«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА НЫСАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданында бірнеше нысан ашылды. Талшық ауылында қоғамдық монша мен Горьковское ауылында екі өндірістік цех пайдалануға берілді.

Талшықта салынған моншаны жеке кәсіпкер Ақмарал Қосатова “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жүзеге асырды. Мемлекеттік қордың несие қаржысына салынған моншаның құрылысында барлық санитарлық талаптар ескерілген. Ғимараттың іші кең әрі жарық.

Горьковское ауылында кәсіпкерлер екі өндірістік нысанды іске қосты. Соның бірінде – “Каппес” жеке кәсіпкерлігі мал шаруашылығына қажетті жемазықтық биологиялық қоспалар дайындамақ. Нарықтағы сұранысты мұқият зерделеген кәсіпкер Вилли Каппес бүгінгі күні мал шаруашылығымен шұғылдану тиімді екеніне көз жеткізіп отыр. Мақсаты – бірнеше компоненттерден тұратын дәруменді қоспа жасап, өзіне табыс көзін табу әрі сұранысты қанағаттандыру. Малды семіртуге зор ықпал ететін оның “Сибирская рябушка” дәрумендері ветеринарлық дәріханалар арқылы фермерлерге сатылмақ.

Аталмыш ауылда ашылған екінші нысан – ет пен ұннан тағам жасайтын цех. Ол өндірісті іске қосып отырған “Осадчая” жеке кәсіпкерлігі. Оксана Осадчаяның бұл істе тәжірибесі мол. Кәсіпкерлікті мейрамханалық бизнестен бастаған Оксана Павловнаның Новосел ауылдық округінде бірнеше нысаны жұмыс істейді. Енді жартылай дайын тағамдармен тұтынушыларды өзіне тарта түспек. Бұл екі кәсіпкер төрт адамға жұмыс орнын тауып берді.

– Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елді мекендерде өндірістік нысандарды ашуға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біздің ауылдық округте екі бірдей өндіріс орнының ашылуы – Президентіміздің тапсырмасын орындау жолындағы құтты қадам. Кәсіпкерлеріміздің өнегелі істері басқа тұрғындарға үлгі болуға тиіс. Олар жұмыс орындарын ашумен қатар, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады. Ал мемлекет бизнеске қолдау жасауда аянып жатқан жоқ, – деді Новосел ауылдық округінің әкімі Шайхислам Нұртазин.

Болат ӘМРИН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp