«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асылжанның асуы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда ізгі істерімен жарысып, бәсекелестік қабілеттерін шыңдап жүрген жастарды көргенде сүйсінесің.

Жүрегі мейірімге толы ұл-қыздардың aрасында Асылжан Бегалинова да бар. Ол Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Бала кезінен ізденімпаздығын, білімге деген құштарлығын байқаған анасы қызына жан-жақты қолдау керсетіп, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік жасайды. Осындай талпынысының арқасында 8-сыныпта оқып жүргенде еріктілер қатарына қосылады. Ол кезде Аружан небәрі 14 жаста еді. Мұндай маңызды қадам жасауға Назарбаев зияткерлік мектебіндегі “Қоғамға қызмет” жобасы септігін тигізді. Қазір ол аталмыш жобаның үйлестірушiсі. Сонымен қатар Асылжан – “СҚО волонтерлер лигасы” республикалык жобасының еріктісі. Жақында бойжеткен “Самұрық – 2020” атты өңірлік жастар форумында “Білім саласындағы үздік волонтер” атағына ие болды.
– Мен Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскен балаларға арнап жоба әзірледім. Бұл жобаны қала мен ауыл-аймақтардан келген балалардың жаңа оқу орнына үйреніп кетуіне көмек беретін құрал деп санаймын. Осылайша, білім саласындағы волонтер ретінде қоғамға титтей де болса өз үлесімді қостым деп ойлаймын, – дейді ол.
Ол бұл жобаны өзін-өзі тану пәнінің ұстазы Гүлнара Ахметованың жетекшілігімен бірге жүзеге асырды. “Білімді жетер мұратқа” демекші, сәттi шыққан жұмыстары Мәскеу қаласындағы байқауда – бірінші, Францияда екінші орынға лайық деп танылды.
Талапты бойжеткен бұл жетістігіне тоқмейілсімей, өткен жылдың шілде айынан “Елбасы медалі” жобасына белсенді түрде қатыса бастады. Жас спортшыларды, еріктілерді және мәдени мұраны қастерлейтін өнерлі өрендерді қолдап, ынталандыруға бағытталған бұл жоба Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Облыс бойынша “Елбасы медалі” жобасына 400-дей үміткер қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде 10 адам топ жарып, дүбірлі додада Асылжанның да жұлдызы жанды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: А. Бегалинованы марапаттау сәті. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp