Қазір кез келген сауда орнына бара қалсақ, “Қазақстанда жасалған” деген жазуы бар отандық өнімдерді іздейтініміз рас.
Өйткені, адам ағзасына зиянды қоспаларсыз дайындалатын экологиялық таза жергілікті азық-түлік дәмділігімен де тіл үйіреді. Дегенмен, жерлестеріміз сапалы отандық өнімдерді алыс-жақын шетелдерден әкелінген тауарлардың арасынан табу қиын екенін жасырмайды. Мәселен, сүт өнімдерін алар болсақ, дүкен сөрелеріне қойылған жергілікті “Зенченко және К” коммандиттік, “Масло-Дел”, “Ростан” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ірімшік-қаймақтары алдымен сатылып кетеді. Сондықтан бағасы қымбат самсаған шетелдік өнімдердің бірін алуыңа тура келеді. Яғни, елімізде әзірге сүт өнімдері импортының азаятын түрі байқалмайды. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, өңдеуші кәсіпорындар қуаттылығының төмендігінен елге жыл сайын шамамен 6 мың тонна сарымай, 22 мың тонна ірімшік пен сүзбе жеткізіледі. Демек, қазақстандық өндіріс орындарының санын арттырып, оларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі өте маңызды.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.