«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЖАРҚЫН АЗАМАТ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның өмірі қамшының сабындай тым қысқа. Сондықтан дүние есігін ашқан әрбір пенде күнделікті атқарған игілікті істерімен, тәлім-тәрбие берген саналы ұрпағымен ғана артына өшпес із қалдыра алады. Осындай ұмытылмас абзал азаматтардың қатарына он жыл бұрын о дүниелік болған Қайыркеш Исманов ағамызды да жатқызуға болады.

Әкесінің атақонысы Мамлют ауданындағы Бексейіт, қайын жұрты біздің Бостандық ауылы болғандықтан, Қайыркеш Исманұлы көрші елді мекендегі іні-қарындастарын “балдыз” деп жақын тартатын. Заманның қиын кезінде әке-шешесі Омбы облысына қоныс аударып, сонда туғанымен, Қайрекең балалық шағын солтүстіктегі Леденево ауылында өткізіпті. Кеңес армиясы қатарына сол жерден аттанған. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Приишим аудандық атқару комитетіне нұсқаушы болып орналасады. Сол кезде ауданның орталығы Леденевоның жанындағы Боголюбово ауылы болатын. Аталмыш аудандық атқару комитетін облысымызға әйгілі азамат, қоғам қайраткері Ніл Болатбаев басқарса, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы еңбек және соғыс ардагері Мәжікен Ғаббасов еді. Осындай ірі тұлғалармен жұмыс істеу, ақыл-кеңесін тыңдау, олардың адамдармен тіл табыса білу шеберлігін бойға дарыту жас маман үшін жеке бір мектеп болғандай. Кейін: “Осы ағаларым болмаса, менің өмірімнің қандай бағыт аларын кім білсін?! Көп тәрбиені осы абзал азаматтардан алдым. Соларға ұқсауға тырыстым. Менің тәртібімнің, жинақылығымның негізін осы ағаларым қалады”, – дейтін. Ол кезде Қайрекең орта білімі бар арманшыл жастардың бірі еді. Сол ағалардың ұсынысымен Қарағандыдағы партия мектебіне, кейін Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға түсіп, білімін шыңдайды. Оны аяқтағаннан кейін 1975 жылы Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахметбековтің жол сілтеуімен Троицк кеңшарына партия ұйымының хатшысы болады.

Үш жылдың ішінде өзін жақсы қырынан танытқан азаматты жергілікті басшылар Жамбыл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатады. Бұл кезде аудан орталығы Благовещенка ауылы болатын. Жергілікті тұрғындар оны “Жекекөл” деп атайды. Облыс аумағындағы қазағы ең көп аудан. Жаңадан құрылған ауданда шешімін күткен әлеуметтік мәселелер де аз емес. Оның үстіне бұл жер – Толыбай сыншы, Қожаберген жырау, Сегіз сері сияқты тарихи тұлғалар шыққан Гүлтөбе-Маманайымен де, Сәбең мен Ғабең, Сафуан сынды алыптарымен де даңқты. Әдебиет классиктері дүниеге келген ауылдарды жаңғырту, мұражайларын құру, олардың мерейтойларын өткізу, жан-жақтан келген қонақтарды лайықты түрде қарсы алу аудан басшыларынан көп жауапкершілікті талап ететін. Жастайынан музыка аспаптарын жетік меңгерген және домбыраға қосылып ән салатын Қайыркеш Исманұлы “аз отырып, көп сынайтын” қонақтардың көңілін табуға шебер екендігін сол кездері танытты. Қонақ күтудің қамында жүріп, белгілі тұлғалармен ескерткіш суретке түсуді, кейін соны мақтан тұтуды бірде-бір рет ойлаған емес. Тек сол күндердің өшпес белгісі ретінде Ғабит Мүсіреповтің, Тахауи Ахтановтың, Сафуан Шаймерденовтің, Бәйкен Әшімовтің, Мақтай Сағдиевтің, Кәкімбек Салықовтың, Тұрсынбек Кәкішевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Мұзафар Әлімбаевтің және басқа да танымал ақын-жазушылардың, мемлекет қайраткерлерінің өз қолтаңбаларымен тарту еткен жинақтары ғана бүгінгі күні отбасының жеке кітапханасында сақталып қалыпты.

Жамбыл ауданында 15 жыл қызмет атқарған Қайыркеш Исманов 1990 жылы облыстық әлеуметтік қамсыздандыру департаменті басшысының орынбасары қызметіне тағайындалып, тұрмыстық қызмет көрсетудің жақсаруына, осы салаға қатысты бұрын жабылып қалған цехтардың қайтадан ашылуына, ұқсату кәсіпорындарын ұйымдастыруға қызу кірісіп кетеді.

“Қайрекең – жүрген жерінде ойын-тойдың, алқалы жиындардың сәні еді. Қайда болмасын домбырасын күмбірлетіп, тамаша дауысымен қазақтың талай әндерін нақышына келтіре шырқайтын. Ақын ағасы Кәкімбектің әндерін әуелете орындағаны үшін Кәкең талай рет орнынан тұрып, зор ризашылықпен құшақтап, алғысын айтқаны бар. Сәбеңнің зайыбы Мәриям апамыз елге келгенде Қайыркешті әрқашан да жанынан қалдырмай, жұрттың жағдайын, кімнің кімге қандай жақындығы, туыстығы барын сұрап, біліп отыратын”, – деп еске алады Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Ғазез Есмұқанов.

Қайыркеш Исманов Тоқсан бидің, Қожаберген жыраудың, Сегіз серінің көнерген зираттарын жаңғырту кезінде игілікті істердің бел ортасында жүргенін көзі көргендер жыр қылып айтады. Осындай бір игілікті іске Қайыркеш Исмановтың бастамашыл болғанын соғыс ардагері Сапар Дүйсенов ағамыздың өз аузынан да естігенмін. Сапекең – облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатқа, “Береке” шағынауданындағы қазіргі басты көшеге есімі берілген Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің туысы. Украиндық қызылізшілер батырдың туыстарын іздестіріп, анасын және інісін тапқан кезде, Чернобыль қаласының пионерлерімен хабарласып, жерлесіміздің жерленген қабірі мен басына қойылған ескерткіш-мүсіннің фотосуретін алғызып, өзім еңбек ететін мектепте мүйіс ұйымдастырғамыз, туыстары Әбу Досмұхамбетовтің қайтыс болған жеріне арнайы барып келгенде, көлемді жыр да жазғанмын.

Сапар ағамыздың айтуы бойынша, 2007 жылы Қайыркеш Исманов ардагер ағасына телефон шалып, Мамлют ауданындағы құрып кеткен Үшкөл ауылының тумасы Әбу Досмұхамбетовтің мүсінін жасатып, облыс орталығындағы гимназия-интернат алдына орнатуды ұсынады. Мүсіншіні табу, оны жасату мен орнату, оған қажетті қаражатты қарастыру сияқты күрделі мәселелерді өз мойнына алғаны азаматтың жақсылық жасауға құштар екенін аңғартпай ма?! Сөйтіп, Мамлют ауданының сол кездегі әкімі Еркебұлан Мәмбетовке Сапар Дүйсенов екеуінің атынан хат жазып, қолдау табады, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында сол кезде шеберхана меңгерушісі болып істейтін мүсінші Бақытжан Рамазановпен келісім жасап, тапсырыс береді. Мүсіннің тұғырын жасауға да, ескерткішті орнатуға да ауырып жүргеніне қарамай, жас балаша өзі жүгіреді.

– Елгезек інімнің ізденімпаздығымен жасалған тұғыр келісті мүсінмен және оның астындағы соғыс кезін бейнелейтін панорамамен үйлесім тапты. Бұл – өзі сырқаттанып жүрсе де, Қайыркеш Исманұлының ер есімін ел есінде қалдыру үшін атқарған игілікті істерінің бірі және өмір бойы халықпен істес болған азаматтың қолына алған соңғы бір еңбегінің жемісін әрі жеңісін өз көзімен көріп, көңілі орныққан сәті болды, – деген еді Чернобыль қаласындағы Әбу бауырының зиратына екі рет зиярат етіп қайтқан Сапар Дүйсенов ағамыз.

Қайыркеш Исманұлы жан жары Қымбат Есмұқанқызымен 43 жыл отасып, Совет және Бейбіт есімді екі ұлды ел сыйлайтын азамат етіп өсірді. “Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” дегендей, үлкен ұлы Совет ауыр науқастан қайтыс болғанға дейін ішкі істер саласында абыройлы еңбек етсе, кенжесі Бейбіт Қайыркешұлы – бұл күндері Айыртау ауданының әкімі. Облыстағы жастар саясатына студент кезінен араласқан немересі Темірлан Советұлы Алматыда жауапты мекемеде эколог болып қызмет атқарады. Мектепті “Алтын белгімен” аяқтаған Ділназ Бейбітқызы – Назарбаев университетінің студенті. Кейінгі немерелер де атасы мен әжесіне лайықты ұл-қыз болып, ержетіп келеді.

Бар саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Қымбат Есмұқанқызы зейнеткерлікке шықса да, өмірлік тәжірибесінен “Дөңгеленген дүние-ай” және “Тоқта, балам! Ойлан, оян!” атты кітаптарымен жастардың, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне араласып, ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі болып жүр. Құдай қосқан қосағын еске алуға арналған “Азамат келбеті” жинағын құрастырған да – осы Қымбат апамыз. Осының өзі – жаны жайсаң, сөйлесе жүрегі көрініп тұратын ақжарқын азаматтың шапағатын көрген жандардың оны ұмытпағандығының белгісі.

Нұрсайын ШӘРІП, журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp