«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданының Новопокровка ауылында туған Тай Елеусізов 21 жасында майдан даласынан «Соғысқа жарамсыз» деген медициналық ұйғарыммен Петропавлға жіберіледі. Осында орналасқан госпитальдың оташылары екі аяғын бірдей кесу қажеттігін айтады.

Балдаққа сүйеніп күн көруді ойлаған жас жігіт отадан бас тартып, туған ауылына жол тартады. Бұл уақытта, 1945 жылдың тамызында, жаудың тізе бүккені туралы хабар шалғайдағы ауылдарға жаңа жетіп, ел-жұрт зұлым дұшпанның күйрегеніне қуанышқа бөленгенді. Ауылдастары жаралы болса да, туған жерге оралған майдангерлерді құшағына алып жатқан кез. Сау келгендердің жөні тіпті бөлек: олар туған топыраққа табандары тиісімен бейбіт еңбекке араласып кеткенді.  

Ауылына осылайша оралған Тай Елеусізов трактор мініп, егін орағына кірісіп кетті. Аяқтарының жаралы екенін елең қылмай, техниканы мүлтіксіз жүргізді. Тәйірі, майданда танк жүргізген командир жігітке тракторды басқару қиын болып па?

Оның осындай әпжіл, жылдам қимылын байқаған шаруашылық басшылары жүргізушілік міндетті жүктеді. Батыл да жігерлі жігіт тапсырылған істі ұршықтай үйіріп әкетеді. Ауылдастары оның тиегі аса ағытыла бермейтін әңгімелерін тыңдауға құмар еді. Ол Шығыс Пруссияда болған жан алысып, жан беріскен соғыстың бірінде екі аяғынан бірдей жараланады. Бірақ болған іске болаттай болуға майданда шыныққан жігіт өмірден озғанша мұны алға тартпады, қатардан қалыспады да.

Оның осы сырқатын сүйіп, таңдаған жан жары Шәмшат білмеді емес. Сонда да өзі ұнатқан жігітке тұрмысқа шығып, жас жұбайлар 1950 жылы қазіргі Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылына қоныс аударды. Осылайша бұл ауыл Елеусізовтердің үлкен шаңырағына қолайлы қоныс болды.

Бұл ауыл, расында да, үлкен болатын. Негізгі тұрғындары – Украина мен Ресейден жер аударылған немістер.

Осында мал семірту кеңшары орналасқанды. Соған қоса, аталған шаруашылық егіншілікпен де айналысты. Т. Елеусізов мұнда да жүргізуші болып еңбек етіп, іскерлігімен, тиянақтылығымен көзге түсті. Басшыларға, әсіресе, оның тапсырылған іске жоғары жауапкершілігі ұнады. Сол себепті оны қырманның меңгерушісі етіп тағайындады.

Біраздан соң кеңшардың құрылымы өзгеріп, ол аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне айналды. Бірақ қырман меңгерушісі баяғыша өз қызметінде қала берді.

Т. Елеусізов жайында ауылдың қазір де көзі тірі ақсақалы Бәйкен Әубәкіров былай дейді:

– Тай өз ісіне өте тыңғылықты әрі жауапты еді. Әрине, білуімше қырман меңгерушісінің жұмысы оңай емес. Қырмандағы техникалар тоқтаусыз істеуі үшін қыл бабында болуға тиіс. Сынғандарын дер кезінде жөндеп, іркіліске жол беруге болмайды. Техникалардың бірі астықты қабылдап жатса, екіншісі кептіреді. Ол кезде қол жұмысы көбірек атқарылады. Ол осы жұмысты қолдан келгенінше игере білді.

Ал, жасыратын несі бар, орақ кезінде бидай, тұқым ұрлау болмай тұрмайды. Басшылар бұл іске жауапкершілік жүктеген соң қырағы болуың керек. Міне, Т. Елеусізов осыны тиянақты атқарып, астық ұрлығына жол бермеді.

Ол бес бірдей директордың тұсында осы жұмысты атқарды және ешқайсысынан ескерту естіп, сөгіс алған емес.

Он төрт бала өскен үлкен шаңырақта тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл бөлінді. Ерлі-зайыпты Тай мен Шәмшат ұл-қыздарын лайықты оқытып, жетілдірді. Осы шаңырақта тәрбиеленген балалар азамат болып, Астанада, Петропавлда және аталған ауылда бірі – дәрігер, бірі – агроном, ендігісі – тауартанушы сияқты және басқа да мамандықтарды меңгеріп, өмірден өз орындарын тапты. Өкініштісі – ата-ананың өмірден озып кеткені.

Алайда, балалары да, немере-шөберелері де, жиендері де Тай Елеусізұлының жауынгерлік марапаттарын – Отан соғысы орденін, «Ерлігі үшін» медалін, гвардиялық төсбелгісін және бейбіт еңбектегі көптеген медальдарын мақтан етеді.

Ал Шәмшат Елеусізова алтын құрсақты ана ретінде «Ардақты Ана» алтын жұлдызын төсіне тақты.

Міне, қос майдан қаһарманын құрметтеуге лайық өмір жолы осындай.

Александр ЯРЕМЧУК,

журналист.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp