Облыстық әкімдікте өңір басшысының орынбасары Дәурен Жандарбектің қатысуымен индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының кеңейтiлген алқа мәжілісі өтті. Онда 2018 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, үстіміздегі жылға белгіленген міндеттер талқыланды.
Алдымен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұловтың баяндамасы тыңдалды.
– 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 94 млрд. теңгенің 44 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Алғашқы төрт жылда 17 млрд. теңгенің 28 жобасы іске қосылып, 2,5 мың жұмыс орны құрылды. Үстіміздегі жылы 14,7 млрд. теңгенің 7 жобасын жүзеге асыру көзделуде. Бұл 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – деді Арман Сарбайұлы.
2018-2020 жылдарға да ірі инвестициялық жобалар жоспарланған. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдегі көшбасшы зауыттардың бірі – германиялық “CLAAS” компаниясымен 6,2 млрд. теңгенің келісімшарты жасалды. Сондай-ақ, электр қондырғыларын шығаратын “Alageum Electric” компаниясы Петропавл қаласында трансформатор зауытының құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде облысымызда 1430 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Былтыр облыстың өнеркәсіп өндірісі 2,2 пайызға артып, 250,7 млрд. теңгенің тауары шығарылды. Облыс экономикасына 212 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өңір кәсіпорындарының көрсеткіштері көңілден шыққанымен, нақты көлем индексі бойынша машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және кен өндіру салаларында жылдық жоспар толық орындалмаған.
Сондай-ақ, кейбір аудан әкімдерінің индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына қатысуда белсінділік танытпай отырғаны белгілі болды. Осы жылдар ішінде Петропавл қаласы 15, ал Аққайың ауданы 4 жобаны жүзеге асырса, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бірде-бір кәсіпорын ашылмаған. Есіл, Шал ақын, Уәлиханов және Тимирязев аудандарының да көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Дәурен Жандарбек жауапты басшыларға уақытша тоқтап немесе толық қуатында жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарға талдау жүргізуді тапсырып, олардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігін ескертті.
Бұдан кейін сөз алған “Қазақ инвест” ҰК” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Мұратбек Жабағин кейбір аудан әкімдерінің шетелдік инвестиция тарту мәселесіне жете көңіл бөлмей отырғанын тілге тиек етті. Филиал басшысының айтуынша, біздің өңір республика бойынша бизнес жүргізуге қолайлы. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жақсарту қажет. Алайда, 13 ауданның ішінен Ақжар, Есіл, Тимирязев, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында бүгінге дейін бірде-бір инвестициялық жоба жүзеге асырылмаған.
Былтыр Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы облысымыздағы ішкі туризм саласын дамытуға серпін берді. Мемлекет қолдауының нәтижесінде былтыр өңірге келген туристердің саны 105 мыңға жеткен. Бұл 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 13,6 пайызға көп. Осындай мәліметтерді келтірген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың айтуынша, алдағы уақытта Имантау-Шалқар курорттық аймағында жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.
– Көшпелі және ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамытудың жоспары жасалды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 32,4 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Мұның 5 млрд. теңгесі жеке инвестицияға тиесілі. Инфрақұрылым жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа қонақүйлер мен демалыс базаларын салу көзделіп отыр, – деді Құралай Амангелдіқызы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.