«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСШЫ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ басып, жаһандық дағдарыс біздің еліміздің де экономикасын шатқаяқтандырып тұрған шақта жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты халыққа Жолдауы “алда не күтіп тұр?” деген күпті көңілдердің болашаққа сенімін оятты. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өтпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келетініне тоқталған Елбасы тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі екенін айтты. Осыған орай 2017 жылдан бастап жаңа жоба – “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы басталатынын жария етуі бізді зор қуанышқа бөледі.

Тамырын тереңге тартқан Айыртау ауыл шаруашылығы колледжінің негізі қаланғанына – 80 жыл. Ол 1935 жылдың шілде айында комбайншыларды даярлайтын мектеп ретінде ашылды. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын аудандардың кіндігі болғандықтан, таңдау Лобаново ауылына түскен.  

Мектептің алғашқы құрылған күнінен бастап мамандар даярлау жоспары алға тартылып, қызу жұмыс басталды. Машина-трактор станциясына жаңа техникалар әкелінді. Мектепте даярланатын мамандықтар түрлері кеңейтіліп, материалдық-техникалық ахуалын жақсарту жұмыстары қолға алынды. Алғашқы жылы 600 адам алты айлық курстарда комбайншы және тракторшы мамандықтарын игерді. 1933-1941 жылдары оқу орны екі айлық курстарда негізгі мамандықтармен қатар көмекшілер, трактор бригадаларының жетекшілерін, жөндеу шеберханаларының ұсталарын даярлады. Соғыстың алдындағы алты жыл ішінде аталмыш мектепте түрлі мамандықтар бойынша 4600 механизатор оқып шықты.

Алайда, кенеттен басталған соғыс ауыл шаруашылығы мен училищенің жұмыс жағдайын да, кестесін де күрт өзгертті. Механизаторлардың барлығы дерлік соғысқа аттанды. Ауыл шаруашылығына мамандар жетіспеді, оларды даярлайтын оқытушылар мен нұсқаушылар соғысқа кеткендіктен, бұл да қиындыққа әкеліп соқтырды. Соғыстан кейінгі жылдарда Лобановодағы механизаторлар мектебінде жаңа кезең басталды. Онда тракторшылар, шалғы жүргізушілер, электрмен қырқатын машиналар мен сауын агрегаттарының бригадирлері сияқты жаңа мамандықтар иелерін даярлау қолға алынды. Оқушылар соғыстан қайтқан солдаттар болды. 1946-1953 жылдары училищенің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Түлектердің көпшілігі өз істерінің нағыз шеберлері атанып, өмірден өз орындарын тапты.

Тың игеру кезінде біздің түлектердің арасынан ауыл шаруашылығын ұйымдастырушылар, трактор бригадаларының бригадирлері шықты. Колледж түлектерінің арасынан он адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Олар: Лобаново ауылынан – Кенжетай Рамазанов, Зеренді ауданынан – Ерәлі Боқтаев, Арық ауылынан – Николай Карпухно, Мамлют ауданының механизаторы Петр Пономарев, Червонное ауылынан – Василий Киричек, Келлер ауданынан – Иван Сазанов, “Рузаев” кеңшарынан – Григорий Грицой, Чистопол ауданынан Иван Сибиряк, Василий Пышмынцев еді.

Өздерінің кәсіби жолдарын жұмысшы болып бастаған училищенің түлегі Иван Усатов экология ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне көтерілсе, Лобаново кеңшарынан Александр Битюков пен “Тахтаброд” кеңшарының директоры Иван Ермолаев Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанды. Тағы бір түлегіміз – Василий Шелема “Победа” кеңшарын ондаған жылдар бойы басқарды. Түлектердің арасында Үкімет наградаларына ие болған ауыл шаруашылығын шебер ұйымдастыра білген кеңшар басшылары, партия қызметкерлері мен бас мамандар, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген механизаторлар көптеп саналады.

Осындай даму сатыларынан өтіп, ауыл шаруашылығын қажетті мамандармен қамтамасыз еткен оқу орны бүгінгі таңда колледждің жаңғыртылуына баса мән береді. Өйткені, кәсіби-техникалық және жоғары білім беру ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстап отыр. Оқу орнының жаңғыртылуына мемлекет, бизнес және азаматтар да мүдделі. Адамзат әлеуетінің дамуы арқылы мемлекет еліміздің экономикасының дамуына мүмкіндік жасайды, сөйтіп, бизнес жоғары білікті кадрлармен қамтылады, ал азаматтар еңбек нарығында сұранысқа ие болып, жоғары еңбекақыға қол жеткізеді.

2011 жылдан бастап еліміз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Бүкіләлемдік даму банкінің кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғыртуды жетілдіруге бағытталған бірлескен жобасын жүзеге асыра бастады. Кәсіптік және техникалық білім беру орталығының мақсаттары мен міндеттері көп қырлы. Мәселен, оған өңірімізде техникалық және қызмет көрсету саласы кадрларын даярлаудың халықаралық тәжірибесін (норвегиялық, германиялық) енгізу, оқу-тәрбиелік үдерісті жетілдіру бойынша нормативтік-әдістемелік құжаттарды әзірлеу, тағы басқаларын жатқызуға болады.

Айыртау ауыл шаруашылығы колледжінде кадрларды сапалы даярлау, жұмыспен қамту қызметінің рейтингтік бағасын енгізу, еңбек адамына, кәсіптік-техникалық білім алуға деген оң көзқарас қалыптастыру мақсатында кәсіби бағдар жұмысы жүргізіледі. Осы бағытта кәсіпорындармен, әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастық орнатылған. Заманауи жоғары технологиялық материалдық-техникалық базаны қалыптастыру үшін 2012 жылы бір жаңа комбайн, “МТЗ-80” тракторы, “ГАЗель” және “Chevrolet” автомобилі алынды. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген 25 млн. теңгеге “Паз-32053”, “Lada Samara-115” автокөліктерін алдық. Жатақханаға 69 млн. теңге көлемінде жөндеу жұмысы жүргізіліп, мультимедиалық кабинет жабдықталды.

Біздің көптеген түлектеріміз өмірде жолдарын таба білді, өз істерінің шеберлері атанып, ауыл шаруашылығында, өндіріс орындарында және тамақтандыру кәсіпорындарында еңбек етуде. Ауданымызда біздің түлектер жұмыс істемейтін бірде-бір ұйым мен кәсіпорын жоқ деуге болады.

Колледж ауданымыздағы ауыл шаруашылығы құрылымдары және кәсіпорындарымен әріптестік тығыз байланыс орнатқан. Аспаздықты және көгалдандыру ісін оқып жүрген студенттеріміз Новосветловка ауылындағы Федор Мусиенко басшылық ететін “Новосветловка-Әліби” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тәжірибеден өтті. Дипломдарын алған соң олар сол кәсіпорында жұмыстарын жалғастырып жүр. Жанат Төлепбергенов тәжірибеден өту кезеңінің алғашқы күнінен-ақ жұмысына деген жоғары жауапкершілігімен көзге түсті. Ол Әлжан ауылындағы “Сармар-Агро-А” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Сәлім Байбазаровтың қарамағында механизатор болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ, студенттер Мұқыр ауылындағы “Қошар” ЖШС басшысы Орал Шәріповтің, “Юдинка” фермерлік шаруашылығының жетекшісі Марат Имамбаевтың есімдерін зор ілтипатпен атайды. “Жарқын-СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Елмағановтың қарамағында еңбек еткен колледждің бірнеше студенті жұптарын тауып, отбасын құрды. Оларға шаруашылық басшылығы тұрғын үй бөліп, материалдық көмек көрсетіп, тұрмыстарын түзеп алуға жағдай жасады. Бұл студенттер осы кәсіпорындарда еңбек жолдарын жалғастыратын болады.

Сайлау ЖАНАЕВ,

Айыртау ауыл шаруашылығы

колледжінің директоры.

Лобаново ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp