«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘР БАЛА – БІР ЖҰЛДЫЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әр бала – бір жұлдыз” кең көлемді білім беру жобасының аясында Петропавл қаласындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің инновациялық алаңдарында сала мамандарына арналған практикумдар өтті. Бұл шараға Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академиясының орта білім мазмұнын әдістемемен қамтамасыз етуді үйлестіру орталығының директоры Қарлығаш Құдабаева қатысты.

“Әр бала – бір жұлдыз” білім беру жобасы адамгершілік-патриоттық, көптілділік, шығармашылық, денсаулық сақтау, зияткерлік, ақпараттық-техникалық және тағы басқа инновациялық бағыттарда жұмыс істейтін 43 мектепке дейінгі білім беру мекемесін біріктіріп отыр. Бір жыл бұрын құрылған мұндай алаңдар оң көрсеткіштерге ие болып, өзінің тиімділігін дәлелдей бастады. Білім және тәрбие беру үдерісіне енгізілген заманауи технологиялар мен оқытудың жаңа модельдерін меңгеруінің арқасында педагогтар өз кәсіби шеберлігін шыңдап келеді. Жоба балалардың шығармашылық жетілуіне үлесін қосып, осызаманғы түлек тұлғасын қалыптастырып, тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға да ықпал етуде.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогтары кәсіби шеберлік байқауларына белсенді түрде қатысып жүр. Мәселен, “Үздік авторлық бағдарлама” байқауына педагогтар жасаған 46 авторлық жоба мен 15 үздік электрондық әдістемелік құрал ұсынылды. Олардың ішінде байқаудың республикалық кезеңінен жүлделі орындарға ие болғандары бар.

Практикумға облыс орталығындағы “Нұр-бөбек”, “Батыр”, “Петушок”, “Баларман” сияқты бөбекжайлардың мамандары қатысып, “Әр бала – бір жұлдыз” жобасының бағыт-бағдарларымен таныстырды. Мәселен, “Нұр-бөбекте” балабақшаларда ағылшын тілін оқыту бағдарламаларының таныстырылымы өткізілсе, “Баларманда” қатысушылар назарына “Туған жер – алтын бесігім” атты мектепке дейінгі жастағы балаларға патриоттық тәрбие берудің жобасы ұсынылды. Балаларға робототехника негіздері мен саламатты өмір салтын ұстану қағидаларын үйрететін балабақшалар да өз жұмыс бағыттарының тиімділігін көрсете алды. Бір күндік шара бала тәрбиесімен айналысатын мамандардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, меймандардың жоғары бағасына ие болды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp