«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАДА — ЖАҢА ӘКІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Болат Жұмабеков Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалды. Шаһардың жаңа басшысын қала активіне облыс әкімі Құмар Ақсақалов таныстырды.

Болат Жұмабеков өзінің қызметтік жолында үш ауданның әкімі, облыс әкімінің орынбасары, аппарат басшысы болып еңбек еткен. Осы тағайындауға дейін Ғабит Мүсірепов атындағы ауданды басқарды.
Сондықтан өңір басшысы Құмар Іргебайұлы жаңа әкім қаланың жағдайын, тыныс-тіршілігін, жақсы білетінін айтты. Ол бұған дейін де облыс орталығын басқарған.
Өңір басшысы қала әкімнің алдына жаңа міндеттер қойды. Ең алдымен өнеркәсіпті дамыту қажет. Облыстағы өнеркәсіп мекемелерінің 70 пайызы Петропавл қаласында шоғырланған. Былтыр түрлі себептерге байланысты бұл салада құлдырау байқалған.
Облыс әкімі биыл өнеркәсіп әлеуетін арттыруға күш жұмсауды міндеттеді. Бос жатқан ғимараттар мен жерлерді пайдалануға кеңес берді. Сонымен қатар қала құрылыс саласында да көшбасшы болуы керек. Соңғы үш жылдың ішінде құрылыс көлемі 30,5 пайызға артты. Тұрғын үй құрылысы 2016 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге ұлғайған. Облыс әкімі шаһар басшысына осы қарқынды сақтап қалудың маңыздылығын атап көрсетті. Биыл Горький көшесінің бойында 17-18 қабатты тұрғын үйлер салынып, “7-20-25” бағдарламасы бойынша 542 пәтер пайдалануға берілмек. Құрылыс басқармасы қазір облыс әкімінің тапсырмасымен қаланың жаңа бас жоспарын жасап жатыр, 2007 жылы қабылданған бас жоспар бүгінде ескірген. Онда Копай шағынауданы мүлдем көрсетілмеген. Ал ондағы жағдай мәз емес екенін айтқан облыс әкімі бұл маңай да тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін құрылыс алаңына айналатынын, коммуникациялар тартылатынын жеткізді.
Құмар Ақсақалов Болат Жұмабековке еңбекақыны арттыру туралы меморандумға қол қойған 6112 кәсіпорынды қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігін айтты.
Облыс орталығындағы өзекті мәселелердің бірі – жолаушылар тасымалдау саласын да ретке келтіру қажет. Бұл мақсатта биыл қалада “GOLDEN DRAGON” компаниясының Еуро-5 стандартына сәйкес келетін заманауи автобусы сынақтан өтпек. Оң нәтиже көрсетсе, биыл лизингке 30-50 автобус сатып алынбақ.
Қаланы абаттандыру мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. Биыл 500 млн. теңге аулаішілік жолдарды жөндеуге жұмсалып, 50 балалар алаңы, 10 спорт алаңы салынады. Қаланы көркейту, жасыл желек отырғызу, гүл егу, қураған ағаштарды кесу, көшелердегі жарнаманы және ғимараттардың қасбеттерін тәртіпке келтіру, жарықтандыру, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді сүру жұмысы жалғасын табады. 2015 жылдан бері қала бюджетінің шығыс бөлігі 1,5 есеге ұлғайды. Қаланы дамытуға соңғы бес жылда 158 млрд. теңге жұмсалды. Биыл ботаникалық бақ қалпына келтіріліп, жаңадан салынып жатқан Қазақ театры мен “Dostyk Mall” сауда-ойын-сауық орталығының ғимараты қалаға көрік береді.
Құмар Ақсақалов бұрынғы әкім Марат Тасмағанбетов төрт жарым жыл бойы жақсы жұмыс атқарғанын айтып, әрбір жаңадан тағайындалған әкім бұрынғы басшыдан да нәтижелі жұмыс істеп, іске бірден білек сыбанып кірісуі керектігін ескертті. Бұл ретте Болат Серікұлына қала активі қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Бұдан соң сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңір басшысына Петропавл қаласының мәселелерін ұдайы назарда ұстап, көптеген күрмеуі қиын жайттарды шешуде көмектескені үшін ризашылығын білдіріп, қала активіне қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты.
Жаңадан тағайындалған қала әкімі Болат Жұмабеков өңір басшысына өзіне сенім білдіргені үшін рақметін айтып, алдына қойылған міндеттердің бәрін де шешуге болатынын әрі өзі соған дайын екенін жеткізді.

 

Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp