«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫ ҰРПАҚПЫЗ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылында дүниеге келдім. Отбасымызбен Қызылжарға қоныс аударған сәттен бастап өнердің тұнығына бойладым. Алдымен би үйірмесінде өзімнің мүмкіндігімді сынадым. Менің өнерге құлшынысымды аңғарған ұстазым, дарынды балетмейстер, “Дружные ребята” хореографиялық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Расима Сучкова талабымды қолдап, бағымды ашты. Ресейдің Челябі мемлекеттік педагогикалық университетінде хореография мамандығы бойынша білім алдым. Азаматтық парызымды өтеу үшін жасампаз елімнің дамуына еңбек сіңіруді мақсат тұттым. Қызылжардай құтты мекенді құлай сүйемін. Бәлкім, сол кіршіксіз махаббат мені елге жетелеп әкелген шығар. Қазір облыстық филармонияның “Туған жер” би ансамблінің құрамында өнер көрсетудемін. 

Өнер – халықтың рухани діңгегі. Ал Ұлы даланың құндылығы мәдениеттен бастау алады. Осынау өнердің арқасында Хорватия, Словения, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдеріне гастрольдік сапармен барып, өнер көрсету бақыты бұйырды. Бүгінде би өнері өмірімнің мағынасына айналды. Менің әр күнім қарбаласқа толы. Шығармашылық концерттерді айтпағанда, еліміздің әр қиырында өтетін түрлі байқауларға қатысып, мерекелік кештерден қалмауға тырысамын. Әрбір сәтімді тиімді пайдаланғым келеді. Жалпы, мен сияқты әр салада жүрген жастар үлкен табыстарға қол жеткізуде. Замандастарымның биік белестерді бағындырғанына дән ризамын. Біздің арманымыздың жүзеге асуы тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Сондықтан біз азаттықтың қадірін түсініп, баға жетпес құндылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз – бақытты ұрпақпыз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда дүниеге келіп, азат елде өмір сүргенге не жетсін!

Осынау өнер дейтін шексіз әлемде өмірлік серігімді тауып, отбасын құрдым. Сондықтан өнерге адал қызмет етіп қана қоймай, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтамын.

 

Самат ЖҰМАЖАНОВ,
“Туған жер” би
ансамблінің бишісі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp