«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстік Қазақстан облысының 2018 жылғы қаңтар-желтоқсан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға қойған негізгі міндеттердің жүзеге асырылуы облыс экономикасының серпінді дамуына дем берді. Нәтижесінде өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсім көрсетті.

Солтүстік Қазақстан облысының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына сәйкес барлық сала бойынша өсім бар. Статистикалық деректерге қарасақ, құрылыс жұмыстарының көлемі – 13,6 пайызға, тұрғын үй салу – 9, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 8,1, өнеркәсіп өндірісі – 2,2, ауыл шаруашылығы – 2, көтерме сауда – 5,6, ал бөлшек сауда 0,6 пайызға өсті.

Өнеркәсіп

Президент өндірушілерге экспортқа ден қойып, халық тұтынатын тауарлар қатарын кеңейтіп, қарапайым заттар экономикасын дамыту қажеттігі туралы атап өтті. Бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіпорындардың басым бөлігі өнімдердің жаңа түрлерін игеріп, шетелдік нарықтарға шықты. Нәтижесінде 2018 жылғы қаңтар-қараша айларында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорт көлемі 68 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,9 пайызға артық.

Соңғы жылдары облыстық өнеркәсіп кәсіпорындары серпінді дамуда. Атап айтқанда, 2018 жылы өндіріс көлемі 2,2 пайызға ұлғайып, 250,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, қайта өңделген өнімнің көлемі 177,3 млрд. теңгені құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің 62,1 пайызы азық-түлік өнімдерін өндіру саласына тиесілі. 2017 жылмен салыстырғанда бұл саладағы өсім 106,9 пайызға жетті. Макарон өнімдерін шығару – 16,1 пайызға, сүт өнімдері – 15, тазартылмаған өсімдік майы – 12,4, ұн үктіру 9,3 пайызға өсті. Ағаштан жасалған бұйымдар – 2,8 есе, сусындар шығару – 18,5 пайызға, ал металл емес минералды өнімдерді өндіру 18,6 пайызға артық орындалды.

Қаңтар-желтоқсанда 408 мың тонна ұн, 140,8 мың тонна сүт және кілегей, 22,9 мың тонна макарон, 2,3 мың тонна сарымай және спред, 1,3 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 4,4 млн. литр алкогольді сусын, 4 млн. литр минералды су және алкогольсіз сусындар шығарылған.

Былтыр біздің облыс сүт өнімдері өндірісінің үлес салмағы бойынша еліміздің барлық өңірлері арасында екінші орынға көтерілді. Ал ұн үгу-жарма өнеркәсібі бойынша үздік үштікте. Өткен жылы облыста крахмал мен ұлпа өндірісі қолға алынды.

Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Бүгіндері ол өңір экономикасының жетекші саласы болып табылады. Оны дамытуға қаңтар-желтоқсанда 82,9 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12,7 пайыз артық.

Өткен жылдың он екі айында 520,4 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсу қарқыны 2 пайызды құрады.

2018 жылы 93,9 мың тонна (102 пайыз) мал мен құс еті дайындалып, 555 мың тонна (101,6 пайыз) сүт сауылды, 809,4 млн. дана (116,3 пайыз) тауық жұмыртқасы алынды.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша барлық мал түрінен өсім тіркелді. Атап айтқанда, ірі қара – 3,5 пайызға (355,5 мың бас), қой мен ешкі – 4,5 пайызға (404,2 мың бас), шошқа – 5,3 пайызға (149,6, мың бас), жылқы – 7,3 пайызға (123,9 мың бас), құс 7,9 пайызға (4,6 млн. бас) өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егістік алқаптарды әртараптандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде дәнді дақылдар себілген алқаптар 285,1 мың гектарға азайтылып, майлы дақылдар алқабы 263,2 мың гектарға ұлғайтылды.

Құрылыс

Мемлекет басшысы­ Үкіметке 2030 жылға қарай тұрғын үй құрылысын бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізуді қамтамасыз ету тапсырмасын берген болатын. Бұл мақсатта облысымызда 2014 жылдан бері “Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасы cәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні облыс бойынша бұл көрсеткіш 21,6 шаршы метрді құрайды.

Құрылыс саласын дамыту үшін өткен жылы 1,9 млрд. теңге инвестиция бағытталды, бұл 2017 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,3 есе артық.

Аталмыш кезеңде облысымызда тұрғын үй құрылысында 19,9 млрд. теңгенің қаражаты игерілді.

Облыс аумағында тұрғындар мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жалпы ауданы 218,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 2068 пәтер пайдалануға берілді. 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда өсу қарқыны 109 пайызды құрады. Тұрғын үйлердің 45,8 пайызы, яғни 99,8 мың шаршы метрі – тұрғындардың өз ақшасы, 47,7 пайызы, яғни 104,1 мың шаршы метрі – бюджет қаражаты, ал 6,5 пайызы, яғни 14,1 мың шаршы метрі кәсіпорындардың қаражаты есебінен тұрғызылды.

Облысымызда өткен жыл ішінде жол құрылысы және қайта құру жұмыстарын жүргізу барысында 20,9 млрд. теңге игерілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,9 есе артық.

Инвестициялық қызмет

Облыс экономикасына тартылған инвестициялар оң әсерін берді. Былтырғы жылдың 12 айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 8,1 пайызға өсіп, 212 млрд. теңгеге жетті. Барлық инвестицияның 48,7 пайызы машиналар мен жабдықтар сатып алуға, 41 пайызы құрылыс-қайта құру жұмыстарын жүргізуге бөлінді.

Облыс бойынша негізгі капиталға салынған жекеменшік инвестициялар көлемі 155,5 млрд. теңгені құрады.

Жекеменшік инвестициялардың жоғары өсу қарқынын Мамлют (2,2 есе), Уәлиханов (44,2 пайыз), Ақжар және Шал ақын аудандары (әрқайсысы 30 пайыздан) қамтамасыз етті.

Сауда

Бөлшек саудада физикалық индекс көлемі 100,6 пайызды құрап, 237,2 млрд. теңгенің тауары сатылды. Оның ішінде сауда жасайтын кәсіпорындар – 94,8 млрд. теңгенің, жеке кәсіпкерлер 142,3 млрд. теңгенің тауарын сатты.

Бөлшек сауда жүйесі арқылы азық-түлік емес тауарлар көп сатылуда. Бұл көрсеткіш 180,8 млрд. теңгені, яғни бөлшек сауданың жалпы көлемінің 76,2 пайызын құрады.

2019 жылғы 1 қаңтарға бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындардың тауар қорларының көлемі 7,1 млрд. теңгеге жетті.

Қаңтар-желтоқсандағы көтерме сауда көлемі 328,4 млрд. теңгені құрады. Өсім – 105,6 пайыз. Көтерме саудадағы тауар айналымының құрылымында азық-түліктік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге басымдық берілген (83 пайыз).

Еңбек нарығы

2018 жылы, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есептемегенде, жалдамалы қызметкерлер саны 122,2 мың адамды құраса, ірі және орта кәсіпорындарда 75 мың адам еңбек етуде.

Жұмыспен қамтудың салалық құрылымында шамалы өзгеріс бар. Атап айтқанда, білім беру саласында 35,8 мың адам (29,3 пайыз), ауыл, орман және балық шаруашылығында 15,1 мың адам (12,4 пайыз), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 15 мың адам (12,3 пайыз), өнеркәсіпте 12,8 мың адам (10,4 пайыз) еңбек етеді.

Халықтың табыстары

Президент Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстың тұрақты өсуіне және тұрмыс сапасына тәуелді екендігін атап айтады. Өңірімізде бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Үй шаруашылықтарының табыс деңгейін есептеу үшін статистика департаментінің мамандары тұрақты түрде іріктемелі зерттеулер өткізеді. Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша бір адамның атаулы ақшалай табыстары облыс бойынша 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте орташа есеппен айына 77 127 теңгені құрап, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 9,8 пайызға өсті. Халық табысының 61,7 пайызы еңбек етуден түскен табыстар болса, 33,5 пайызы әлеуметтік трансферттер (зейнетақы, шәкіртақы, мемлекеттік әлеуметтік көмек, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі), 3,6 пайызы – туыстарының материалдық көмегі, ал 1,2 пайызы – алименттер және өзге табыстар (жекеменшіктен түскен табыс, өзге ақшалай түсімдер).

Еңбекақы

Еңбекақы төлеу саласындағы жағдай орташа айлық жалақының тұрақты өсуімен сипатталады. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда) 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 108 706 теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,8 пайыз көп.

Қаржы және сақтандыру қызметкерлерінің жалақысы – 205 703 теңгені, құрылыста – 149 976 теңгені, өнеркәсіпте – 111 369 теңгені, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде – 103164 теңгені, саудада – 94 006 теңгені, білім беруде 92 216 теңгені құрады.

Облыста ең жоғары жалақы Қызылжар (102 445 теңге) және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға (97 151 теңге) тиесілі. Ең төмен жалақы Айыртау (85 850 теңге) және Ақжар (84 557 теңге) аудандарында тіркелген. Облыс орталығында жалақы 129 134 теңгені құрайды.

Баға

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша инфляция деңгейі 5,7 пайызды құрады. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, 1,4 пайызға кем. Бұл соңғы үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

Азық-түлік тауарлары – 6,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 6,3 пайызға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 4,5 пайызға қымбаттады.

Осы кезеңдегі инфляцияның қалыптасуына халыққа көрсетілетін ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтердің өсуі өз әсерін тигізді.

Өткен жылы қанттың бағасы – 18 пайызға, темекі өнімдері 9,6 пайызға көтерілгені тіркелген. Жемістердің бағасы 9,2 пайызға өсті. Атап айтқанда, алмұрт – 19 пайызға, банан – 7,5, алма 5,2 пайызға қымбаттады. Ет пен ет өнімдеріне баға өсімі 8,2 пайызды құрады, сүт өнімдері – 8 пайызға, алкогольді сусындар – 7 пайызға, май және тоңмайлар – 6,9 пайызға, кондитерлік өнімдер – 6,3 пайызға, нан және жарма өнімдері – 5,7 пайызға, алкогольсіз сусындар – 5,4 пайызға, балық және теңіз өнімдері 5 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, көкөністердің бағасы 4,2 пайызға өсті. Мәселен, қызанақтың бағасы – 33,2 пайызға, қызылша – 17,5, қияр – 16,9, ал ақ орамжапырақ 13,5 пайызға артты.

Өткен кезең ішінде пияз – 22 пайызға, сәбіз 10,4 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, картоп – 29,8 пайызға, жұмыртқа 0,4 пайызға арзан бағамен өткізілді.

Азық-түлік емес тауарлардың ішінен автокөліктің бағасы 12,4 пайызға өсті. Аяқкиімнің жекелеген түрлері 9,6 пайызға қымбаттады. Фармацевтикалық өнімдердің бағасы 9 пайызға көтерілсе, жуғыш және тазалағыш құралдар – 8,6 пайызға, үй тұрмысына қажетті заттар, үй-жайларды ағымдағы күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған материалдар – 8,2 пайызға, газет, кітаптар мен кеңсе тауарларының бағасы 8 пайызға көтерілді. Киім бағасының өсімі 7,1 пайызға жетті. Үй тұрмысына қажетті заттар, аудиобейнежазу жабдығы сәйкесінше 5,9 және 1,4 пайызға қымбаттады. Дизель отынының бағасы 36,2 пайызға өсті, ал бензин 4,5 пайызға арзандады.

Он екі айдың ішінде халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер ішінен тұрғын үй-коммуналдық тарифтері өскен. Атап айтқанда, суық су мен кәріздің бағасы – 8,5 пайызға, тұрғын үйді күтіп ұстау – 7,1 пайызға, тарату жүйелері арқылы тасымалданатын газ – 6,6 пайыз, орталықтан жылыту – 5,1 пайыз, ыстық су – 3,8 пайызға, электр энергиясы 2,3 пайызға көтерілгені тіркелді. Осы кезеңде амбулаторлық қызметтердің бағасы 10 пайызға, шаштараз және жеке бас күтіміне арналған орындардың қызметтері – 7,1 пайызға, пошта қызметтері – 4,3 пайызға, білім беру қызметтері 2,7 пайызға қымбаттауы да халықтың қалтасына салмақ түсірді.

Бұдан бөлек әуе көлігі қызметінің құны 16,2 пайызға өсті. Теміржол жолаушылар көлігімен жол жүру – 8,6 пайызға, автомобиль көлігінің қызметі 1,7 пайызға ұлғайды.

Демографиялық ахуал

2018 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша облыс тұрғындарының саны 555 мың адамды құрады. Оның 45,4 пайызы (251,9 мың адам) қалалықтар болса, 54,6 пайызы (303,1 мың адам) – ауыл тұрғындары.

2018 жылдың қаңтар-қараша айларында облыс халқының табиғи өсімі 617 адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 591 адам болған еді.

Облысымызда жаңа туған сәбилердің санында өзгеріс бар. Қаңтар-қараша айларында 6673 сәби өмірге келсе, 6056 адам өмірден өтті. Былтыр өңірімізде 3323 шаңырақ көтерілген. Облысымызда шаңырағы шайқалған ерлі-зайыптылардың да саны азаймай отыр. 2018 жылы 1946 отбасы ажырасып үлгерді.

Халықтың негізгі өлім-жітім себептерінің ең көбі қан айналымы жүйесінің ауруларына (19 пайыз), тыныс алу органдары ауруларына (14,9 пайыз) тиесілі. Әрбір тоғызыншы адам жаңа өскіндерден (10,6 пайыз), әрбір он бірінші адам жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттанулардан (8,6 пайыз) көз жұмады.

Облыстағы демографиялық жағдайға көші-қон өз әсерін тигізуде. 2018 жылдың қаңтар-қарашасында барлық көші-қон ағымдары бойынша 5849 адам көшіп келсе, 7014 адам өзге өңірлерге қоныс аударды.

Марал НҰРЖАУЫПОВА, облыстық статистика департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp