Өңірдегі кейбір өзен-көлдердегі жағдай тұрақтала бастады. Сергеев суторабының басшысы Бақытжан Амантаевтың айтуынша, 18 сәуір күні су бөгет жотасынан 1 метр 67 сантиметрге дейін көтерілген еді, қазір едәуір түскен – 140 сантиметр маңайында. Яғни, су қоймасынан жоғары аймақтарда су деңгейі түскен. Тек төменіректегі елді мекендерге біраз қауіп төнуі мүмкін.
“Қазгидрометтің” мәлімдеуінше, Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Қамысақты, Шарық, Мұқыр, Шағалалы өзендерінде де су деңгейі төмендеген. Нақты айтсақ, соңғы тәулікте 85 сантимерге түсті. Ал Петропавл су қоймасынан су жіберілуіне байланысты ондағы су 138 сантиметрге, трансшекаралық бекет орналасқан Долматов ауылы маңында жарты метрге көтерілген. Есілдің тасуы Покровка ауылының маңында сәуірдің 20-21-і, Петропавл маңында 27-30-ы аралығында байқалады деген болжам бар. Әзірге Есіл ауданында Тораңғұл көлі ернеуінен асудың алдында тұр, су деңгейі 364 сантиметрге дейін көтерілген. Бір қуантарлығы – Сілеті су қоймасындағы жағдай тұрақталып, су жіберу азайтылды, қазіргі күні ол 96 пайызға ғана толған.
Облыста су деңгейі мен мұздың көшуін бақылайтын 19 гидрологиялық бекет бар, оның 16-сы Есілдің жағасында орналасса, Сергеев пен Петропавл су қоймасы және Тораңғұл көлінде бір-бір бекеттен орналасқан. Олардағы су деңгейін бақылау үздіксіз жүргізіліп, ақпарат жедел жеткізіліп тұрады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.