Еліміз егенмендік алғаннан бері медицина саласына назар ерекше. Табысты жүзеге асырылған жобалардың бірі – облыстық кардиологиялық орталықтың ашылуы. Емдеу мекемесі осыдан 12 жыл бұрын өз жұмысын бастаған болатын.
Осы аралықта орталық дәрігерлері науқастардың жүрегіне ашық әдіспен ота жасауды, коронарлық қан тамырларына стенд, аортокоронарлық шунт қоюды меңгеріп алды. 2008 жылмен салыстырғанда жүрек ауруына ұшырағандар арасында өлім бірнеше есе кеміді. Жүрек-қан тамырлары кеселіне шалдыққан талай науқас өлім аузынан аман қалды. Кейбіреулері кеселін әбден асқындырып, араларында жүрек қалқаншалары бітеліп қалғандар да кардиохирургтердің көмегіне жүгініп жатады. Ауруханаға “Жедел жәрдеммен” жеткізіліп, өз аяғымен үйлеріне оралғандары, отбасымен қуана қауышқандары біз үшін үлкен мерей. 2009 жылдан бері жүрек, аяқ-қол, мойын артерияларына стенд, 2011 жылдан бастап жүрекке электр кардиостимулятор қойыла бастады. Бертін келе қан қысымы түспейтін науқастар үшін бүйрек артерияларына ота жасау қолға алынды. Адамның жүрек қағысы бұзылған кезде электрофизиологиялық зерттеулер жүргізетін озық үлгідегі медициналық жабдықтар сатып алынды. Аритмолог дәрігерлер жүрек кеселіне шалдыққан науқастарды емдеумен шұғылданады. Былтырлары бір сырқатқа 2 камералық электрокар-диостимулятор қойылып, өмірі 12-15 жылға ұзартылды. Алғашқы жылы 20 аортокоронарлық шунт, 5 стенд қойылса, қазір бұл көрсеткіштер әлдеқайда артып, тиісінше, 1800-ге және 650-ге жетті. Мамандар елімізде, шетелдерде тәжірибе жинақтап, білімдерін шыңдап отырады.
Бүгінде күрделі отаның түр-түрі жасалады. Былтырдан бері ми қан тамырларын диагностикалау жолға қойылды. Тұңғыш рет ми артериясының аневризмасы бойынша эндоваскулярлық ота жасалды. Науқас инсульт алған жағдайда ми, қан тамырларында жарық сияқты қосымша “қапшық” пайда болады. Сол “қапшық” жазатайым жарылып кетсе, миға қан құйылу қаупі күшейіп, адам өміріне үлкен қатер төнеді. Платиналық спиральдар салу арқылы “қапшық” қан тамырлары жүйесінен шығарылып тасталады. Осы әдіспен 16 адам ота үстеліне жатқызылып, барлық ота сәтті аяқталды. Өткен жылдан бастап қан тамырлары бекітіліп қалған науқастарға ота жасала бастады. Тромб алынып тасталғаннан кейін науқас бірден оңалып, күнделікті тірлікке тез оралады.
Кардиологияда қолданылатын құрал-жабдықтар космостық технологиялармен тығыз байланысты. Космостық аппараттар жасалатын кобальт, титан сияқты өте берік, төзімді материалдармен күнделікті жұмыс істейміз. Мәселен, науқастың басына платинадан жасалған спираль қойылады, тағысын тағылар. Ми артериялары тарылып қалғанда қан ағымын өзгертетін стенд салынады.
Мақсат ҚҰДРАТУЛЛАЕВ,
облыстық көпбейінді аурухананың кардиология блогының басшысы.
СУРЕТТЕ: Мақсат Құдратуллаев әріптестерімен отаға дайындық үстінде.