«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде, әсіресе, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласының дамуына ерекше басымдық беріліп отыр. Жыл сайын медицинаға бөлінетін қаржы да аз емес. Заманауи орталықтар пайдалануға беріліп, емдеу мекемелері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарға қол жеткізуде. Емдеу сапасында да айтарлықтай өзгерістер бар. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға көбейді. Бұл, әсіресе, ауылдағы медициналық қызметкерлер үшін айрықша қолдау болды. Біздің ауруханадағы 12 дәрігер біліктілік курсынан өтіп, біреуінің еңбекақысы артты. Қалғандары еңбекақыға үстеме алу үшін тың тәсілдерді меңгеруде.

Бүгінде мен басқаратын аудандық ауруханада 33 дәрігер мен екі жүзге жуық орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Бірақ бізді маман тапшылығы мәселесі де алаңдатып отыр. Мәселен, емдеу мекемесіне оториноларинголог, офтальмолог, онколог, маммолог, кардиолог, фтизиатр, педиатр, психиатр дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ, Амангелді, Еңбек медициналық, Петровка фельдшерлік-акушерлік пункттеріне, Николаевка, Покровка дәрігерлік амбулаторияларына фельдшерлер мен акушерлер қажет.
Бүгінде Есіл ауданындағы Явленка аудандық ауруханасының ұжымы медицина саласындағы жүйелі жұмысты жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Әсіресе, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Емдеу мекемесі шұғыл жағдайда стационарлық-медициналық, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп, сырқаттың жағдайын қалпына келтіру және медициналық оңалту шараларын жүргізеді. Жеке топтағы скринингтік тексерулер мен саламатты өмір салтын қалыптастыруды, әлеуметтік, учаскелік медициналық қызметкерлердің жұмысын үйлестіреді.
Өткен үш айдың көрсеткіші бойынша сырқаттарға он алты мыңнан астам медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастар да бар. Сырқаттар арасында қан айналым жүйесі ауруларының көрсеткіші жоғары. Бұл біздің ауданда ғана емес, әлем бойынша өзекті меселе. Жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім-жітім көрсеткішін азайту мақсатында оңалту шараларының сапасына, тұрғындарды ақпаратпен қамтамасыз етуге, скринингтік тексерулерге баса көңіл бөлінеді.
Медицина саласын сандық жүйеге көшіру – уақыт талабы. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, қағазбастылықты жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауруханада осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету, аурулардың алдын алу, емдеу шараларының тиімділігін арттыру – күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Ауруханаға көптеген жаңа жабдықтар сатып алынды, дегенмен әлі де мобильді рентген жүйесі, радиохирургиялық құрал, әмбебап ота үстелі, ота жарықшамы мен тыныс алу аппараты қажеттігін атап өткен жөн.

Аманжол ҚАЗИЕВ,  Явленка аудандық ауруханасының бас дәрігері.
Есіл ауданы.

Суретті түсірген: Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp