«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІЛ ЖАЗА САБАҚ БОЛА МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарының барысы талқыланды.

– Өңіріміз мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша елімізде төмен көрсеткішке ие. Алайда, заң бұзушылықтар әлі де кездесуде. Өткен жылы жемқорлыққа жол бергені үшін жергілікті атқарушы органдардың тоғыз қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде аудан және ауылдық округтердің әкімдері, облыстық басқарманың басшылары бар. Соңғы екі жылда ғана облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының екі басшысы жауапқа тартылды, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы фактілеріне тоқталды. Өткен жылы осындай алты оқиға тіркелген. Олар кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің орнына, әкімшілік кедергілер туғызған. Осындай өрескел қылығымен елге жаға ұстатқандардың қатарында Қызылжар ауданындағы Прибрежный ауылдық округінің бұрынғы әкімі де бар. Ол бизнеспен айналыспақ болып, жер телімін бөлуді сұраған ауыл тұрғынынан 300 мың теңге пара талап еткен. Ал Ақжар аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің бұрынғы бас маманы нысанды пайдалануға беруге арналған актіге қол қою үшін 70 мың теңге алған. Екеуі де жауапкершілікке тартылды.

Мұндай заң бұзушылықтар тұрғындардың наразылығын туғызып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретінін айтқан Асхат Жұмағали өзі басқарып отырған ведомство жемқорлық фактілерін анықтап қана қоймай, олардың алдын алу бағытында да жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Бұл үшін сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуына ықпал ететін себептерді анықтап, жою қолға алынған. Былтыр осындай 74 факті бойынша 86 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 16-сы жұмыстан шығарылды.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Кенжеболатов ведомствоның бұрынғы басшысы Марат Абылаевқа қатысты қылмыстық істің барысына тоқталды. Бұрынғы мемлекеттік қызметші заңсыз техникалық куәліктер беретін қылмыстық топ құрғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, жалған куәлік беруге қатысты бұл істің нүктесі әлі қойылмаған. Ерлан Кенжеболатовтың айтуынша, сотқа 13 куәліктің күшін жою туралы талап-арыз жіберілген. Басқарманың лицензия беру және сертификаттау бөлімінің басшысы Фархад Шәмілев пен мемлекеттік сәулет инспекциясы бөлімінің бас маманы Сәкен Өтебаев мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін қатаң сөгіс түріндегі жауапкершілікке тартылған. Осы орайда Асхат Жұмағали мемлекеттік қызметшілердің жеңіл жаза алғанына наразылық танытты. “Сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соққан әрекет жасаған мемлекеттік қызметшілерді не үшін қорғайсыздар? Бұл мәселені қарастырып, қатаң шешім қабылдау қажет. Себебі, бөлім басшысы заңсыз тестілеуге жол беріп, қолын қойған. Бұл іске қатысты тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жайлы ойлануымыз керек. Оларға шара қолданбаған басшыға қатысты да тиісті жаза қарастыруға тиіспіз”, – деді ол.

Айдарбек Сапаров облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан өңір басшысының орынбасары Антон Федяевке, облыс әкімі аппаратының басшысы Қанат Сәрсембаевқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп аталған қызметшілерге қатысты қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. “Көрсетілген фактілер дәлелденген жағдайда жұмыстан шығаруға дейін шаралар қолдану керек”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp