Шайбалы хоккейден облыс әкімінің кубогы сарапқа салынған дода өз мәресіне жетті. Биылғы дәстүрлі турнир ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен ойындар наурыз айында басталған. Жарысқа өңір аудандарынан 7 команда мен Петропавл қаласының құрамасы қатысты. Доданың соңғы турында Қызылжар ауданының өкілдері аққайыңдық командамен кездесті. Жеңімпаз ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда-ақ белгілі болды. Екі шайбамен алға шыққан Аққайың ауданының спортшылары 7:5 есебін матч соңына дейін ұстап тұрды. Бірақ бұл матч турнир кестесіне өзгеріс әкелмеді.
Турнирдің салтанатты жабылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
– Біздің өңірде шайбалы хоккейді дамытуға ерекше ден қойылып отыр. Нәтижесінде әуесқой командалардың саны артты. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған “Құлагер” клубы да ел біріншілігінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Биылғы ойындар жанкүйерсіз өтсе де, хоккейшілер барын салды. Келер жылы да дәстүрлі дода тартысқа толы боларына сенімдімін, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Бір жарым айға созылған додада әуесқой хоккейшілер 18 кездесу өткізген болатын. Барлық ойындар Петропавлдағы Спорт сарайының мұз айдынында өтті. Қызылжар ауданының командасы турнир жеңімпазы атанды. Оларға облыс әкімінің ауыспалы кубогы мен 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Мағжан Жұмабаев ауданының спортшылары екінші болса, петропавлдық “Авангард” командасы үшінші орынға табан тіреді, сәйкесінше оларға 200 және 100 мың теңгенің сертификаттары берілді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.