«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНА ҚАТЫСТЫ БЕС САУАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның басылымдардағы “5 сауал” атты тұрақты айдары бойынша оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақтарға оның облыстық филиалының директоры Рамазан Мұқанов жауап береді.

– Рамазан Жарлағасұлы, бүгінгі мына қарбалас заманда зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік бар ма? Салымшылар зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты қалай ала алады?

– “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын алушының зейнетақы төлемдерiне құқықты иемдену кезiндегi инфляция деңгейi ескеріле отырылып, олардың өз мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк беріледi.

Зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алудың жолдары бірнешеу. Салымшы өзі үшін ыңғайлысын таңдай алады. Атап айтар болсақ, салымшы аталмыш қордың кеңсесіне өзі келіп біледі немесе жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініште я болмаса жеке келісімде көрсетілген салымшының электрондық мекенжайы арқылы хабарлама алады. Ал www.enpf.kz сайтында “Интернет-үзінді көшірме” алу үдерісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кез келген офисінде тіркелетін логин мен пароль бойынша немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асады. Интернет қызметі арқылы жеке өзі өтініш жасаған кезде хабарландыру тәсілін таңдап, логин мен паролін енгізсе, Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелері жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттер үшін әзірлеген ENPF мобильді қосымшасын пайдалануға болады. Электрондық үкімет порталын қолданатындар көп. Сондағы www.egov.kz порталында “Азаматтар” санатында “Әлеуметтік қамсыздандыру” айдарымен “Зейнетақымен қамсыздандыру” бөліміне кіру арқылы керек ақпаратыңызды ала аласыз. Мұндағы қызметті пайдалану үшін ЭЦҚ және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет. Пошта арқылы, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген мекенжай бойынша да керекті ақпараттар жеткізіліп тұрады.

– Салымшының аты-жөні, тегі, мекенжайы сияқты көрсеткіштері өзгерген жағдайда қандай әрекет жасалуы керек?

– Салымшының тегі, аты, әкесінің аты, туған күні өзгерсе, ол туралы БЖЗҚ-ны автоматты түрде Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық ақпараттандырады. Ал егер салымшының мекенжайы, электрондық мекенжайы өзгерсе, ол туралы қорға салымшылардың өздері хабарлауға міндетті. Салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы деректерді ұдайы тексеріп отырғаны жөн. Осылайша екі жақтан қадағалау болса, есебіміз дұрыс болады.

– 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы қалай есептеледі?

– 2015 жылғы 2 тамызда Елбасы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Бұл заңнамаға сәйкес және 2015 жылғы 28 қазандағы түзетулерді ескере отырып, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай зейнет жасына жеткен кезде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту көзделеді. Мәселен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, қорды аз жинаса немесе тіпті жинамаса, онда республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 50 пайыз мөлшерінде зейнетақы тағайындалады. Ал егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық болса, әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады. Бірақ республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшер болуы керек.

– Шартты-жинақтаушы құрамдауыш дегеніміз не?

– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіліп, шартты-жинақтаушы құрамдауыш немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоты ашылып, оның атына жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкердің ай сайынғы табысынан 5 пайыз мөлшерінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аударатын болады. Жаңа ЖМЗЖ-нің басты артықшылығы – жұмыс беруші зейнеткердің пайдасына аударып отырған осы жарналардан зейнеткер оның шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылса да, осы құрамдауыштан зейнетақыны өмір бойы алатын болады.

– Жаңа зейнетақы заңнамасы қабылданғаннан кейін болашақ зейнетақы қандай құрамдауыштардан тұратын болады?

– 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 6 айдан кем емес жұмыс өтілі бар тұлғалар жинақтаушы және шартты-жинақтаушы жүйелерден төленетін төлемдермен қатар базалық және ортақ зейнетақыны алатын болады. Оның қалыптасу есебі бар. Біріншісі – бюджет қаражатынан. Онда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін күнтізбелік алты айдан кем емес өтілі бар болған кезде еңбек зейнетақысы, сондай-ақ, еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты болатын базалық зейнетақы. Екіншісі – жинақтаушы зейнетақы қоры. Оны қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары ретіндегі ай сайынғы табысының 10 пайызы, жұмыс беруші еңбек ортасындағы жағдайға байланысты өз қаражаты есебінен еңбеккердің зейнетақы шотына ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары құрайды. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілер қызметкерлердің барлығы үшін қызметкерлердің шартты зейнетақы шоттарына төлейтін 5 пайыз міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл төлем 2023 жылдан бастап ЖМКЖ жиынтығында күнтізбелік 60 айдан кем емес уақыт аударғанда жүзеге асырыла бастайды. Салымшылар көкейінде жүрген сауалдарға 8 800 080 1177 телефоны арқылы Call-центрден жауап ала алады. Бұл бағытта қоңырау шалу Қазақстан бойынша тегін.

Дайындаған

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp