«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОШТА БӨЛІМШЕЛЕРІНЕ — ЖАҢА КӨЛІКТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жыл қарсаңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының бөлімшелеріне 14 автокөліктің кілтін тапсырып, олардың халыққа қызмет көрсету саласындағы еңбектеріне табыс тіледі.

2014 жылы қыркүйек айында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ директорларының кеңесі Трансформациялау бағдарламасын бекіткенді. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы қолдау білдірген.

Трансформациялау бағдарламасы аясында филиалда мерзімді баспасөз құралдарын автоматты желімен сұрыптау, пошта жеткізіп беретін байланыс қызметкерлерін смартфондармен жарақтандыру, буданды электронды пошта, постаматтардың өзіндік жүйесін құру, SMS технологияларын қолдану, кедергісіз қызмет көрсетуді енгізу сияқты жобалар жүзеге асырылды. 2015 жылғы ІV тоқсаннан бері пошта байланысы бөлімшесі арқылы темір жол билеттерін сату жобасы қолға алынды.  

Облыстық филиалдың осындай жетістіктерін ескере келіп, “Қазпочта” АҚ-ның басшылығы өңірлік филиалға 5 “Нива”, 5 “УАЗ”, 2 “IVECO”, 2 “ГАЗель” автокөлігін бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.

Айыртау, Аққайың, Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Шал ақын аудандық байланыс бөлімшелеріне, облыстық арнайы байланыс қызметіне, автокөлік учаскесіне жаңа автомобильдердің кілтін табыс еткен Ерік Хамзаұлы:

– Әлеуметтік байланыс қызметін атқаратын пошта ең өзекті қатынас құралы болып қала береді. Ол жергілікті тұрғындарды хат-хабармен, мерзімді баспасөзбен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Бүгінгі жаңа көліктерге ие болғандар пошта қызметін одан да жақсарта түседі деген сенімдемін, – дей келіп, жиналғандарды алдағы Жаңа жылмен құттықтады.

Өңір басшысы осы күні 80 жасқа келген пошта байланысының ардагері Тілек Әбдірахмановқа – облыс әкімінің Құрмет грамотасын, Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылдық пошта бөлімшесінің басшысы Светлана Тулиноваға – Инвестиция және даму министрлігінің “Үздік байланысшы” төсбелгісін, Есіл аудандық пошта бөлімшесінің аға инспекторы Надежда Ионоваға “Қазпочта” АҚ-ның Құрмет грамотасын табыс етті.

Облыстық филиалдың директоры Ерік Нұрақаев пошта саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отырған өңір басшысына шынайы ризашылығын білдірді.

Салтанатты шарадан кейін Ерік Сұлтанов операция залындағы постаматтың жұмысымен танысты. Осындай 3 постамат “Әлем СК” қаржы орталығында, “Корона” мен “Пирамида” сауда үйлерінде де жұмыс істейді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp