«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ЕҢБЕГІН ХАЛҚЫ ҰМЫТПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлем таныған Қазақстанның кешегі кеңес дәуіріндегі теперішін, тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезеңдерін еске алудың өзі өте ауыр. Дегенмен сол аласапыран уақытта билік тұтқасын ұстаған азаматтар ерен еңбек етіп, болашақтың дамуына үлкен жол салды. Өңірімізге есімі белгілі сондай азаматтың бірі Қаттай Кеншінбаев еді. “Өмірден үйренген адамдар ғана ұлтының ұлы перзенті бола алады”, – деген екен Қытай реформасының атасы Дян Сяопин. Осы сөз ойға оралған сайын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары алқалы жиын барысында кездескен Қаттай Бектасұлының тұлғасы көз алдыма келе береді. Сол кездері журналист деген кәсіпке жаңа үйреніп жүрген біз сияқты түбіт мұртты жігіттер есімінен ат үркетін мұндай тұлғаларды сөзге тартуға тайсалып тұратын едік. Өйткені, ол өмірдің қиын да қызық жолында жоққа жасымай, барға асып-тасымай, ізгіліктің ізімен келе жатқан зерделі жан болатын. Өткен заманның, тәуелсіз Отанымыздың сан соқпақтарында да ұлтының туын биік ұстап жүрген азаматпен танысқаннан кейін оның қарапайымдылығына тәнті болдым. Алайда, бұл ағамен екі-үш рет қана кездесудің сәті түскен еді. Ол кезде Қақаң тартылған су құбырының ұзындығы жөнінен Гиннестің рекордтар кітабына енген “Союзцелинвод” кәсіпорнын басқарып, жауапты қызметтің жүгін арқалап жүрген-тін. Көптеген істің тетігін тауып, жетістіктің желкеніне мініп, тұлғалық тұғырынан көрінді. Бұл жағынан келгенде, Қақаң өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. 

Қаттай Бектасұлының өмір жолы кейінгі ұрпаққа қайсарлықтың, алға қойған мақсатқа жетудегі табандылықтың, өмірге құштарлықтың үлгісі деуге болады. Ол Аққайың (бұрынғы) Совет ауданындағы Қызылту ауылында аласапыран 1929 жылдың 17 желтоқсанында туған. Жөргектен шықпай жатып әкеден, мектеп табалдырығын аттар жылы анадан айырылған. Үш ағасымен және үш әпкесімен жетімдіктің қамытын киген Қаттай небір қиындықтарды мойымай көтере біледі. Қайта мұндай өмір сындары оның мінезін шыңдай түсті. Отызыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргін бұл жетімдер отбасын да шарпып өтті. Ағасы Әзімбай “халық жауы” деген жалған айыппен ату жазасына кесіледі. Екінші ағасы Дайрабай барлық туыстарын бір шаңыраққа жинап, оларға қамқор бола біледі. Өмір жолында кездескен небір қиындықтарды жеңе білген ағамыз он сегіз жасында орта білім туралы аттестат алып, сол жылы Барнаул қаласындағы Алтай ауыл шаруашылығы машина жасау институтының студенті атанады.

Жоғары білімді жас маман еңбек жолын 1952 жылы Ресейдің Томбы қаласындағы мойынтірек зауытында цех шебері болып бастайды. 1953-1959 жылдары сол облыстағы Клопашев машина-трактор шеберханасында механик болған. Алайда, туған жерге деген сағыныш оны елге алып келді. Алғашында Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) аудандық кеңшарлар бірлестігі тресіне бөлім меңгерушісі болып орналасады. Іскерлік қасиеттерімен басшылардың көзіне түскен жас маман облыстық партия комитетінде 1959-1963 жылдары ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарады. Одан кейін төрт жыл Бүкілодақтық “Союзсельхозтехника” басқармасын басқарып, облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасына ауысады.
1969 жылы оның өмірінде үлкен өзгеріс болады. КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрінің бұйрығымен инженер-гидротехник Қаттай Кеншінбаев одақтық деңгейде құрылған “Союзцелинвод” тресінің бастығы болып тағайындалады. Петропавл қаласында құрылған бұл трест одақтық министрліктің ірі құрамдас бөлігі, үлкен өндіріс орны саналатын. Ол құрамында магистральдық су құбырын пайдаланатын 14 басқарма бар және жалпы ұзындығы 84 мың шақырым су құбыры желісінен тұратын. Ұзындығы 16 мың шақырым су құбырын тартқан облысымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сөйтіп, Қаттай Бектасұлы әлемде ең ұзын су құбырын тартқан атақты құрылысшы атанды. Трестің бөлімшелері Қазақстанның жеті облысында орналасты. Трестің көмегімен елімізде елуге тарта жаңа елді мекен пайда болды. Тек Петропавл қаласында ғана 150 мың шаршы метр тұрғын үй, ондаған дүкен, мектеп, балабақша, дәрігерлік қосындар мен спорт залдары бой көтерді. Трестің қаржысына “Водник” сауықтыру-демалыс кешені, “Балдырған” еңбек және демалыс лагері салынды.
Осыдан бес жыл бұрын Қаттай Кеншінбаевты еске алуға арналған “Солтүстік Қазақстан облысының топтық су құбырлары жүйелерін дамытудың тарихы мен болашағы” атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Жуырда осы алқалы жиынның материалдары қолыма түсті. Сонда көптеген адамдар баяндама жасап, білікті басшы, абзал азамат туралы өз ойларын ортаға салыпты. Шал ақын ауданындағы “Еңбек” кеңшарының директоры Бекет Жүсіпов осыдан қырық жыл бұрын жаңа құрылған шаруашылыққа Қаттай ағай басқарған “Союзцелинвод” тресі тарапынан жасалған жұмыстарды жан-жақты айтып беріпті. Еңбек, Ақсу және Жаңасу ауылдарынан құралған шаруашылықтың жағдайы мәз емес еді. Ең алдымен шаруашылықты қамқорлыққа алған трестің көмегімен магистральды су құбыры тартылады. Аудан орталығына қатынайтын жол жөнделіп, автобус бағыты ашылды. Аз уақыт ішінде кеңшар орталығында отыздан астам тұрғын үй, әлеуметтік мақсаттағы ғимараттар бой көтереді. Он жыл ішінде трестің көмегі арқасында “Еңбек” алдыңғы қатарлы кеңшарлар қатарына қосылады. Сондай-ақ, Қаттай Бектасұлы туралы жазылған естеліктер кітабында замандастары тамаша азамат жайында ойларымен бөлісіп, ол өзінің қалдырған қолжазбасында өмір жолынан сыр шертіпті. Оны оқи отырып, абзал жанның жан дүниесін, адамгершілік тұлғасын, басшылық қасиетін түсінгендей боласың.
Трестің дәуірлеп тұрған жылдарында Қаттай Кеншінбаевқа барған әрбір адам бір марқайып қалатын. Өйткені, бастыққа қарап, бой түзеген барлық қызметкерлер де сыпайы, кез келген адамға құрақ ұшып, жылы қабақ танытатын. Келген жан бірден адамгершілікті, жылылықты сезінетін. Тек Қаттай Кеншінбаев сияқты текті, асыл адамдар ғана адамгершілікті алға қоя білетін. Көргенді адам әр кезде де көлденең сөзге бармай, тек ақыл-оймен, білім-білікпен ғана жол табады ғой. Ол таудай қиындықтарды еркін еңсеретін және кәсіпорны үнемі алда жүретін. Әрі жоспарды орындап, әрі адамгершілікті сақтап, тіпті, барлық ұжымын да басқара білген ол өте беделді басшы.
Сонымен бірге ол өз мамандығын жетік меңгерген еді. Егер аяғын сәл ғана шалыс басқан болса итеріп қалуға дайын тұрғандар сол тұста да көп болатын. Жан-жақты әрі терең ойлай білетін. Трестің табысы жыл өткен сайын артып, оның жомарттығына көпшілік сүйсінді.
Біздің облыста алғашқы отбасылық балалар үйін ашу қолға алынғанда да оларға қамқорлық көрсеткен “Союзцелинвод” кәсіпорны болатын. Петропавл қаласының шетінде он екі бала тәрбиелеп отырған Дудниковтар отбасына екіқабатты коттедж салып берді. Осы отбасының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына үнемі қамқорлық жасап отырды. Қай жерде жаңадан ашылған игілікті іс болса, соның басында Қаттай аға жүретін.
Қаттай Бектасұлының инженерлер тобымен бірлесе отырып ашқан әдістемелері, ұсыныстары, нормативтік құжаттары, жаңалықтары КСРО-ның мемлекеттік стандартына енгізілген. Су құбырларын пайдаланудың мерзімін ұзартып, оны жүз жылға дейін созған. Суды алыс қашықтыққа тасымалдау, оның тазалығын сақтау, тағы басқа салада жасаған оның өзінің ғана авторлық құжаттарының саны отыздан астам екен. Бұл Қаттай Бектасұлының өміріндегі көпшілік біле бермейтін еңбектері. Ол ірі өндіріс орнын басқара жүріп, озық тәжірибені үйренуден жалыққан емес. Әр жылдары Болгария, Бельгия, Венгрия, Үндістан, АҚШ, Италия және басқа да елдерде іссапарда болып, олардағы сумен жабдықтаудың озық әдістерімен танысты және озық тәжірибелерді өндіріске енгізе білді. “Союзцелинвод” тресін басқарған ширек ғасыр ішінде ол еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Осы еңбегі үшін Қаттай Бектасұлы үш мәрте “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды, оған “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі” және “Петропавл қаласының құрметті азаматы” атақтары берілді. Артына өшпес із қалдырған Қаттай Кеншінбаевтың есімі Петропавл қаласындағы бір көшеге берілді. Өзінің саналы ғұмырын еліне, халқына адал қызмет етуге арнаған, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы арқылы жұртшылықтың құрметіне бөленген абзал азаматтың жарқын бейнесі замандастарының жадында сақтаулы.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp