«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЧЕМПИОН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бокстан жасөсіпірімдер арасындағы жарыстың ақтық айқастары өтіп жатқан. “Жеңіс” спорт мектебінің залы тарлау ма, әлде жанкүйер көп жиналған ба? Әйтеуір, аяқ алып жүру қиын, ығы-жығы адам. Айқай мен шудан құлақ тұнады. “Ұр, ұр деймін!”, “Оң қолмен соқ!”, “Мынау өзі бокстаса ма, жоқ па?”. Төреші рұқсат берсе,  тыпыршыған жанкүйерлердің кез-келгені рингке шығып кетуге әзір отыр. Көбі орындарынан әлдеқашан тұрып алған. Көзім ең шеткі орындықта бүкшиіп отырған сақал-мұрты өскен, үстіндегі киімі де әбден тозған, кір-қожалақ бір бейбаққа түсті. Түріне қарап, қанша жаста екенін бағамдау да қиын. Бірақ жай отырған жоқ, рингтегі боксшы оң қолмен ұрса бұның да қолы еркінен тыс алға сермелгендей болады. Басын сәл бүгіп қорғанып, сол қолымен қарымта соққының ишаратын жасайды. Менен басқа оны ешкім елеп те отырған жоқ сияқты.

Бұл жай адам емес екенін бірден ұқтым. Не де болса жарыстан кейін жөн сұрайын деп ұйғардым. Алайда соңғы жекпе-жек аяқталысымен жанкүйерлер есікке қарай лап қойды да, көпшіліктің арасынан оны таба алмай қалдым. Жанкүйерлердің соңын ала сыртқа жүгіріп шыққаныммен жер жұтып қойғандай зым-зия жоқ. Қайтадан залға кіріп, ауылдасым, бүгінде бокс бапкері болып жүрген Есенгелді Көкбасұлын тауып алып, сұрақтың астына алдым. “Ол – бірде бір жарыстан қалмайтын тұрақты жанкүйеріміз. Үнемі үн-түнсіз келіп, шеткі орындықта отырады. Ешкімде шаруасы жоқ. Өзі де кезінде талай жарыста топ жарған боксшы болыпты. Естуімше, бір келеңсіз оқиға талантты жастың тағдырына балта шапқан көрінеді. Бірақ ол оқиға туралы мен толық білмеймін. Есімі Руслан Садықов”, – деді ағынан жарылып. “Руслан Садықов!” Маған осы ақпарат та жеткілікті еді.

Бұл есім есіңізде ме, құрметті оқырман? Әттең, зымыраған уақыт ұмыттырмай қоймайды ғой. Көбіңіз білмеулеріңіз де мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысының арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, бокстан КСРО-ның чемпионы болған екі-ақ спортшы барын көреміз, соның бірі – осы Руслан Садықов. Екіншісі тағы бір әйгілі жерлесіміз – КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, марқұм Камиль Сафин. Кеңес одағының құрамына кіретін 15 мемлекеттің спортшылары арасынан топ жарып шығу екінің бірінің басына бұйырмаған бақ. Осы бақ құсы бар жоғы 17 жасар бозбала Русланның қолына қонақтап еді, бірақ байқаусызда үркітіп алды. Жастықтың жалынымен дер кезінде бағамдай алмады ма, әлде ринг бар күшін сарқып алып, өмір деген өзеннің тасқынына төтеп беруге қауқары жетпей, асау толқын жағаға шығарып тастады ма екен?

Петропавл қаласындағы №15-ші мектептің ел арасында жақсы қырынан гөрі жаман аты басымдау еді. Кезінде бұл білім ошағында тәрбиесі төмен ақыл есінде кемістігі бар балалар оқитын. Руслан да осы мектепте білім алды. Жасыратыны жоқ, сабақта кереметтей жетістіктер көрсетпеген. Бірақ спорт десе, оның ішінде бокс десе бәрін ұмытатын. Қолына былғары қолғап кисе оны жұрт танымай қалатын. Ал рингтен тыс жерде 50 келіге жетер-жетпес қана салмағы бар, қолы жіп-жіңішке бозбалаға қарап боксшы деп те ойламайтынсың. Бұл Русланның екінші бапкері, әлі де білгенін балғындарға үйретуден жалықпаған Сергей Киселевтің айтқан естеліктері. Сергей Николеавичпен Мир көшесіндегі “Автоучкомбинат” аталып кеткен бокс залында кездестік. Келгендегі мақсатым Руслан Садықов туралы мақала жазу екенін білген соң ойланып, үн-түнсіз біраз отырды. Терең күрсініп барып, сөзін бастады.

– Руслан – нағыз талант еді ғой. Оның қабілетін байқап, өз қарамағына алған, бар білгенін үйреткен марқұм Геннадий Федорович Сутуловтың та еңбегі зор. Ол Русланды туған баласындай жақсы көрді, тәрбиеледі. Мектепті бітіріп шыққан соң өзі сүйреп жүріп институтқа түсіртті. Қай спортшы болсын жаттығумен жүріп, сабаққа да дұрыс бара қоймайтыны көпке мәлім. Сондықтан шәкіртінің емтихандары үшін де өзі күйіп-пысып жүретін, – деп сәл кідірген ол жас боксшы мен бапкердің ең үлкен және ақырғы жеңісі туралы айтып берді.

Жасыратыны жоқ, спортта да ара-тұра жершілдік көрініс беріп жатады. Солтүстіктің қыз-жігіттерін шеттету қазір де бар, бұрын да болған. Сондықтан Руслан қанша талантты боксшы болғанымен ел чемпионатында жеңіске жете алмады. Бірде бабы келіспесе, келесі сәтте бағы жанбады, төрешілер тобықтан шалған жайттар да жоқ емес. Кеңес одағының чемпионатына Қазақстан біріншілігін ұтқандар ғана баруы қажет деген қағида бар. Ал әртүрлі себептермен оны жеңе алмасаң ше? Бірақ несібесін берсе қолдан бермесе жолдан алуды ұйғарған Геннадий Сутулов бұл кедергіні айналып өтті. Өзі қаржы шығарып, шәкіртін ертіп, одақ құрамындағы 15 елдің сайдың тасындай іріктелген былғары қолғап шеберлері жиналатын жарысқа барады. Бұл алып империяның ақырғы жылдары болатын.

Руслан артылған үмітті ақтады. Қазақстан чемпионатында жете алмаған биіктен асып түсті, қарсыластарының әрқайсысы өз елінің чемпиондары екенін ол елеген де жоқ. Техникалық шеберлігінің арқасында барлық жекпе-жектерін таза жеңіспен аяқтап, бір сәтте жастар арасында КСРО чемпионы болып шыға келді. Кеңес одағының спорт шебері атағы қоса берілді. Бұл біле білген адамға көпшіліктің өңі түгіл түсіне де кірмейтін жетістік еді. Русланның алдынан даңғыл жол ашылды. Қазақстан боксының көгінде жарқ етіп жарық жұлдыз жанды. Енді әлемді бағындыру ғана қалды. 1989 жылы Кубадағы халықаралық турнирден де табыспен оралды. Өкінішке қарай, адамның қалауы емес, Алланың дегені жүрді.

Одақ көлемінде жеңіске жеткендердің көбі бүгінде жоғары лауазымды қызметтер атқарып, бір-бір мекеменің тізгінін ұстап отыр. КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Камиль Сафин де өмірінің соңына дейін жоғары спорттық жетістіктер мектебінің директоры болғаны мәлім. Жүрегі нәзік, рингтен тыс жерде ұшқан шыбынға да зиянын тигізуді білмейтін Руслан тоқсаныншы жылдардағы дүрбелеңде адасып қалды. Жарық пен жылу сөнген, азық-түліктің өзі тапшы кезең еді ғой. Жоғарыда тірегі барлар тірлігін жасады, білегінің күшіне сенгендер қылмыстық ортаға қарай ойысты. Жан күйзелісіне түскен бозбала бұрын татып алмаған ащы суға әуестенді. Арақ жүрген жерде спортқа орын жоқ. Осылайша рингтен де ақырындап алыстай бастады.

Қандай жағдай болмасын елі ерін ұмытпауы керек еді, бірақ өкінішке қарай, біздің қоғам Русланды естен шығарып алған сияқты. Кезінде шаршы алаңда бірге тер төккен жолдастары, тіпті бапкерінің өзі оның қайда тұратынын білмей шықты. Апта бойы тынбай іздеп, әзер дегенде таптым. Төрт рет қоныс ауыстырыпты. Жұмысшы кентінің саз бен балшықтан аяқ алып жүргісіз Уражайная қысқа көшесінде тұрады екен. Есікті анасы ашты. Бір көзі мүлдем, ал екіншісі нашар көретіндіктен үйдің қабырғаларын ұстап әзер жүр. “Русланды да іздейтін адамдар бар екен ғой, ол ауруханада жатыр” дейді таңданып. Тұрып жатқан баспаналарын үй деп айтуға ауыз бармайды. Қабырғалары ыстан қап-қара  болып кеткен. Төргі бөлмеге қарай өттік. Үйде жиһаз атаулыдан ескі диван мен есіктері қисайған шкафтан басқа түк те жоқ. Отын болмаған соң, үсіп қалмаудың қамымен бәрін отқа жағып жіберген. Отыратын орындық іздеп едім, жанып жатқан пешті нұсқады. Соңғы орындық бүгін пешке кетіпті.  Жасы биыл 74-ті алқымдаған кейуана жалғыз диванға барып жайғасып, келгендегі мақсатымды сұрай бастады. Менің журналист екенімді естіген ол жапа-тармағай жатқан диванының астын қопарып, бірдеңе іздеуге кірісті. Не жоғалтты екен деп аң-таңмын. Таппаған соң айғайлап сыртта жүрген жиенін шақыртып алды. Ол матрацының астынан бас орамалға оралған бір түйіншекті алып шықты. Осы сәт кейуананың көретін жалғыз көзі жасаурап, иегі кемсеңдеп кетті. Түйіншектің ішінен салдырлатып Русланның медальдарын алып шыққан ол:

– Бұл – Русланның бар-байлығы. Осыдан басқа қолында ештеңе де қалған жоқ. Грамоталары мен кейбір медальдарын біреулер ұрлап кетті. Қалғанын көздің қарашығындай сақтап жүрмін, ешкім алмасын деп төсегімнің астына тығып жатамын. Балам осы медальдардың әрбірі үшін қаншама тер төкті ғой, – деп әңгімесін бастады.

Руслан 1972 жылдың 14-ші маусымында Петропавл қаласында туған. Егіздің сыңары. Егізі Равиль жарық дүниеге келгеннен 28 күннен кейін қайтыс болыпты. Ұлты башкир болса да қазақ ауылында өскен, он жылдық мектепті қазақша бітірген Минахмет пен қазақ қызы Сәния Русланнан бөлек  үш қыз өсірді. Өмір бойы Куйбышев зауытында токарь болып жұмыс істеген Минахмет тоқсаныншы жылдардың басында қайтыс болыпты. Балаларының бәрінің құжатында “ұлты” деген жерге “қазақ” деп жазғызғанына қарап оны өзге ұлттың өкілі деу әбестік болар. Ұлының әрбір жетістігіне қуанатын ол Русланның ең үлкен жеңісі – КСРО чемпионы болғанын көріп, жүрегі жарылардай шаттанған екен.

Руслан чемпион болып оралған сәт кеше ғана өткендей  көз алдында. Жан жақтан дос-жарандары, туыс-туғандары жиналып, қарсы алған болатын. Батырды қаумалап құттықтап жатқан көп қыздың арасында сұлулау біреуі болашақ келіні сияқты көрінген. Немере сүйсем деген арман да қылаң берген. Шаңырақтан шаттықтың лебі есіп, бұл әулеттен бақытты отбасы жоқтай еді. Бірақ бұл арман сағымға айналды, қуаныш ұзаққа созылмайды.

– Балам Кубадағы турнирден сырқаттанып оралды. Басы қатты ауырып тұрғанын айтты. Осыдан кейін дерт дендеп, айықпай қойды. Кейін дәрігерлер оған “шизофрения” деген диагноз қойды. Ал бала кезінде көпке дейін тілі шықпай, сөйлеген сөздері түсініксіз болғандықтан оны 15-ші мектепке жіберген еді. Бірақ ақыл-есінде ешбір кемістік болмаған. Мектепті тамамдап, кейін кәсіптік-техникалық училищеде оқыды. Ушинский атындағы пединститутты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, қолына дипломын алып, екі жылдай бапкерлік қызмет атқарғаны бар – дейді Сәния Омарқызы.

Русланның боксерлік талантына тәнті болғандардың бірі – Петропавлдағы бокс мектебі директорының орынбасары Антон Лопатин. Бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ол досының ауруының асқынуының бір себебінің шет-жағасын айтып қалды. 1995 жылдары үйде ерігіп жатқан, аздап қызып алған жас жігіт полицияға хабарласып, бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат береді. Кім телефон шалғанын лезде анықтаған тәртіп сақшылары Русланды іш киіммен ғана үйде жүрген кезде алып кетіп, соққыға жыққан көрінеді. Бұл жайтты боксшының анасы да растап отыр. Бойында күші тасып тұрған жас жігіт, полицияға қарсылық білдіріп, біреуінің сағатын сындырып тастайды. “Ашуға бой алдырған тәртіп сақшылары алдымен жабылып есік алдында ұрды. Кейін қамап қойып сабаған сияқты. Себебі ертеңіне бет-аузы көгеріп оралды” – деп еске алды анасы. Сол оқиғадан кейін басы тіпті жиі ауыратынды шығарыпты. Қазір екінші топтағы мүгедек.

Руслан Садықовты өзіне үлгі тұтатын, оның жетістіктері жайлы жақсы білетін жастардың бірі – Азамат Жақиянов. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанат Жақияновтың егізі, бүгінде бапкерлік қызмет атқаратын оның  жерлесін көрген сайын жүрегі қан жылайды. Чемпионның бүгінгі жағдайына алаңдайтынын жасырмады.

– Руслан сияқты бокшылар өте сирек. Бұлар тума таланттар ғой. Алған асулары туралы балғын боксшыларға айтудан жалықпауымыз қажет. Тағдырдың басқа салған қиындығына төзе алмады екен деп шеттету жөн емес. Облыстың боксшылар қауымы оны ұмытқан жоқпыз, ұмытпаймыз да. 2007 жылы спорт мектеп-интернатында Русланның құрметіне жастар арасында жарыс өткізгенбіз. Өзін шақырып едік, келмеді, – дейді Азамат.

Бұл мақаланы жазу барысында Руслан Садықовтың өзімен жолыға алмадым. Облыстық психоневрологиялық диспансер жабық мекеме болғандықтан дәрігерлер оған кіруге рұқсат бермеді. Бірақ емделіп шыққан соң кездесіп, сұхбат алуға тырысамын. Себебі, Руслан Садықов сияқты ұландарды ұмытуға еш қақымыз жоқ. Жастайынан ел намысын ту етіп ұстап, алдынан шыққан сан түрлі кедергілерді жеңе білген, білектің күші мен жүректің түгінің арқасында алып империяның төріне шыққан батырды жастар үлгі тұтуы керек. Оның үстіне, біздің облыстан шыққан көзі тірі жалғыз КСРО чемпионы. Чемпион қашанда сол биік тұғырда қалуы керек. Батырды ат үстінде жүрген кезде құрметтеп, жерге түсе ұмытып кетсек намысымызға сын емес пе? Айықпас дертке шалдыққан батыр ұл мен кемтар кейуана қолдауға зәру екенін де айта кеткен жөн. Сондықтан кез-келген көмек оларға артық болмас еді.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp