«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетке жазылған сөз тасқа басылған тарихпен тең. Қазақ халқының арғы өмірі жайлы деректер жыр-дастандар арқылы ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жетсе, тұңғыш басылымымыз – “Түркістан уәлаятының газеті” жарық көрген 1870 жылдардан бергі еліміздің бастан кешкендері қағазға түскен. Ауызша айтылған тарихта аз болса да, ауытқушылықтар, сәйкессіздіктер болады. Ал газет сөзін өзгерту мүмкін емес. 

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. 1991 жылдың 16 желтоқсаны да кешегідей көз алдымызда. Дегенмен, содан бері де зымырап 28 жыл өте шыққан екен. Уақытта кідіріс жоқ. Сағаттар сырғып, күндер жылжып өткен сайын кей оқиғалар көмескілене береді. Кейбір қимас адамдар көзден кеткен соң олардың да кескіндері санадан өшетіні хақ. Қызылжар өңірі баспасөзінің қарашаңырағы, жылт еткен жаңалығын қалт жібермей 100 жыл бойы қағазға түсіріп келе жатқан “Soltústik Qazaqstan” газетінің бүгінгі күнге дейін жарық көрген 22447 санының әрбірі тарих. Бүгінгі өлшеммен, қазіргі көзқараспен қараған кезде сонау келмеске кеткен кеңестік дәуірдегі саясатпен жазылған мақалалардың еш құны жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Ал шынтуайтында, тарих үшін, бізден кейін келетін ұрпақ үшін оның бәрі маңызды.

Алдағы жылдың ақпанында бір ғасырлық тойын атап өткелі отырған облыстың бас басылымы азаттықтың арайлап атқан ақ таңын қалай қарсы алып еді? Бодандықтың қамытын лақтырып тастап, бостандыққа қадам басқан күнді көріп, көріп қана қоймай қағаз бетіне түсірген қаламгер ағалардың алды келместің кемесіне мініп кетті. Көбі қазір зейнет демалысында. Қаламын қолынан тастамай, халқына қызмет етіп жүргендері де бар. Сол ағалардың қазақ үшін ақ түйенің қарны жарылған сәтті қалай суреттегенін тағы бір еске түсіру мақсатымен “Ленин туының” (1932-1993 жылдарда газет осы атаумен шықты) 1991 жылдың соңы мен 1992 жылдың басындағы сандарын шолып шығуды ұйғардық.
Еліміздің Тәуелсіздігі желтоқсанның 16-сы күні жарияланды. Ал “Ленин туы” газеті азат елдің алғашқы басылымдарының бірі ретінде 17 желтоқсанда оқырманға жол тартқан екен. Газет жұмысынан сәл де болсын хабары бар адам 17-сі қолға тиген газет сол күні емес, бір тәулік бұрын дайындалып, баспаханаға берілетінін біледі. Демек, сол кездегі астанамыз – Алатаудың бөктеріндегі шаһарда қабылданған шешім өңірдегі басылымдарға лезде жете қоймаған-ау деп топшыладық. Қазіргідей ақпаратты шартарапқа тез таратып жіберетін интернет те жоқ. Дегенмен, газеттің екінші бетіндегі “Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы” Президенттің Жарлығы Алаш қайраткерлері армандап кеткен, желтоқсан боздақтары аңсаған тәуелсіздік таңы атқанын білдіргендей көрінді маған.
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды” деген ақпарат 18 желтоқсандағы санында жарық көрді. “…Жоғарғы кеңес салтанатты түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұдан былай біздің республика тәуелсіз, демократиялық және праволық мемлекет болып табылады. Ол өз территориясында бүкіл толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес белгілеп жүргізеді. Халық депутаттары мен республика Президенті Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы маңызды заңның қабылдауын орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды…” деген сүйінші хабар бірінші бетке басылды.
Тәуелсіздік тағдырдың қазаққа берген сыйы дегенімізбен, оның оңай жолмен келмегенін білеміз. Қаншама қан төгілді, мыңдаған боздақ азаттық жолында өздерін құрбан етті. Қазіргідей көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын территорияны сақтап қалу үшін де арғы аталарымыз түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмеді. Солтүстіктегі бес облыс Жұмабек Тәшеневтей қайсар ұл болмағанда әлдеқашан қолдан сусып кетер ме еді? Жерге байланысты дау 1991 жылы тәуелсіздік алар тұста да толастамаған. “Ленин туында” басылған мына жайт қазір көп айтыла бермейді. “ССРО Президенті М.С.Горбачевтің жуырда Украина телевизиясына берген интервьюінде одақтан шығуды ұйғарған мемлекеттердің тарапынан бір-біріне территориялық талап қою мүмкіндігі туралы ойлары айтылды. Мәселен, Горбачевтің пайымдауынша, тың игеру кезінде Қазақстанға солтүстіктегі бес облыс берілген тәрізді. Мұндай пікірді айтуға не тарихты білмейтін, не тәуелсіздік жолына түскен көрші мемлекеттердің арасына сенімсіздік және дүрдараздық ұрығын саналы түрде сепкісі келетін жандардың ғана аузы бара алады”, – деген Жоғарғы кеңес депутаттарының наразылығы газетте жарияланыпты. Халық қалаулыларының бұлай талап қоюы ерлік емес деп кім айта алады?
Горбачевтің солтүстік облыстарға қатысты айтқанына қарсы мақалалар газеттің бұдан кейінгі сандарында да жазылған. “Қазақ халқы – ежелден еркіндік пен бақытты аңсаған халық. Қазақ халқы – бостандық сүйгіш халық. Қазақ халқы – жатты бауырына тартқан халық. Қазақ халқы – жаудың сөзін басынан асырмаған халық. Қазақ халқы – намысын қолынан бермеген халық. Қазақ халқы, Қазақстан жері – біртұтас, бөлінбейтін бір жұп. Осындай халықты қорлап сөз сөйлеген Горбачевтің өз ұяты өзінде. Бірақ оған деген жүрек енді қайтып жібімес”, – деп жазды 27 желтоқсан күнгі санда “Қазақ тілі” қоғамының бюро мүшесі С.Сеңкібаев.
Еліміздің егемен ел болғанын барша әлемге паш еткен “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңның толық нұсқасы “Ленин туы” газетінің 19 желтоқсан күнгі санында басылды. Жеті тарау, 18 баптан құралған бұл заң – қазақ халқының талай жылдардан бергі арманының орындалғанының белгісі еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдар көптеген қиындықтармен тұспа-тұс келгені мәлім. Экономика тұралап, әлеуметтік жағдай төмендеп кеткенін сол уақытта газет бетіне шыққан мақалалардан да анық көреміз. Тіпті, араларында “болашағымыз бұлыңғыр” деп мақала жазған ағаларымыз болғанын қалай жасырайық. Олар азаттықтың қадірін дұрыс бағамдап, қиындықтардың бәрі уақытша екенін болжай алмаған сыңайлы. Дегенмен, қазір 28 жылдан кейін Қазақстан дамыған елге айналатынын сен неге сол кезде білмедің деп айыптау орынсыз. Өйткені, тілші көз алдында тұрғанын қағаз бетіне түсірді, қоғамда болып жатқан жайттарды қаз-қалпында жазуға тырысты.
“Бұрындары капитализмді құбыжық көріп келдік, АҚШ десе, көз алдымызға қанаушылық, таршылық, жоқшылық, іріп-шіріп бара жатқан дүние елестейтін. Енді, міне, есімізді жинап, етегімізді жауып, жан-жағымызға бажайлай көз салсақ, аузымыздың суы құрығанша жамандайтын капитализмнен қай жағынан болса да мүлде артта қалыппыз”, – деп журналист Өмір Есқалиев жүйенің кемшілігін салыстыра отырып ашық жазды.
“Мен өзім қазақ елінің егемендік алып, тәуелсіздік туын тіккеніне шексіз қуаныштымын. Ендігі тілегім – осы еркіндікті дұрыс пайдаланып, іске ұқсата білсек екен. Біздің көп жасағыр Президентіміз Нұрсұлтан айтқандай, Қазақстанның іргелі ел болып, өркениетті мемлекеттердің қатарына қосыларына мен сенемін. Бізді бүкіл әлем танып, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен орын аларына еш күмәнім жоқ”, – деген жолдар журналист Дүйсенбі Әуелбековтің 1992 жылдың басында шыққан “Ұзақ жолдар үстіндеміз” мақаласынан алынды. Қаламгердің жазғандары бүгінде түгел жүзеге асып, Қазақстанды барша әлем танығанының куәсі болып отырмыз.
Экономикалық қиындықтар кезінде елдің жайымен бірге өздері еңбек етіп жүрген газеттің ертеңі не болатынын ойлап, тілшілердің ойы сан-саққа жүгірді. “Шыны сол – нан жетпей жатқанда, саясат деген жайына қалады екен. Сондықтан бәрін қойып, газетіміздің жайына көшейін. Оның аты өзгертіледі. “Ленин туы” ертең ненің “туы” болады – оны облыстық кеңестің алдағы сессиясы шешеді. “… туы” газеті аптасына неше рет шығады – оны да сессия шешеді”, – деп бас редактордың орынбасары Болат Қожахметов 1992 жылы газеттің алғашқы санында басылған “Жыл басы” атты мақаласында жазыпты. 1920 жылдан бері газеттің атауы төрт рет ауысқанын, саяси жүйе өзгерген сайын басылым да соған сай аталуы қажет екенін Болат ағамыз жөн айтқанымен, уақыт жағын дөп басып болжай алмағанын көреміз. Және басылымның атауы ештеңенің “туы” емес, 1993 жылдың желтоқсанында “Soltústik Qazaqstan” болып ауысқан еді. Тәуелсіздікпен бірге облыстық газеттің атауы ғана емес, ішкі мазмұны да өзгеріп сала берді. Журналистер бұрындары айтуға тыйым салынған ұлт, тіл, дін және тағы да басқа мәселелерге еркін қалам сілтеуге көшті. Мұның бәрі бүгінде тасқа басқан тарихқа айналып отыр.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp