«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫРОЙЫ АЙРАНДАЙ ТӨГІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жемқорлық – бүгінгі қоғамның дерті. Сенімді ақтамағандар саны биыл былтырғыға қарағанда еселене түскеніне мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің деректері дәлел. Нақтырақ айтар болсақ, жыл басынан бері 103 жемқорлық қылмыс тіркелсе, соның 59-ы бойынша тергеу аяқталыпты. Пара алу қылмысы бойынша 30 іс қозғалған. Жемқорлардың елімізге келтірген шығыны да шаш етектен, 98,3 миллион теңгені құрайды. Сот шешімімен көмейін ақша тескен 25 азамат бүгінгі күні темір тордың ар жағында жазасын өтеуде. Ал кейбір парақор мемлекеттік қызметшілер еліміздің Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге орай ел қазынасына миллиондаған айыппұл төлеуге мәжбүр. Қалтасын қампайтқысы келгендердің арасында әкімдер де, полицейлер де, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар.

Жалған әкімшілік материал үшін ақша бопсалаған, бірақ айласын асыра алмаған парақор екі полицей түрлі мерзімге шартты түрде жазаға кесіліп, шендерінен және қызметтерінен айрылды. Биыл полицейлердің атына кір келтіргендердің бірі – ішкі істер департаментінің желілік станция бөлімінің әкімшілік полициясы бөлімшесінің бастығы. Ол қызмет бабын асыра пайдаланып, алкоголь өнімін таситын азаматты “қамқорлығына алған”. Ол үшін 20 мың теңгені қалтасына басқан. Бірақ алғаны желкесінен шықты, парақор полицей өмір бойы құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қызмет істеу құқығынан айрылып, бар дүние-мүлкі тәркіленді. Оған 1 миллион теңге айыппұл салынды. Тағы бір тәртіп сақшысы 100 мың теңге пара алу үстінде ұсталды. Мас күйде көлік басқарған жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырмауға уәде берген жемқор полицей 3,5 жыл бойы жазасын абақтыда өтейтін болады. Осы қылмысқа қатысы бар басқа да тәртіп сақшылары лайықты жазасын алды.  

Биылғы жылы Петропавл қалалық қорғаныс істері басқармасының полковнигін жемқорлық қылмысқа қарсы департаменттің мамандары қылмыс үстінде ұстады. Парақор полковник әскери кафедра курсантына медициналық комиссиядан өтуге қол ұшын берудің құнын 1 мың АҚШ долларына бағалаған. Қостанай гарнизонының әскери соты парақорға 11 миллион теңге айыппұл төлеуге шешім шығарды. Береген курсант та жазасыз қалмады, ол 5 миллион теңге айыппұлмен ел қазынасын толтырды.

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бөлінетін миллиондаған қаржыны жымқырғандар аз емес. Мамлют ауданының “Коммунсервис” кәсіпорнының директоры бюджет қаржысын екі жыл бойы ұялмай ұрлап келген. Айыртау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы да аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 2014 жылдан бастап атқарылған жұмыстарға жалған акті жасау арқылы “Айыртау су” кәсіпорнына сумен жабдықтау қызметі үшін ақша аударып отырған.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp