Мемлекеттің кадрлық пәрменділігін дамытудың және нығайтудың қағидаттары мен бағыттарын, негізгі тетіктерін анықтайтын тиімді кадрлық саясат – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін, оның экономикасы мен азаматтарының әл-ауқатын көтерудің шешуші факторы болып саналады. “Жаңа экономикалық реформалардың локомотиві – кадрлар”, – деп атап көрсеткен болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттің кадрлық саясатын жаңғырту ісі “Қазақстан – 2050” Стратегиясының басымдықтарының бірі ретінде қаралып отыр. Сындарлы кадрлық саясатсыз мемлекет алдына қойылған міндеттерді табысты іске асыру мүмкін емес. Өйткені, кадрлар – барлық әкімшілік, экономикалық және әлеуметтік реформалардың қозғаушы күші.
Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласындағы реформа басқарудың командалық-әкімшілік жүйесін жоюдан басталып, құқықтық, демократиялық мемлекеттің жаңа моделін құруға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының аясында жаңа кадрлық саясатқа негізделген мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдірудің шаралары қарастырылған. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтің жаңа тұжырымдамасы қабылданған болатын. Мемлекеттік қызмет саласындағы этикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау күшейтілді. Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптарын сақтауы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқың жөніндегі нормалар қарастырылды. Заңсыз кадрлық шешімдер үшін (адамдарды мемлекеттік лауазымдарға заңсыз тағайындау немесе шығару, мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізу тәртібін бұзу, заңсыз тәртіптік жаза беру) мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігі қарастырылды. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту жөніндегі тәсілдер жетілдірілді.
Мемлекеттік қызметке орналасу үш кезеңдік конкурстық іріктеуден тұрады. Үміткер тестілеу, жеке қасиеттерін бағалау және мемлекеттік органдағы әңгімелесуден өткеннен кейін алдымен төменгі лауазымға орналастырылады. Тестілеудің бағдарламасымен kjzmet.gov.kz сайтында танысуға болады. Былтыр облысымызда 2267 адам тестілеуден өтті. Олардың 56 пайызы өз білімдерін дәлелдеді, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 9 пайызға жоғары. Сонымен бірге, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғау қызметіне алғаш алынатын азаматтар да тестілеуден өтуі тиіс. Конкурстан сәтті өткендер үшін тәлімгерлерді бекіте отырып, үш айдан алты айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді. Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық жоғарылауы тек конкурстық негізде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте, біліктіліктен өзге, төменгі лауазымдардағы жұмыс өтілі талап етіледі. Мемлекеттік қызметке тұру құзыреттілік және конкурстық тәсілдің қағидаттарын енгізу бос лауазымға кандидаттарды сапалы іріктеуді, олардың кәсіби дамуға практикалық бағдарлануын және мемлекеттік қызметтегі меритократияны нығайтуды қамтамасыз етеді. Басшы лауазымдар үшін көшбасшылық пен стратегиялық ойлау қасиеттері ескеріледі. Өткен жылы 1262 адам өздерінің жеке қасиеттерін тексеруге қатысты. Заңнамаларды білу тестілеуінің сертификаты мен жеке қасиеттерін бағалау тұжырымдамасын алған соң кандидат бос орындар конкурсына қатысуға, өзі жұмыс істегісі келетін мемлекеттік органды таңдап алуға құқылы. Бос орындар туралы конкурстың мәтіні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтында тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Жоғарыда аталғаннан басқа шетелдік менеджерлерді тарту мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда енгізілді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің қосымша біліктілікті игеруіне мүмкіндік береді әрі олардың кәсіби дүниетанымын кеңейтеді. Нақты нәтижелерге бағытталған мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалаудың жаңа әдістемесі бекітілді. Қызметтік әдепті сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талаптар белгіленді. Этикалық мінез-құлық өлшемдері мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексінде бекітілді. Бұл мәселелерді үйлестіру әдеп жөніндегі уәкілге жүктелді. Жоғарыда аталған барлық шаралар меритократия, транспаренттілік, кәсібилік, тиімділік және нәтижелілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Данияр БАСЫҒАРИН, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы.