«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАҺАРМАНҒА ҚҰРМЕТ Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің есімі Ресейдегі мектепке берілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресей Федерациясының Қорған облыстық өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысындағы жеңіске арналған «Ресей қазақтарының ерлігі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Ресейдің ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттігінің мұрындық болуымен қолға алынған бұл шара бұған дейін көршілес елдің 13 облысында өткізілді. Бүкілресейлік жобаның көздеген мақсаты – кейінгі ұрпаққа кеңес одағы халықтарының ерлігін паш ету, қазіргі жастарға Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндері туралы тарихи шындықты жеткізу, Кеңес Одағының Батырлары және Даңқ орденінің толық иегерлері атанған қазақтардың әрқайсысының атын атап, құрмет көрсету.

Көрмені ашқан Қорған облыстық ақпарат және ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Евгений Чердаков бұл шараның Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты сақтаудағы маңызына тоқталды. Көрменің ашылуына Ресейдегі қазақ қоғамдық бірлетіктерінің өкілдері – «Ресей қазақтары федералдық ұлттық-мәдени автономиясының» төрағасы Тоқтарбай Дүйсенбаев, Түмен облысындағы «Достық» қазақ қоғамдық ұйымының басшысы Есімқан Жантасов, «Қорған облыстық ұлттық-мәдени автономиясының» төрағасы Қайрат Оралов қатысты.
Көрмеге қойылған жәдігерлер қазақ халқының ерлігі мен батылдығы, қайсарлығы мен жанқиярлығы және Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі туралы баяндайды. Көрмеге Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовке арналған стенд қойылды. Былтыр Солтүстік Қазақстан облыстық «Единение» қоғамдық бірлестігі Петропавлдағы «Світанок» украин орталығының және Қорған облыстық қазақ мәдени автономиясының мүшелерімен бірлесіп, Қорған облысының аумағында Әбу Досмұхамбетовтің есімін ұмыттырмауға арналған шаралар жөнінде бірқатар ұсыныстар жасаған болатын. Облыс басшылығы бұл ұсыныстарға құлақ асып, Частоозерский ауданындағы Бутырин негізгі мектебіне Әбу Досмұхамбетовтің есімі берілді. Көрменің ашылуында Мемлекеттік Дума депутаты Александр Ильтяковтың көмекшісі Татьяна Уварова осы тамаша жаңалықпен бөлісті. Мектеп ғимаратының қасбетіне ескерткіш тақта орнатылып та үлгерген екен. Ал 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында аудан орталығында батырға ескерткіш орнату жоспарланып отыр.


Қорған музейіндегі көрме ақпан айының соңына дейін жұмыс істейді. Өкінішке қарай, карантинге байланысты көрмені Петропавлға апаруға мүмкіндік жоқ. Бірақ алдағы уақытта осындай шара Солтүстік Қазақстан облысында да өткізіледі деген үміттеміз.

 

Виктор ДУБРОВИН,
«Единение» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp