«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

JÚREKJARDY

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ӨТКЕН ЖЫЛДАР ЖЕМІСІ

Ата-бабамыз аңсаған азаттық туы желбіреп, ел егемендігін алған кезең әлі есімде. Қарағанды медициналық институтында емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып, Қызылжар қаласындағы облыстық аурухана базасында 1988-1989 жылдары интернатурадан өттім. Кейін жолдама бойынша Шал ақын аудандық ауруханасына хирург болып жұмысқа орналастым. Жас маман ретінде ең алғаш еңбек жолымды бастаған кезең Тәуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс келді. 

Азаттықтың алғашқы кезеңі еліміз үшін жеңіл болды деп айта алмаймыз. Халыққа жалақы уақтылы төленбеді, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы күрт құлдырап кетті. Мұндай қиыншылықтар денсаулық сақтау саласын да айналып өтпеді. Десе де, ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізген халқымыз ертеңгі күнге сеніммен қарады. Сол сенімнің арқасында бүгінде бейбіт әрі берекелі елге айналдық. Өзге салаларды айтпағанда, қазір медицинада оң өзгерістер көп. Емдеу ісінде озық технологиялар қолданысқа енгізілуде. Елімізбен бірге көркейген денсаулық сақтау саласының дамуына куә болып, бүгінгідей бақуатты кезеңде өмір сүргеніме шүкір айтамын. Бұл – өткен жылдар жемісі. Сондықтан теңдесі жоқ байлығымыз – Тәуелсіздіктің қадірін білгенге не жетсін?!
 

Ержан ӘБУҒАЛИЕВ,
көпбейінді қалалық
аурухананың бас дәрігері.

БЕРЕКЕ – БІРЛІКТЕ

Тәуелсіз ел атанғалы бері “Береке бастауы – бірлік” қағидасын ұстанған мемлекеттің әр тұрғыны үшін бұл мерекенің маңызы зор. Қазақстан аумағында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын мақтан етеді.
Қазір біз арайлап атқан таңмен таласа оянып, болашаққа құрған жоспарымызды орындауға асығамыз. Мұның барлығы – елдегі тұрақтылықтың арқасы. Мен қазіргі таңда өз кәсібімді кеңейтіп, құрылыс жұмысын қолға алғым келеді. Елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды салық төлеуден босату, жөнсіз тексеруден қорғау сияқты қолайлы жағдай жасалған. Өзім туып-өскен елде кәсібімді дамыту үшін осындай жағдай жасалып жатқаны қуантады.
Сонымен қатар “Қазақстанның кәріс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы болған әкем Евгений Ханның қолға алған жұмысын жалғастыруды өзімнің бір парызым деп есептеймін. Өзін ұлттың, елдің патриотымын деп санайтын адам көпэтносты еліміздің бірлігін нығайтуға үлесін қосуға міндетті. Өйткені, озық елдердің ортасынан орын алған Қазақстан бұл жетістікке ынтымақ арқылы жетіп отыр.

 

Алексей ХАН,
“Қазақстанның кәріс қауымдастығы”
республикалық қоғамдық бірлестігі
облыстық филиалының төрағасы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp