Қасиетті Құран Кәрімдегі “Фатиха” сүресінің бірінші аятында “ғәләмин” сөзі кездеседі. Бұл – әлемдер деген мағынаны білдіреді. Демек, адамзат өмір сүретін ортадан бөлек біздің көзімізге көрінбейтін ғайып әлемдер бары хақ. Оларға сену иманның бұлжытпас мүттәқин шарты саналады.
Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз аса қауіпті болған жеті күнәні біздерге тізбектеп берген. Осылардың ішінде адам тағдырын тәлкекке салатын, өмірінің ойранын шығаратын, көзбояушылық-сиқыр бірінші орында. Бұл іспен айналысу шынайы мұсылман пенденің қолынан келе қоймасы анық. Мұндай теріс қадамға иманын әзәзілге сатып, ата дінінен айырылып, төмен деңгейге түскендер ғана барады. Негізінде, бұл адамзатқа сырттан жасалатын қастандық, Алланың ұлы тыйымы. Мұса (ғ.с.) пайғамбар тұсында өркендеп, кейін құлдилаған. Сол себепті, барлық дінде мұнымен айналысқандар аяусыз жазаланған.
Шариғи тілде өз болмысын өзгерту үшін жынға, шайтанға қайырылу сиқыр делінеді. Бүгіннің кей адамдары бұл іске жақсы атау беріп, “Ақ магия” дейді. Аты өзгергенімен, заты – бір. Тіпті, адамды адамға қосу, бір-біріне жақсы көрсету, қарызды қайтару үшін жасалса да бұл харам дүние. Жалпы сиқырмен дуалау, жын ұру, көз тию дегендердің шығатын жері бір, яғни имансыздықтың бастауы. Қызғаныш – оның түртпегі, қаражат – оның ілмегі.
Қазақ “Көз тиеді, көз тимесе сөз тиеді” дейді. Яғни, “Көзі бар” адамдардың да, жындардың да сұқтана қарауы. Оған адамның рухани құлазуы, құлықсыздығы, бедеулігі, түсік тастау жиілігі, жұмысының жүрмеуі, себепсізден себепсіз жылауы, бет-жүздің қараюы не сарғаюы, жалғыздықты сүюі, ешбір нәрседен ләззат алмауы, барлық мәселеде тұрақсыздығы, бір аурудың асқынуы, емі табылмауы, сырқаттың жазылмауы мен тағы басқа белгілерді жатқызуға болады. Осының бәрі адамды толықтай өзгертеді, яғни, жүйкесі сыр береді, рухани құлазиды, жалқауланады, ашушаң келеді, өз-өзінен сөйлейді, орынсыз күледі, дірілдеп қалшылдайды, түбінде өз-өзіне қол жұмсауы да әбден ықтимал.
Адам кейде түнде бастырылып, қорқыныш пен үрейлі түстер көреді. Бұл белгілердің басым көпшілігі әркімде әрқалай сипатта болуы мүмкін. Тек, ең жоғары дәрежеге жеткенде түсі өңіне айналады. Жалпы, бұл рухани кеселден емделудің екі жолы бар. Біріншісі, қасиетті Құранның ұлы дұғаларымен айығу болса, екіншісі сондай сиқыршымен дуаны қайтаруға болады. Тек, екінші жолына шариғат тыйым салады.
Сиқыр мен дұға, көз тию себептерінен кейбір адамдар қайғы-мұңға беріліп, үрейленеді. Тіпті, зират басында, қабір жанында, оның құлыптасында түрлі жайттар орын алуы ықтимал. Бұл анық сиқыр. Ал сапырылысқан балгер, бақсы, көріпкел, жол ашушылар – осы сиқыр, жын әлемінің әскерлері. Олардың қара қойлары мен тауықтары, маңдай мен қабырғаға жаққан қандары – сиқырдың элементтері. Зират-моланың топырағы, тұз бен шекер, ине шаншылған қуыршақтар яғни баршасы – осы апатты күнәнің аспаптары. Осы күпір істермен айналысқандар зардап шегетінін айта келе, оларға қайырылып, көмек сұрау опық жегізетінін еске салғым келеді.
Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам.