Солтүстік Қазақстан облысында Тимирязев ауданы Докучаев елді мекенінің 20 шақты тұрғыны құтырма ауруына қарсы егіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Тимирязев ауданы Докучаев елді мекеніндегі шаруашылықтардың бірінде құтырма ауруының табылуына байланысты тиісті санитариялық іс-шаралар қолға алынды. Яғни ауру малды сауып, баққан жұмысшылардың саны анықталды. Қазір 19 адам медициналық қызметкерлердің бақылауында. Оларға құтырмаға қарсы вакцина егіліп жатыр.
«Ауру малмен байланыста болған жұмысшылардың жағдайлары жақсы. Бұл қауіпті аурумен күрестің ең тиімді тәсілі – екпе қойғызу. Негізі емі жоқ.
Ауырғандардың жүйке жүйесі зақымданады. Тыныс алуы ауырлап, соңы өлімге әкеледі. Ал адамға жануарлардың сілекейі арқылы жұғады», – дейді СҚО СЭБД бөлім бастығы Юлия Гайсина.
СҚО-да соңғы рет құтырма ауруымен ауырған адам 1998 жылы тіркелген екен.
«Елді мекендерде жабайы аңдар пайда болған жағдайда оларды үй жануарларына жақындатпау қажет. Өйткені құтырма ауруын негізгі таратушылар – жыртқыш аңдар. Олардан ит-мысыққа, төрт түлікке жұғады.
Әсіресе көктем уақытында ит-мысықты қамап ұстаған жөн. Ал үй жануары немесе жыртқыш аң қауып немесе тырнаған жағдайда жарақатты сабындап жуып, 70 % спиртпен немес йодпен сүрту қажет. Кейін міндетті түрде емдеу мекемесіне көріну керек», – дейді Юлия Гайсина.
Жыл басынан СҚО-да жануарлар қапқан 246 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың барлығы қажетті вакцинаны алды.
Бұған дейін СҚО-дағы шаруашылықтардың бірінде құтырма ауруының анықталып, 60 күнге шектеу шараларының енгізілгенін айтқан едік.
https://www.inform.kz/