«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президенттің халыққа Жолдауы мазмұндылығымен көңілімнен шықты. Ондағы айтылған әрбір ой халық көкейінде жүрген проблемалармен ұштасып жатыр. Биылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” тақырыбындағы Жолдауда әлемдік дағдарысты еңсерудің жолдары нақтыланып, бірлік пен ынтымағымыздың арқасында қиын-қыстау кезеңді артқа тастауға болатыны айтылған.

Тарихи маңызы зор құжатта айтылғанындай, жаңа жылдан бастап елдегі бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, жәрдемақы, шәкіртақы орташа есеппен 30 пайызға дейін өсетін болса, онда әлеуметтің әлеуеті де арта түседі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың болашаққа деген сенімін күшейтіп, алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік бермек. Елбасы: “Өзімізді-өзіміз қолдауымыз керек, отандық өнімді тұтыну арқылы экономиканы өркендетеміз”, – деді. Шынымен де, “Қазақстанда жасалған” тауарлық белгісімен шығатын тұрмыстық бұйымдар, азық-түлік, киім-кешек әрбір тұрғынды мақтаныш сезімге бөлеуі керек емес пе?!

Президент тапсырмасымен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары жалғастырылмақ. Осы орайда 2017 жылдан бастап “Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру” жаңа жобасы қарқын алады. Бұл бастама қазақ жастарының осы салаға бет бұруына жол ашпақ. Мемлекет басшысы бізге – кейінгі толқын жастарға мамандық игеруге қатысты өз ойларымен бөлісті. Жұмысшы мамандығын игеру мәселелерін баяндай келе, Елбасы жастарға жасқанбаудың маңызды екенін ескертті. “Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастардың болашағы үшін”, – деген Елбасы сөздерін өскелең ұрпақ ой елегінен өткізіп, үлкен міндет жүктелгендігін ұғынуы қажет.

Жолдаудағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру “Нұр Отан” партиясына жүктеліп отыр. Президент биылғы Жолдау партияның алдағы жылдарға арналған бағдарламасы болуы тиіс екенін атап өтті. Елбасының: “Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін кез. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай ету үшін бізге әлі талай өтпелі күрделі, өткелі көп, бұралаң жолдардан өтуге тура келеді”, – дегені әрқайсымызды қасиетті Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында еңбектенуге үндейді. Болашақ жастардың қолында. Аға ұрпақтың қолымен жасалған құндылықтарды сақтап қалу – біздің парызымыз. Татулығы мен бірлігі жарасқан еліміздің жастары биік мақсаттарға жету жолында өз үлестерін қосуды азаматтық міндеті деп санайды.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

“Тайынша таңы” газетінің

бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp