Жеңіл салмақта өнер көрсететін солтүстікқазақстандық Евгений Павлов Дүниежүзілік бокс қауымдастығының («WBA») «ТОП-15» рейтингісіне енді.
Жерлес кәсіпқой боксшы үздіктердің тізімінде 12-ші орында тұрақтады. Аталмыш салмақ дәрежесінде Өзбекстан елінің өкілі Муроджон Ахмадалиев көш бастауда. Ал американдық Рейси Алим, армяндық Азат Оганесян және тағы бір американдық Дэниэл Роман рейтингтегі үздік үштіктің құрамына кіреді.
Евгений өткен жылдың шілде айында кәсіпқой бокстағы дебюдтік кездесуін өткізіп, венгрлік Патрик Хорватты жеңген болатын. Кейін Атыраудағы бокс кешінде Евгений танзаниялық Гудлак Мремамен қолғап түйістіріп, қарсыласын нокаутқа жіберді. Солтүстікқазақстандықтың соңғы жекпе-жегі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Бұл жолы петропавлдық боксшы Филиппин елінің өкілі Алие Лауриельді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді. Осылайша, былғары қолғап шебері алғашқы рейтингісіне өз есімін кіргізді.