Қазақтың қатпарлы тарихында жас ұрпақтың болашағы, ел мен жердің амандығы жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп, телегей теңіздей жұмыстар атқарған бірегей тұлғалар аз болмаған. Солардың бір шоғыры қасиетті Қызылжар өңірінен түлеп ұшқанын ешкім жоққа шығара алмас. Тарихи тұлғалардың өмір соқпақтары да халқымыздың қилы тағдыры сынды сан тарау.
Бар болғаны жиырма тоғыз жыл өмір сүріп, қазақ аспанынан шоқжұлдыздай жарқырап өткен этнограф ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың қамшының сабындай қысқа ғұмырының жұмбақ, өнегелі тұстарымен Айыртау ауданындағы өзінің есімімен аталатын мұражайға барсаңыз жақынырақ танысасыз. Қайсыбір жылы ғалым атындағы мұражайға табаным тигенде сөреден Шоқанның өзі салған ұйғыр әйелдің суретін көзім шалған еді. Мұражайдағы заттардың тарихымен таныстыратын маман бұл суреттің тарихын, әйгілі тұлғаның өміріндегі алатын орны туралы айтып берген. Осы сурет мені біраз ой қазбалауға жетеледі.
Жалпы шоқтығы биік Шоқан туралы тереңірек білгісі келетін кез келген адам жазушы Сәбит Мұқановқа сүйенетіні рас. Өйткені Шоқанды Сәбеңше зерттеген, толғантқан, сүйген жазушы жоқ. Шоқан Қашқарияға барған сапарында Шынаргүл есімді қызға үйленгенін тарихи деректерден, көркем шығармалардан білеміз. Алайда Шынаргүлдің кім екенінен бейхабарлығымыз тағы бар. Сәбит Мұқанов бұл аруды “Шоқанның Қашқарияға сапары кезінде үйленген әйелі” деп жазды. Тіпті, қаламгердің Шоқан мен Шынаргүлдің махаббатын арқау еткен “Қашқар қызы” атты пьесасы да бар. Туындыны оқып отырып, Шоқан мен Шынаргүлдің арасында нәзік сезімнің болғанын аңғаруға болады. Бұл сапарында Шоқан Уәлиханов өзіне тапсырылған барлаушы-тыңшылық міндеттерді де қоса атқарды емес пе? Яғни, Семей қаласынан шығып, Қашқарға жол тартқан керуеншілер қосынында “тыңшы орыс офицері” бірге бара жатқаны жайлы хабар өзінен бұрын жетіп қойған еді. Қашқарға “Әлімбай саудагер” деген лақап атпен аттанған Шоқан үйленуге мәжбүр болады. Себебі ол жақтың салты сондай. Ардақты тұлға үйлену қажет екен деп жан жүрегі қаламаған адамды жар ете салған жоқ. Сәбит Мұқановтың жазуынша, екеуі де бір-бірін қатты ұнатқан. Бірақ жол ауыр болғандықтан, Шоқан елге қайтарында ол қызды өзімен бірге ертіп әкеле алмаған. Бар болғаны 5 ай бірге тұрды. Тіпті, олардан ұрпақ та болмаған. Бұл кезде Шоқан Уәлиханов 22 жаста болатын.
Шоқанның нағашылары Баянауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар болғанынан көпшілік оқырман хабардар. Нағашы жұртына келген Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсарыға ғашық болып, оған үйленеді. Алайда қос ғашықтың махаббат дастаны ұзаққа созылмады. Некелескендеріне көп уақыт өтпей Шоқан 29 жасында бақилық болды. Өмірден өтерінде Шоқан ағайын-туысына Айсарыны жалғыз қалдырмауды аманаттаған. Осылайша Айсары әмеңгерлік салтымен туысы Жақыпға ұзатылады. Кейбір деректерде ол кезде Айсары жүкті болған деген дерек те бар. Кейін Мәлік есімді ұл дүниеге келген. Алайда ол туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Сол кездегі саясаттың ықпалы ма, әлде заман солай мәжбүрледі ме, қазақ зиялыларының көбі орыс қыздарын жар еткені шындық. Алайда олар ұлты өзге зайыптарын қазақтың тілі мен дәстүрін жетік білуге баулып, қазақ ұлтына қызмет етуге тәрбиеледі. Олар бауырларынан тараған ұрпақтарына қазақ болып қалуды, қандай жағдай болмасын ұлтты сүюді үйретті. Халқының азаттығы жолында арпалысты жолда жүрген жұбайларының ақ жағаларының кір шалмауын қадағалады.
Шоқан туралы айтқанда да, біз бұл тақырыпты айналып өте алмаймыз. Асыл тұлға өмірінің бозбалалық кезеңіне шегініс жасап көрейікші. Шоқан сүйген сұлудың бірі Люба болатын. Ғалым 17 жасында Кадет корпусында оқып жүргенде губернатор Густав Гасфордтың әйелі Любаға ғашық болған. Ол жайлы Шоқанның өзі де “оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр еді” деп жазады. Люба бұл кезде ауыр дертке шалдыққан еді. Бірақ ол дерті Шоқанға деген махаббатынан күшті емес еді. Шоқанның осы ғашықтығы жайлы Омбыда “Любина роща” атты пьеса қойылды. Айтпақшы, “Любина роща” деген Шоқанның өз сөзі екен. Достары одан “Қайда болдың?” деп сұрағанда, осы тіркесті айтыпты. Бір қызығы, қазір Омбыдағы осы жер Любинский проспект деп аталады екен. Ал оны қиып өтетін бір көшеге Шоқан Уәлихановтың аты берілген.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.