Қауіпті коронавирус індетін жұқтырғандар санының өсуіне байланысты облысымыз «сары» аймаққа кірді. Осыған байланысты сәуірдің 12-нен бастап өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізіледі.
Өңірдегі эпидимиологиялық жағдай небары бір аптаның ішінде өзгеріп шыға келді. Коронавирус індетін жұқтырғандар саны бір аптада 129-дан 164-ке жеткен. Соңғы тәуліктің ішінде қауіпті вирус 49 тұрғыннан анықталды.
– Қауіпті індет жұқтырғандардың дені – Петропавл қаласының тұрғындары. Сондай-ақ, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Айыртау сияқты тағы бірнеше аудан тұрғындарынан да инфекциялық вирус анықталып отыр. Жағдайдың күрт өзгеруіне Наурыз мейрамын тойлау кезінде тұрғындардың қауіпсіздік шараларын босаңсытып алуы кері әсерін тигізді, – дей келе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов бірінші кезекте жабық ғимараттардағы балалар алаңдары мен аттракциондар, батуттар мен аквапарктердің жұмысы тоқтатылатынын атап өтті. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орындарында тағы кезекші топтар ұйымдастырылады. Жеке кабинкалары бар қоғамдық моншалар мен сауналар жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Театр мен кинотеатр, концерт залдары көрермендер саны 20 пайыздан аспайтын жағдайда жұмысын жалғастыра алады. Спорттық шаралар да жанкүйерлерсіз өткізіледі. Мәдениет орындарында жеке және топтық дайындықтарға қатысушылардың саны 30 адамнан аспауы тиіс. Діни іс-шараларға, ас беруге тыйым салынады. Сонымен қатар, діни орындарда құлшылық етуге болмайды.
Биыл да қасиетті Рамазан айы пандемия жағдайында өткелі отыр. Сондықтан дәрігерлер ораза ұстауды ниет еткен жандардың өз денсаулықтарына немқұрайды қарамауына кеңес береді. Өйткені, ағзаның әлсіреуіне байланысты түрлі инфекцияларды жұқтыру мүмкіндігі артады. Қауіпті инфекцияның көбеюіне байланысты медициналық ұйымдарда емделіп жатқан науқастар саны да артуда. Емдеу мекемелеріндегі жұмыс жүктемесі 28-ден 36 пайызға артты.
– Қазір облыс бойынша қауіпті індет жұқтырған 194 тұрғын медициналық мекемелерде ем-дом қабылдап жатыр. Соңғы уақытта ауру белгілерінің өршігені байқалады. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жағдай сияқты бізде де инфекцияның ауыр өтіп жатқанын айту керек. Әзірге, індеттен қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Өңірге 16,5 мың ресейлік Спутник V вакцинасы жеткізілген болатын. Бүгінде 7 мың тұрғын екпе алды. Жалпы, кез келген ерікті адамға емханаларда екпе қойылатынын айтып өткен жөн. Мамандардың айтуынша, екпе салдырға тұрғындардың жағдайлары қалыпты, олар өздерін жақсы сезінуде. Бірер күнге созылатын әлсіздік, дене қызуының көтерілуі – бұл ағзаның вакцинаға қарсы әрекетін көрсетеді. Сондықтан медициналық қызметкерлер вакцинациялау шараларына белсенді қатысуға шақырады. Ол үшін жергілікті емханалардың тіркеу орындарына жүгіну керек. Коронавирусқа қарсы екпе қойдыру үшін egov электронды порталы арқылы да жазылуға болады. Бірақ онда кезек автоматты түрде түзіліп, бағдарлама уақытты өзі белгілейді.
Келер аптада облысқа ресейлік вакцинаның тағы бір партиясы жеткізілуі тиіс. Жалпы бүгінге дейін облыста 13233 адам КВИ жұқтырды. Науқастардың 63 пайызында ауру белгілері байқалды. Соның ішінде емханаға жүгіну барысында 8 мыңға жуық тұрғында ауру анықталды.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».