«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ТАЛАБЫНАН ТУЫНДАҒАН ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім жүйесін жетілдіруге, оның сапасын арттыруға және білімге қолжетімдікті кеңейтуге, заңды қолдану барысында ашылған құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған “Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованы әңгімеге тарттық.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында қазіргі кезде білім мен ғылымның, инновацияның еліміздің дамуы үшін аса маңызды және сол жолда талмай еңбек ету қажет екендігін айқындады. Қазіргідей құбылмалы, шапшаң өзгерістер заманында “Білім туралы” Заңға қажетті өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – бүгінгі күннің басты талабы. Әсіресе, орта білім беру саласы әрбір ата-ана, қоғам, өскелең ұрпақпен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Аталмыш заң орта, арнаулы және инклюзивтік білім беру, педагог мәртебесі мәселелеріне қатысты кеңейтіліп, нығая түсті. Өйткені, білім беру жүйесінің сапасы мен нәтижесі мұғалімнің жұмысына байланысты.

– Шолпан Таңатқызы, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына педагогикалық әдеп ережесі енгізілді. Осыған толығырақ тоқталсаңыз.

– Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда педагогтер мен оқушылар арасындағы дөрекі қарым-қатынастар жиі көрсетілуде. Осыған байланысты жаңа заңға педагогикалық әдеп ережесінің енгізілуі өте маңызды. Ереже педагогтердің өздерін ұстай білуін қалыптастыруға, мектепте қолайлы орта құруға жағдай жасайды. Заңның жаңа редакциясында сынып жетекшісінің қызметі де белгіленген. Ол заманауи мектептерде оқушыны тәрбиелеу тұжырымдамасын жүзеге асыруға, ата-анамен қарым-қатынасты қамтамасыз ететін педагог-тәрбиеші, педагог-ұйымдастырушы ретінде қажет. Біздің ойымызша, біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де өзекті әрі дер кезінде енгізілген. Бұдан басқа, білім басқармаларының орта білім беру саласындағы әдістемелік кабинеттерді облыстық деңгейде құруларына мүмкіндік туып отыр. Бұл өңірлердегі әдістемелік қызметті жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етеді.

– Білім беру мекемелерінде міндетті мектеп формасын енгізу мәселесі қоғамда көптен қызу талқыға түскен еді. Ақыры ол да шешімін тапқан сияқты.

– Дұрыс айтасыз. Білім беру мекемелерінде міндетті мектеп формасын енгізу – дер кезінде және алғаш рет заңнама арқылы қолдау тапты. Міндетті мектеп формасын енгізу оқушылардың бірлігіне, ұйымшылдығына, ынтымағына, ортақ іс пен мақсаттарға бір кісідей жұмылып, талпыныс жасауларына ықпал ететін болады. Мектеп формасы оқушылар арасындағы киім бәсекелестігінің туындауын, бірін-бірі көреалмаушылықтарын төмендетіп, әртүрлі отбасылардың материалдық жағдайларының айырмашылықтарын жояды.

Сонымен қатар, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде ауа райының қолайсыз жағдайлары ескеріліп, білім беру мекемелерінде сабақ өткізбеу ережелері заңда қарастырылғанын айта кеткен жөн. Оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатындағы бұл ереже білім беру мекемелерінде сабақ оқытылмауына байланысты оқу бағдарламаларынан қалып қоймауын және оның сапасының төмендемеуін реттеп отырады.

– Жаңа заңда дарынды оқушыларды қолдау бойынша мәселелер қамтылды ма?

– Қазіргі уақытта қоғам белсенді және шығармашыл ойлайтын, зияткер, рухани және табиғи тұрғыда өзін-өзі жетілдіретін адамды қажет етеді. 2012-2016 жылдарға арналған оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ұлт жоспарында қойылған міндеттерге қол жеткізетін білім беру сапасын, ішкі және сыртқы баға беру жүйесін жаңарту көзделген. Білім берудің жаңа мазмұнын енгізу оқушылардың білім бағасының өлшемдерін бекітуге және нәтижеге бағытталған. Сондықтан Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының өзгертілуі уақтылы және қажетті шара болып отыр. Біз дарынды балалардың дамуына және оларды қолдауға ұдайы көңіл бөлеміз. Заңның жаңа редакциясында жалпы білім беретін пәндерден халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауына қатысушылар құрамын жасақтау, сайыс талаптары, олардың өткізілуі мен ұйымдастырылуы, әдістемелік іс-шараларды қамтамасыз ету айқындалған. Халықаралық пән олимпиадалары мен жарыстардың жүлдегерлері ғана ҰБТ-дан босатылуға құқылы. Бұл әртүрлі деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жобаға дарынды балалардың қатысуының ашықтығын, әділдігін қамтамасыз етіп, олардың білім сапасын жоғарылатады.

Өзгертілген заңда “инклюзивті білім беру” түсінігі жаңаша баяндалған. Бұдан былай “мүмкіндігі шектеулі тұлға” түсінігі “ерекше білім беруді қажет ететін тұлғалар (балалар)” деп ауыстырылды. Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін кітапхана қорын құру бойынша бірыңғай талаптар болған жоқ еді. Енді заңға мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі кітапхана қорын сақтау, қолдану және құру ережелерін әзірлеу мен бекіту бойынша нормалар енгізілді.

Білім беру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең күрделі салаларының бірі болып табылады. Бүгінгі күн талаптарына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңы білім беру саласын, оның сапасын жаңа деңгейге көтеруге, Елбасының алдымызға қойған міндеттерін абыроймен атқаруға толық мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp