамасыз ету де кейбір азулы мемлекеттердің әлсіздерді талапайға салуының әдеттегі, үйреншікті әрекеті. Демократияны сылтау етіп, өзге мемлекеттердің ішкі өміріне сырттан қол сұғуға иек арту тек сол азаматтық соғыстар өршіп отырған дәрменсіз елдердегі жалған отаншылдардың арам пиғылы ғана.

Азық-түлік қауіпсіздігі де өте негізі бар қатер. Біріккен Ұлттар Ұйымының ең соңғы деректеріне қарағанда, бүгінде жер-жаһанда адамдар саны күрт өсіп, 2009 жылы 6,6 миллиард болса, Азияда тұратындар мұның жартысынан асып түседі (мысалы, Қытайда – 1 млрд. 363 млн., Үндістанда – 1 млрд. 198 млн., Индонезияда – 240 млн., Пәкістанда – 182 млн., Бангладеште – 162 млн., Жапонияда – 127 млн.).

Халықтың бұлай шоғырлануы жер аумағының тарылуын, азық-түліктің тапшылығын тудыратыны белгілі. Сондай-ақ дүниежүзінде ең кедей 48 мемлекет болса, оның 33-і – Африкада.

Осы кедей мемлекеттердің қатарында біздің кейбір азиялық көршілер де бар. Олардан көші-қон керуені төңіректегі елдерге тоқтаусыз ағылуда. Елбасымыз сын-қатерлерді алға тартқанда бұларға да айтарлықтай мән-маңыз берді. Алайда, “Біздің “осал тұсымыз” деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық”, деп Жолдауда атап көрсетілгендей, әрбір қазақстандықтың этносына, діни наным-сеніміне қарамай, өз Отанын сүйетіндей тәлім-тәрбиені қалыптастыруымыз керек.

Бұл орайда біздің тарихымызда халықтар достығының тамаша мысалдары жеткілікті. Есте жоқ ескі замандардан бері тамыр тартқан бұл достықты елжанды адамдар қалыптастырды. Күніміз ортақ, ырысымыз ортақ, қуанышымыз ортақ, қайғы-мұңымыз ортақ ел болу осындай берекелі тұрмыстан қаланады. Іріткі салатындарды емес, ұйытқы болатындарды тыңдай білсек, өштікке емес, достыққа бейімделеміз.

Отаншылдық от басынан бастау алуға тиіс. Шаңырақта шыр етіп дүниге келген әр сәбиге ата-анасы елді ардақтауды, көршілермен тату-тәтті тұрмысты құрметтеуді, егделерге ілтипатты, танысқа да, бейтанысқа да жанбауырлықты дарытып отыруы керек. “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!” деген ата нақылының ұлағаты қандай десеңізші!

Үй тәрбиесімен балабақша, мектеп тағылымы ұштасуы қажет. Бұл орайда бізде көп істер тындырылатыны белгілі. Мектеп жасына дейінгі білім мекемелеріндегі әрбір әңгіме, шара, тәрбие сағаттары Отанды сүюге арналса, мектептерде, арнайы және жоғары оқу орындарында бұлардан әлдеқайда мазмұнды лекторийлер, пікірталастар, сабақтар өткізіледі. Студенттердің, оқушылардың отаншылдық тақырыбындағы байқаулары жылма-жыл өткізіліп келеді. Олардың мазмұны мен түрі өзгерсе де, темір-қазығы бұлжымайды. Ол – Отанды сүю, елжандылық.

Елбасымыз бұл орайда жас ұрпақпен жүздесуге айрықша мән-маңыз береді. Айталық, 2012 жылдың 16 қарашасында Астанада “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінің делегаттарымен кездесуде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: “Мен Сіздерге сенемін, жас қазақстандықтар! Мен Сіздердің біздің еліміз – Қазақстанға деген сүйіспеншіліктеріңізге сенемін! Мен әрқашан бірлікті, тұрақтылықты қорғайтындықтарыңызға, демек, біздің Отанымыздың болашақта өсіп-өркендейтініне сенемін! Бұл дүниеде бізде бір ғана Отан, бір ғана Жер, бір ғана Аспан бар. Біздің Отанымыз ортақ, демек, Жүрегіміз де біртұтас” деп еді ғой. Неткен ұлағатты ойлар десеңізші?!

“Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі”, – деп қадап айтылды. “Қазақстан – 2050” Стратегиясында. Онда елжандылықтың үлгісі ретінде қазақстандық спортшылардың 2012 жылғы жазғы Лондон Олимпиадасындағы бұрын-соңды болмаған табысы – 205 мемлекеттің ішінде 12-ші орын алғаны зор мақтаныш сезімімен тағы да айтылды.

Расында да, өткен жылдың шілдесінің соңында Лондонға көз тігіп, құлақ салған әрбір қазақстандық туған ел өкілдерінің жеңісіне қалайша масайрағанын айтып жеткізу оңай емес. Бұл жетістіктер біздің бірлігімізді одан әрі нығайтып, берекемізді асыра түсті.

Қазақстандық мәдениет қалыптасқан мемлекеттің сипатын айғақтай отырып, қоғамды ұйыстырушы зор күшке айналғанын білеміз. Елбасы бұл сала қызметкерлерінің алдына әлемге ең танылған 30 мәдениеттің қатарына кіру жөнінде қойылған мақсат туралы 2013 жылғы 9 қаңтарда Алматыдағы резиденциясында әдебиет және өнер қайраткерлерімен болған кездесуде атап айтты. Осы басқосуда Президентіміз мәдениет пен өнердегі патриоттық қоғамымызда болып жатқан ұлы тарихи оқиғаларда көрініс табуы керектігіне де тоқталды.

Өнердегі патриоттықтың негізін қалайтын ұлт мақтаныштарымыз жетерлік. Мысалы, Тәуелсіздік күніне орай Астанада болған концертте шетелдік әншілер қазақтың халық әндерін, Естайдың “Құсни-Қорланын” шырқағанда төбеміз көкке жеткендей болдық.

Ал атақты әншілеріміз бен күйшілеріміз өзге мемлекеттердегі концерттерде Абайдың, Біржан салдың, Ақан, Сегіз серілердің, Үкілі Ыбырайдың әндерін және Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дәулеткерейдің, Динаның күйлерін орындап, ұлттық өнерімізді асқақтатып жүр. Өнердегі патриоттық деген осы емес пе?!

Біздің еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің жалпықазақстандық құрметке бөленуі айрықша қуантады. Гимніміздің, Елтаңбамыздың, Туымыздың қай мекемеде, қандай да бір этностар шоғырланған жерлерде болсын, ардақталуы – отаншылдықтың көрінісі. Осы орайда қоғамымызда қазақ ұлтының тілін, дәстүр-салттарын өзге этностардың қадір тұтуының да маңызы зор. Қазір қазақша жатық та, мүдірмей сөйлейтін өзге этностар өкілдерінің көбейгені де көңілден шығады. Мектептерде орыстілді оқушыларға қазақ тілінде сабақ беретін орыс мұғалімдері, теледидарда, радиода қазақша ең жоғары талапқа сай хабар жүргізетін орыс азаматтары жетерлік.

Тілді құрметтеу – ұлтты құрметтеу, елді сүю. Ол да бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешіп жатқан, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір азаматтардың отаншылдық сезімінің айғағы деп білеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp