«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗҒАНЫШ ҚАСІРЕТІ (Болған оқиға ізімен)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қырғыз МҰСАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Қотанның қақ ортасындағы бұл мектеп көрген көзді сүйсіндірмей қоймайды: оны Түменнің қарағайларынан қиып салған жергілікті ағаш шеберлері еңселі ғимаратты мін-мүлтіксіз тұрғыза білген! Су алмайтын дөңестеу жерге қоныс тепкен мектеп алыстан мен мұндалап тұрады. Бөренелерінің құлақтары аппақ болып әктелген ғимарат мәңгілік мекенді елестетуші еді.

 

7-8 гектарды алып жатқан мектеп хан сарайы сияқты күмбірлеп тұратын еңселі. Сынып бөлмелері ұядай жып-жылы. Ағаш парталар әр оқушыға әбден лайық еді: теңкигендері – жоғары сыныптағыларға, шағындары – бастауыштың балаларына.

Басқа мектептерде көзге түсе қоймайтын жасыл желектер мен қызылды-жасылды гүлдер мұнда жайқалып тұратын. Мектептің талдан тоқылған қоршауы ешкі секіріп түсе алмайтындай берік.

Негізінен, осы ауылдың тумалары ұстаздық еткен бұл мектеп аудан көлемінде аты шыққан оқу ордасы бола білді. Ауласында еліміздің алғашқы ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ақ мәр-мәрдан қашалған мүсіні пәктіктің белгісіндей болып көрінетін.

Әсет пен Әсем, міне, осы мектепте оқыған. Екеуінің жұбы жазылмауы әбден қисынды еді: өздері бір көшенің бойында тұрады; әкелері – механизаторлар, аналары – мектеп ұстаздары. Сондықтан егіз қозыдай бірге өсті, бірге жетілді, мектепке бірге барып, бірге қайтатын.

“Махаббат партадан басталады” деген рас қой. Бірі – алтыншы, екіншісі – бесінші сыныптарда оқып жүрген екеуінің бір-біріне мейірімі анық аңғарылды. Ол кезде ұлдар айна мен тарақ сыйлайтын, ал қыздар кестелеп, шетін қызыл жіппен жиектеген ақ орамалды ұсынатын. Бұл – махаббат лебі біліне бастады деген сөз.

Ол кезде кинофильмдер сирек, оның өзінде де мектептің кең залында движоктың күшімен көрсетілетін. Әркім отыратын орындығын үйлерінен ала келетін. Солардың арасында Әсет пен Әсем де үнемі бірге болып, қуаныш құшағына бөлене білді.

Олар сыныптан сыныпқа көшіп, ілгерілей берді. Әсет болса, әрине, орта мектепті Әсемнен бұрын бітірді. Оған “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген ұстаным ұнады: шалғайдан оқу іздеген жоқ, жақын жердегі механизаторлар курсын бітірді.

Трактор атаулыны ұршықтай үйірген ол туған ауылының даласын дүбірлетті. Бала күннен бірге өскен Әсемін ұзақты күн көре алмаған ол сағынышын сары далаға жайып салды: “Құмарым да, сыңарым да сенсің, Әсем! Сенсіз менде өмір жоқ сияқты. Жатсам-тұрсам көз алдымда сен тұрасың, сүйіктім! Алыста жүрсем де, жақында жүрсем де аңсаймын. Сені ешқашан есімнен шығармаймын!”.

Әсеттің техниканы тез меңгергенін әрі ұқыптылығын байқаған бригадир: “Сен “Беларусьті” біліп болдың, енді көптен бері жай тұрған шынжыр табанды “ДТ”-ны қолға ал”, – деді. Тілі байланғандай тым-тырыс тұрған тракторға “жан” бітіру аса қиын болған жоқ: бір күні дүр еткізгенде бүкіл ауыл қуанды.

“Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” демекші, Әсет елдің елеулі азаматына айналды. Әйтсе де, махаббаттың алдында кім болса да дәрменсіз: ғашықтық дерті жеңбей қоймайды. Әсет Әсемнің сұлулығына ғана тәнті емес, оның әндерін де сағынады. Жан сұлулығын жоғары қоятын ол одан сайын Әсемге ынтыға түседі. “Айым да сен, Күнім де сен, жердегі гүлім де сен!” – деп өз-өзінен еміренеді.

Екеуінің талай жылғы махаббатына ел де куә, тіпті, жел де куә. Сондықтан ауыл тұрғындарының бәрі де іштей тілектес болып жүрді. Әсемді “Қызжібек” деп құрметтеді.

Сөйтіп жүргенде жоғары оқу орнын бітірген Орал деген агроном көктен түсе қалғандай болды. Сол Орал келіп еді – қаңқу сөздер көбейді: “Әсем Оралмен кездесіпті” деген сияқты. Әсет болса бұған мән берген жоқ: тракторын дырылдатып, жұмысын істеп жүре берді.

Бірде “ДТ”-сымен көше бойлап келе жатса, – мәссаған, – Әсем мен Орал сүйісіп тұр.

Әсеттің көзі қарауытып, денесі тітіркеніп кетті. Ашуға булыққан қалпы үйіне келіп, таза көйлегі мен таза костюмін кие сала тракторына бірақ ырғыды. “ДТ”-сын дөңестеу бір жерге тоқтатты, бірақ моторын сөндірген жоқ. Бір парақ қағазға: “Әсем, мен сені сүйіп едім” деп жазды да, қағазды астына басып, трактордың жолына жата қалды. Ол трактордың кабинасындағы муфтаны ауыр темірмен бастырып қойған еді. Мотор болса дар-дар етеді. Сәлден соң соның дірілімен муфта іске қосылмақ…

Ақыры осылай болды: ол тракторының астында жан тапсырды. Ел у-шу, азан-қазан. Әсеттің ата-анасы қайғыдан қан жұтты. Ұлының қайғылы қазасының құпиясы да ашылды: жазып кеткен қағазын бәрі оқыды. Мұндай ащы өлімді кім көрген?! Бәрі де солқылдап жылады…

Араға айлар салып, Әсем мен Орал қосылды. Олар екі ұл, екі қыз көріп отыр. Солардың біреуінің есімі – Әсет. Әсемнің қолынан келгені осы болды. Бұған қоса бой тасалап барып, Әсеттің басына гүл шоғын қойып отырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp